Дамуға бастайтын даңғыл
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған идеологиялық актив жиыны өтті.
Актив отырысына мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ардагерлер, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Шарада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев хабарлама жасап, Жолдауда көтерілген негізгі міндеттерге тоқталды.
– Еліміздің саяси және рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы. Елбасы Қазақстанның әлемнің экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттерінің қатарынан орын алуы үшін жүйелі істерді атқарып келеді. Жаһандық геосаяси кеңістіктегі еліміздің беделін арттыруда Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында көрсетілген межелердің алатын орны ерекше екендігін уақыт көрсетіп отыр, – деді аудан басшысы.
Елбасы Жолдауы 2050 жылға дейінгі стратегияның, Ұлт жоспарының, елдің үшінші жаңғыруының жалғасындай жүйелі де нақты құжат. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатының басты факторы ретінде жалақыны өсіруге баса назар аударды. Ол үшін 1,3 млн адамның еңбекақысының ең төменгі мөлшерін 1,5 есеге дейін, яғни, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Елбасы тапсырғанындай бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, ол орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Сондықтан, өңір басшысы аудан әкімінің орынбасары Р.Ержановқа, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Э.Құттымбетоваға, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімімен бірлесіп, 2019 жылғы республикалық және жергілікті бюджеттерден әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына жолданған азаматтардың еңбекақысының есебіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім ұсынуды тапсырды.
Елбасы төменгі жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бастамаларды ірі компаниялар қолдайтынына сенім білдірді. Бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіліп жатса, бұл елдің, халықтың мүддесі болып табылады. Осыған орай, қазіргі экономиканың күретамыры болып саналатын шағын және орта бизнеске қолдау көрсете отырып, табысты болған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту керектігін атап көрсетті. Бұл 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Дегенмен, оларды әрі қарай жетілдіріп, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау күн тәртібінен түспеу керек. Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Р.Ержанов пен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж.Еспенбетке ауданда «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарды күшейту және жеңімпаз атанған грант иегерлеріне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп мониторинг жүргізу жүктелді. Сондай-ақ, кент және ауылдық округ әкімдері «2018-2020 жылдарға арналған жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» аясында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп, тұрғындар арасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын күшейтіп, қаржыландырудың тиімді жолдарын қарастыруға міндеттелді.
Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән берілген. Республика Президенті таяудағы 3 жылда жылына 100 млрд теңгеден кем емес қаражат бөліп, оны жаппай заманауи агротехнология әкеліп енгізуге жұмсау қажеттігін назарға салды. Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мақсатында аудан әкімінің орынбасары А.Дәрібаев пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Қалниязовқа облыстық тиісті мекемелермен бірлесе отырып, ауданда құрылған кооперативтердің жұмысын жандандыру тапсырылды.
Қазақстан Президенті Жолдауда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін көтеруді, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдерді өзгертуді, алдағы жылы педагог мәртебесі туралы заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына талаптардың күшейтілетінін атап көрсетті. Осы ретте, аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмахановқа, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құрманбаеваға мұғалімдер мәртебесін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын қабылдау туралы тапсырма берілді.
Саяси құжатта емхана қызметкерлерін ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап науқастарды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген аймақтық медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейту мәселесі көтерілді. Келер жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуі тиіс. Бұл Елбасы атап көрсеткендей, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов пен аудандық амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық ауруханасының бас дәрігері Ә.Бекбергеноваға кент және ауылдық округтердегі емханалар мен ауруханаларда медициналық құжаттарды 2019 жылдың аяғына дейін толық цифрлық жүйеге көшуін қамтамасыз ету керектігі айтылды.
Елбасы өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет екендігін баса айтты. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырғанын айта кеткен жөн. Тапсырма аясында аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов пен дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Жамалатовқа «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалымен бірлесіп, «Партиялық бақылау» аясында алдағы уақытта Аққұм тіректі елді мекенінде салынатын спорт кешені ғимараты құрылысының сапалы жүргізілуін ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ, кент пен барлық ауылдық округтерде спорттық нысандар мен мектеп спорт залдарының тұрғындар үшін тегін әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етілуі назарға салынды.
Жолдауда айтылған осы және басқа да міндеттерге тоқталған аудан әкімі онда көрсетілген әр тапсырманың өңірде орындалуы бойынша орынбасарлары мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Жиында аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары А.Маханбетова, №122 орта мектеп директоры С.Оспанова, «Дархан» ЖШС төрайымы С.Баймағанбетова, «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н.Амандық хабарлама жасады. Олар мұғалімдердің мәртебесі, денсаулық және кәсіпкерлік саласы мен жастар мәселесін тиек етіп, Елбасы Жолдауын қолдайтындықтарын білдірді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.