» » Көзін тапқанға қауын да байлық

Көзін тапқанға қауын да байлық

Жақында ауылға барып қайттым. Әдеттегідей бара сала ауылдың қауын-қарбызынан дәм таттым. Қайдан келгені қайдам, тәтті қауынның дәміне сүйсініп оты­рып бала кезімізде дастарқан мәзірінен түспейтін қауынқұрт, қауынқақ есіме түсті.
Иә, ауылда өскен соң ауыл шаруашылығы өнім­дерінің барлығын жақсы білетінбіз. Әлі есімде, кішкентай кезімізде ізімнен ерген сіңлілеріммен бірге егіс басына баратынбыз. Ол біз үшін өте қызық болатын. Егіс алқабының үлкендігі сонша, бергі басынан арғы басына көзің жетпейтін еді. Әкемнің ала жаздай күтіп-баптайтын бақшасы екі гектардай жерді алатын. Бақшадан торлама қауын, әңгелек, қант қауын, әміре, қырық күндік қарбыз, пайпай қарбыз, картоп, сәбіз, қырыққабат, түрлі көкөніс, жүгері мен күнбағыс, тіпті, қызыл бұрыш пен болгар бұрышын да таба аласыз. Бала кезімізде тек қызықтау үшін барсақ, кейіннен ондағы егілген өнімді шөптерден тазарту, пәлек шығару секілді жұмыстарды жасауға кірісетінбіз. Содан күзгі жиын-терімді бір ыңғайлап, қауыннан жасалатын тағамдарды дайындаймыз. Отбасымызбен масаханамызды алып, егіс басына қос тігіп, екі-үш күн түнейміз. Әкем мен анам қауынқұрт, қауынқақ дайындайды, біз қолғабыс етеміз.
Алдымен әбден піскен қауынды езіп, шамалы қарбыз суынан қосып жай отқа қайнатады. Бір қайнатып, сосын әбден араластырады. Біршама уақыт болғанда қазандағы қауын қоңыр түске еніп, қоюлана бастайды. Дайын болған қайнатпаны ақ матаның бетіне сопақша пішінде жайып, кептіреді. Ал, қауынқақты қайнатудың керегі жоқ. Қанттылығы жоғары, өте тәтті болып піскен қауынның сортынан дайындалады. Қауынды ортасынан бөліп, тұқымын ажыратады. Содан соң қабығынан ажыратып, қалыңдығын 2-4 см етіп тілікке бөледі. Тіліктерді арнайы дайындалған бақанға кептіреді. Қауынның тілігі әбден кеуіп, иілгіш, ашық-сары не болмаса қоңыр түс болған кезде қарбыздың суына жуып, сосын шаш өрім құсатып өріп шығады. Осылайша, бірнеше күннің ішінде қыс бойғы азығымызды дайындап аламыз.
Күз болғаннан қауынқақ тіліп, қауынқұрт қайнату біз үшін дәстүрлі үрдіс болатын. Ол кездерде ауыл болып осы қауыннан жасалатын тағамдарды жарыса дайындайтынбыз. Сөйтіп, әр үйдің дастарқанынан түспейтін сүйікті тағамға айналған еді. Дәмінің өзі бір бөлек. Қазіргі небір жарнамамен шығатын, бағасы ұшып тұрған шоколадтардан әлдеқайда артық. Табиғи, таза өнім. Дәмі тіл үйіреді. Әсіресе, ас шайнамға тісі қалмаған жасы келген кісілерге таптырмас тәтті болатын. Самаурынның басында, ата-әженің қасында қауынқұрт, қауынқақпен, одан қалды әжеміздің сырлы сандығына тыққан қатты кәмпиттерімен қоюлап шай ішу ауыл балалары үшін керемет сәт еді.
Түгелдей егін шаруашылығына бетбұрған жаңа­дариялықтар бұрыннан еңбекқор халық. Гектарлап егін егіп, одан шыққан өнімінің жартысын саудалап, қалғанын азық қылады. Бірлігі бекем елді мекеннің берекелі тірлігі көпке үлгі боларлықтай. Бірнеше жылдың көлемінде аядай ғана Жаңадария ауылындағы «Магро» фермерлік қожалығының қауыны Ресей нарығына жол тартты. Ауылдағы «Магро» фермерлік қожалығының логотипі көрсетілген қорапшадағы дәмі тіл үйірер қауындар Мәскеудегі ірі сауда орындарының сөрелерінде сатылды. Мырзашөл тұқымдасына жататын Жиенбай қауыны ешқандай химиялық қоспасыз күтіп бапталған. Ауылдың теріскейіндегі Атжайған алқабын осыған дейін тек мал жайылым ретінде пайдаланғандықтан шөбі шүйгін, жері құнарлы. Сондықтан табиғи таза өнімге Ресей нарығында сұраныс жоғары болған. Аталған қожалық биыл да мол өнім өндіріп, шетелге экспорттау жұмыстарын бастаған. Шалғайдағы ауылда осындай тындырымды тірліктің болуы аймағымыз үшін үлкен мақтаныш.
Қарап отырсақ, қауыннан да көптеген азық жасауға болады. Қауынның қағы мен құртын жеген адам оның дәмін ешқашан ұмытпайды. Осы ретте «неге қауын өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашпаймыз?» деген сауал туындайды. Көршілес Өзбекстандағы диқандар осындай өнімдерді қыстай сатып, қаражат етеді. Сонда бұл біздің қолымыздан келмей ме? Оның үстіне қазір технологияның дамыған заманы. Қауын өнімдерін өндіретін арнайы құрылғылар бар. Бұрынғыдай қауынды қолмен тіліп, алақанмен есу деген өткеннің еншісінде қалған. Қазіргі таңда біздің өнімдеріміз «Қазақстанда жасалған» деген белгімен әлемнің түкпір-түкпірін аралау­да. Осындай белгімен Жалағаштың өнімдері шетелдерге шығарылса болмай ма? Міне, ағайындар, мәселенің мәнісі осында жатыр.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

09 қазан 2018 ж. 1 501 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930