» » ҚАУІПТІ ҚЫЗМЕТТІ КӘСІП ЕТКЕНДеР

ҚАУІПТІ ҚЫЗМЕТТІ КӘСІП ЕТКЕНДеР

Қай мамандықтың болсын өз ауыртпалығы бар. Солардың ішіндегі аса жауаптысы­ – электрик. Бұл мамандық иесі ылғи да жоғарғы, төменгі кернеулі тоқ жүйесімен жұмыс істегендіктен міндетті түрде техника қауіпсіздігіне жіті көңіл бөледі. Себебі, электр тоғының қауіпін бағамдау өте қиын. Аудандық электр торабы мекемесінің кәсіби мамандары да осылай дейді.

Сейсенбі күнгі жұмысымызды Электр торабы мекемесінен бастадық. Халықты жарықпен қамтамасыз етіп отырған ұжымның ортасында болып, жоғарыда айтылған мамандықтың қыр-сырына қанықтық.
Кезекші диспетчердің жұмыс телефонына шұғыл қоңырау соғылды. Арнайы жұмыс киімді киіп, электрик жігіттермен бірге сырттағы подстанция маңына келдік. Қауіпсіздікті еске­ріп, үстімізге жейде, басымызға каска киіп, мекеме маман­дармен бірге біз де іске кірістік. Каскасыз жұмыс жасауға рұқсат жоқ. Себебі, тех­ни­калық қауіпсіздікті бірінші кезекте ескеру керек. Жоғарғы тоқ желісінің дауысы алыстан естіліп тұр. Жақындап баруға жүрексіндік. Дегенмен, арнайы категориясы бар кәсіби мамандарға бұл жұмыс таңсық емес. Әп-сәтте подстанцияға кіріп, шимай-шимай сымдардың арасынан желідегі ақауды анықтады. Тоқ қуатын бағамдап, подстанцияны іске қосқаннан соң тіршілікке қайта жан біткендей айналаның бәрі жарқырап сала берді.
Ғылым мен техника дамыған қазіргі жаһандану заманында кез-келген жұмыстың түрлері электр қуатының күшімен атқарылатыны белгілі. Бір сәт жарық жалт етіп өше қалса, тұрғындар дереу осы мекемеге қоңырау соғады. Мамандардың сөзінше, жарықтың өшуі көбіне ауа райының қолайсыздығынан болады екен. Нөсерлеп жаңбыр жауған кезде де мамандар өшкен жарықты қайта жағу қамына кірісіп, ақау болған жерге аттанады. Мұндай кезде жоғарғы вольт­пен жұмыс жасайтын электриктер табанымен су кешіп, ылғал подстанцияға кіруге мәжбүр. Осылайша, олар өз өмірлерін қауіпке тігіп, халыққа жарық сыйлауды басты мақсат етеді.
Жалағаш аудандық электр желілері меке­месінің 50 жылдық тарихы бар. Осы уақыт ара­лығында жарық желілері кезең-кезеңімен жаңарып, электр қуаты еселей түсті. Біз барған уақытта да мамандар су жаңа бағаналарды елді­мекенге жөнелтіп, тозығы жеткен желіні жаңалау қамына кірісіп кетіпті. Ең қызығы мұндағы тех­никалардың өзі тоқ қуатынан ақау байқалса оны бірнеше метр жерден сезеді екен. Мекеме еншісіндегі жол талғамайтын "Урал" маркалы жүк көтеретін техника толық автоматтандырылған. Егер, электр желісі маңында тоқтан қауіп байқалса, автокран өз жұмысын тоқтатады. Бұл да мекеме қызметкерлерінің техника қауіпсіздігін сақтауға жіті мән бергенінің бір көрінісі болса керек.
Мекемеде аға буын кәсіби электриктердің артынан ерген жас мамандар да баршылық. Осы кәсіпті игерген жастардың бірі – Баубек Серіков. Ол аудандық электр тарату бөлімшесінің электромонтеры.
Мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды көздеген Баубек осы мекемеде 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өзіне жүктелген жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын жас маманға әріп­тестері зор сенім артып отыр.
– Бөлімде 67 адам еңбек етеді. Бұл, өте ­жауап­ты да, қауіпті қызмет. Сондықтан жұмысқа қабылданбас бұрын жас мамандар үш ай сынақ мерзімінен өтеді. Осы уақыт аралығында өздерін көрсете алғандар ғана қызметке қабылданады. Аса жауапкершілікті қажет ететін бұл мамандық күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені, электр энергиясы саласындағы өзгерістер күн санап қарқын алуда, – дейді мекеме басшысы ­Жанболат­ Тәттібаев.
Аудан халқына электр қуатын жеткізіп беру, электр желілерін жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын мекемедегі әрбір қызметкердің өз жауапкершілігіндегі міндет бар. Жарықтың үзіліссіз жануына жауапты ­электриктер диспетчерлік пункттен шақыру түссе, жаздың аптап ыстығы мен қыстың суық аязына қарамастан ақау шыққан подстанцияны жөндеуге кіріседі. Толассыз еңбек пен қажыр-қайраттың иелері күн сайын электр желілерін бақылап, қалыпты жұмыс жасауын қадағалайды. Сырттай қарағанға оңай, әрине. Алайда, қуаты жоғары тоқпен жұмыс жасағанда электриктерді мүлдем басқа қырынан таныдық. Қысқасы, олар – тоқ қуатын ырығына бағындырған өз ісінің шебері, қауіпті қызметті игерген кәсіби мамандар.
                                                                                                                                             Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
27 қазан 2018 ж. 708 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031