» » ҚОС ТҰЛҒАНЫ БӨЛЕ ЖАРУҒА БОЛМАЙДЫ

ҚОС ТҰЛҒАНЫ БӨЛЕ ЖАРУҒА БОЛМАЙДЫ



«Ілияс Қабылов пен Темірбек Жүргеновті бір-бірінен бөле жаруға болмайды. Ел үшін еңбек еткен тағдырлас қос тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығы тұтастай зерттеуді талап ететін дүние. Сондықтан, бұл қайраткерлерге кейінгі ұрпақтың берер бағасы биік».

Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловтың 115 жылдығына орай ұйым­дастырылған «Рухани жаңғыру және Ілияс Қабыловтың мұрасы» атты ғы­лыми-тәжірибелік конференцияға қа­тысу­шылардың ортақ пікірі осы болды. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов модераторлық жасаған жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директоры Бағдат Кәрібозұлы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру­ инс­титутының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, фольклоршы-ғалым, жазушы-зерттеуші Тынышбек­ Дайрабай, Қазақстан Халықаралық Ақпа­раттандыру Академиясының академигі, публицист-жазушы Құлтас Достанов сияқ­ты ғалымдар мен тарихшылар баяндама жасап, қайраткердің бірқатар саланың ілгерілеуі жолында атқарған еңбегін жоғары бағалады. Алдымен, модератор Наурызбай Байқадамов бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталып, танымал тұлға Ілияс Қабыловтың әдебиет, тіл, мәдениет салаларының серпін алуына қосқан үлесін тілге тиек етті.
– Сыр топырағынан нәр алып, мемлекетімізді гүлдендіруге үлес қосқан екі адам болса, соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, философ, аудармашы, публицист Ілияс Қабылов болатын. Ол – мәдениет, халық ағарту, идеология, әдебиет, тіл баспасөз салаларында айтарлықтай еңбек етіп, қазақ тілінің дамуын, орфографиясын, әдебиеттегі реализм мен түрлі ұлттық мазмұнын ұштастыра жүргізілуіне мән берген қайраткер. Философтар қазірден бастап «Қабыловтану» жаңа ғылыми зерттеу бағыты ашылып, қазақ философия тарихы бойынша жаңа зерттеулер енді бас­талады деп тұжырым жасаған еді. Бүгінгі конференцияның да маңыздылығы осында. Зерттеуші ғалымдар І.Қабылов еңбектерінің өз деңгейінде зерт­телмегенін, баспасөз, мәдениет сала­сының ілгерілеуі жолында еткен еңбегі мен техникалық білімді қазақ тілінде игеру үшін қосқан қомақты үлесі әлі де толық айтылмай жатқанын алға тартады. Бірақ, қалай айтсақ та, небәрі 34 жыл өмір сүріп, қазақ елінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан І.Қабыловтың еткен еңбегі жоғары, – деді Н.Байқадамов.
Мұнан кейін сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы қайраткердің шығармашылық саланың шарықтауына қосқан үлесін, сол жолда жарық көрген еңбектерін кеңінен тарқатты. Сондай-ақ, танымал тұлға жайында жарық көрген еңбекті талдап, оң бағасын берді.
Б.Кәрібозұлы өз сөзінде қайраткердің кәсіби әдебиетші болмаса да бұл салада үлкен іс тындырғанын атап өткен ол ғалымдар мен әдебиетшілердің алдындағы басты міндет – кейінгі ұрпаққа ашық әрі анық тарихты сол қалпында жеткізу екенін алға тартты.

– Ілияс Қабыловтың Абай Құнанбаев жайында жазған 3-4 мақаласы бар. Оны өзім де оқып шықтым. Ол бір сөзінде Абайға қазақтың жазба кәсіби әдебиетінің негізін салушы деп баға береді. Бұл сол дәуірде өте құнды пікір болатын. Ұлы ақынды түрлі пікірде талдап жатқанда саясаткер әрі қоғамтанушы ретінде қайраткердің бұл тұжырымы лайықты баға болатын. І.Қабылов айтқандай, Абай өз өлеңдері арқылы бізге алғаш нәзік лириканы, толғау мен элегияны әкелді. Жалпы, ол кісінің ұлы ақын жайында жасаған әрбір тұжырымы шынайы болатын. Мұнан бөлек, Абайға қазақ әдеби тілінің негізін салушы деп оң баға берді. Әдеби тілдің негізін салу оңай шаруа емес. Расында, қазіргі біздің басылымдар мен көркем шығармалардан оқып жатқан тіліміздің негізін Абай салған. Бұл жайында кейін айтқан ғалымдар болды. Бірақ, ең алғаш тұшымды тұжырым жасаған Ілияс Қабылов болатын, – деді Б.Кәрібозұлы.
Конференцияда философия ғылымда­рының докторы, профессор Баймырза Қожамберліұлы қайраткердің фило­софиялық тұжырымдарына кеңінен тоқ­тал­ды. Ал, Қазақстан Жазушылар Ода­ғының мүшесі, фольклоршы-ғалым Тынышбек Дайрабай осыған дейін қайраткерді ұлықтау мақсатында үлкен көлемде шара өтпегенін тілге тиек етіп, бүгінгі басқосуды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жиында Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, публицист-жазушы Құлтас Достанов Ілияс Қабылов жайында жарық көрген кітап төңірегінде айтып өтті. Сондай-ақ, ол бұл еңбекке қажетті деректерге қол жеткізу жайы да қиынға соққанын жасырмады.
– Бұл кітапқа қажетті мәліметтерді табу бізге оңайға соққан жоқ. Қазір әлеуметтік желіден қайраткер жайында мәлімет іздесең табу оңай. Ал, біз бұл кітапқа қажетті деректер іздегенімізде ол кісі жайлы мәлімет сол жылдары әлеуметтік желіде мүлдем жоқ болатын. Құнды еңбектің жарыққа шығуына Садық Мұстафаев көп еңбек сіңірсе, осы орайда Бағдат Кәрібозұлы ағамыздың да қосқан мол үлесі бар. Жаңа бірқатар ғалым осыдан кейін «Қабыловтану» ғылымының қалыптасатынын айтып жатыр. Біз мұндай пікірдің ғалымдар мен әдебиетшілер тарапынан айтылып жатқанына қуаныштымыз, – деді Қ.Достанов.
Конференцияда мұнан бөлек, тарих ғылымдарының кандидаты, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уалихан Ибраев пен Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі Бейбітбек Бүркітбаев баяндама жасап, өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған қайраткердің өнегелі еңбек жолы мен саналы ғұмыры жайында әңгіме өрбітті.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ.

20 қазан 2018 ж. 1 082 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 779

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031