» » Оразбектің күзгі олжасы

Оразбектің күзгі олжасы

Адамды адам еткен –еңбек. Қоғам дамуының да, адамзаттың өркендеуінің де өзегі – өнімді еңбек. Кісінің өнегелі өмір жолы да осы маңдай тер, адал еңбекпен өрілетініне дау жоқ. Тек еселі еңбектің ғана тәтті жемісін көруге болады. Егін егуді кәсіп қылғандар сонау ерте көктемде жер қойнына тастаған дәндері жеміс беріп, күзгі жиын-терімге кірісті. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дегенді алдына мақсат тұтқан жаңадариялықтар түгелдей егін шаруашылығына бет бұрды. Өйткені, дайын өнімді жинау диқанға дамыл бермейді.
Ел ағасы Оразбек Желдербаев та еңбектің зейнетін көріп отырған азаматтың бірі. 1964 жылы Есет батыр ауылында дүниеге келген ол кейіннен Жаңадарияға тұрақтап, осындағы №203 орта мектепте білім алған. Мектеп бітірісімен екі жыл Кеңес әскерінің қатарында Отан алдындағы борышын өтеген. Әскерден соң Жаңадария ауылында механизатор болып еңбек жолын бастайды.
Адал еңбектің берекелі өнімін көрген Оразбек Шоқанұлы қара жерден өнім шығарған ең әуелі Алланың ісі, содан соң маңдай тердің жемісі екенін айтады.
– Қыс ызғары кетіп, қыр астынан қызғалдақ пен бәйшешек қылтиып көрінгеннен бастап жерге дән тастаймыз. Ала жаздай ауылдан біршама шақырым жердегі егіншілік жерге қатынап, қауын-қарбыздың, картоп-сәбіздің, тағы сол секілді өнімдердің пәлегін кеңінен жайып, мол түйнек салуы үшін әлсін-әлсін суарамыз. Күзге салым пісуге жақындаған бақша өнімдеріне сырттан келетін қауіп көбейе түседі. Жайылымда жүрген ірі қараны айтпағанда, түз тағылары шағал, борсық, түлкі секілді аңдар мен құстар дайын асты азық етуге құмар. Қолдап еккен әрбір дәнімізді ит-құсқа жем қылмаудың қамын ойлап, жаз мезгілінде кезек-кезек егін басына түнейтін кездер де болады. Қанша жылдан бері егін егумен айналысып келемін. Шүкір, Жер-Ананың арқасында берекеміз артып отыр. Егіннің бітік шығуы біз үшін үлкен қуаныш, – дейді ол.
Сырттағы егіннен бөлек есік алдына да алма ағашы, қара өрік, сары өрік, шие, жүзім секілді жеміс ағаштарын отырғызып, күтімін жасайды. Қысқасы, ел ағасы егін шаруашылығын дөңгелетіп әкеткен. Оның бақшасынан, егіс даласынан кез келген өнімді таба аласыз. Көз жауын алатын қауын-қарбыз бен дәмді жеміс-жидек те осында.
Бір гектардан асып жығылатын егіс алқабындағы қызу жұмысты көріп оңай жерде нан жоқ екенін тағы бір түсіндік. Оразбек аға қасындағы серіктерімен күзгі жауын-шашын болмай тұрып, жиын-терім науқанын толық аяқтауға бар күшін салуда. Иә, ынтымақты тірліктің берекелі жемісі болары анық.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ.
22 қыркүйек 2018 ж. 958 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930