ШЕБЕРЛЕР ҚАЛАСЫ талай жанды таң-тамаша қылды

Көрменің мақсаты – оқушыларды жарысқа қатыстыра отырып, өз шығармашылық қабілеттерін дамытуға, тың идеяларын көрсетуге және сәндік-қолданбалы шығармашылық саласында өзара тәжірибе алмасуына ықпал ету. Оған аудандық оқушылар үйінің қолөнер шеберлері Ж.Бекмолдаев, Д.Тлеумбетова, технология пәні бойынша әдіскер Т.Жанай, аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Қопаева қазылық етті. Қатысушылар жарамсыз және табиғи материалдардан жасалған, тұрмысқа арналған креативті бұйымдар, ұлттық колориті бар интерьердің ерекше дизайн-жобасы: үйдің, бөлменің, саяжайдың, ландшафтың және тағы басқа бұйымдар, матадан жасалған (құрақ техникасы, жұмсақ ойыншық) секілді бұйымдар және өңірдің көркемдік және халықтық қолөнерін қамтитын алты бағыт бойынша шығармашылық, сәндік-қолданбалы жұмыстарын ұсынды. Сарапшылар бағалау кезінде тақырыпқа сәйкестігіне, көркемдік талғамы мен ерекшелігіне, композициясына, түстік үйлесіміне, жұмыстың эстетикалық түрі мен безендірілуіне, орындау сапасы мен ұқыптылығына, бұйымның күрделілігіне және тазалығына мән берді.
Қатысушы он сегіз мектеп оқушыларының арасынан алты үміткер іріктеліп, облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың қатарында №32, №123, №31, №246 білім ордаларының шәкірттері бар.
Облыстық кезеңге жолдама алып, онда үздік сәндік-қолданбалы, шығармашылық бұйымдарымен көзге түскен оқушыларға арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырылатын болады. Ал, қалған қатысушыларға сертификат, көрме жеңімпаздарын дайындаған педагогтарға алғыс хат беріледі.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).