» » КӨРШІ ХАҚЫСЫ – ТӘҢІР АҚЫСЫ

КӨРШІ ХАҚЫСЫ – ТӘҢІР АҚЫСЫ

Қазақ қай кезде де көрші хақысын тәңір ақысы деп түйсінген халық. Сондықтан болар, қашанда көршінің қолын қайтарғанды әбес көретініміз. Ауласы бірдің ауасы бір деп білген бабамыз көршіге жақсылық жасауды, қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісуді жөн санады. Ата-анамыз да қарапайым тұрмыс жағдайында олармен қандай қарым-қатынаста болу қажеттігін ұғындырып отырады.
Бала кезімізде анамыз үйде өзгеше тамақ істесе, көршімізге ауыз тисін деген мақсатта бөлек ыдысқа салып, бізді жүгіртіп жіберетін. Осыдан-ақ олардың «Көрші хақысы – тәңір ақысы» деген қағиданы қатаң ұстанғанын айқын аңғаруға болады. Қазақтың «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деген үлкен бағаны іргелес үйдегі отбасына беруінің өзінде терең мағына бар.
Бірде ауыл балалары алаңқайда ойнап жүрген едік. Кенеттен көрші үйдегі баламен сөзге келіп, оны жылатып қойдым. Түстен кейін анасы үйге келіп, апамызға ренішін білдіріп жатыр екен. Сонда апам, «Күләй-ау, буыны әлі дұрыс бекімеген балаларда ақыл бар деймісің, олар қазір сөзге келсе, ертең бірге ойнап жүреді. Кішкентайлардың әр киліккеніне араласа берсек, көршілігіміз қайсы» деп жылы сөзбен кері қайтарғаны әлі есімде. Апамның айтқаны дәл келді. Ертесіне емес, тіпті түстен кейін әлгі алаңқайда екі бетсіз шат-шадыман күйде жүр. Мұнан кейін қос отбасы тек бір-бірінің қуанышын бөліспесе, сөзге келген емес. Бұл біздің жадымызда қалды. Енді көршімізбен тату-тәтті болып, мұны келер ұрпақ бойында жаңғырту – біздің міндет.
Жалпы, көршімен жақсы қарым-қатынаста болу қажеттігін дініміз де қуаттайды. Ислам жолындағы бір ғұла­маның еврей көршісі күнде оның ауласына қалдық төгуді әдетке айналдырады. Оны әлгі кісі білсе де, білмеген кейіп танытып, жүре береді. Бір күні ғұлама үйінен шықса, көршісінің тағы да есігінің алдына қоқыс тастап жатқанын көзі шалады. Сонда ақталып баққан ол «байқамай қалдым» деп қысылған кейіп танытты. Ғұлама «Сенің есігімнің алдына қоқыс тастап жүргеніңді күнде көріп жүрмін. Бірақ, мен оны өзім тазалап оты­­рамын. Сенімен сөзге келіп, көңіліңді қал­дырып қоям ба деп жүрген едім. Мен көршімнің көңілін қалдырсам, Аллаға және қияметке иман келтірген болып саналмаймын ғой» деп өз ойын айтқанда әлгі кісі де бұл сөзді байсалдылықпен қабылдап, өз қатесін түсінген екен.
Жалпы, көрші хақысы болатынын біз исламнан білеміз. Ал, көршің туысқан болса, онда оның екі хақысы бар дейді. Көршілік және туысқандық. Сондай-ақ, көршің туысқан әрі мұсылман болса, онда үш хақысы болады. Яғни, көршілік, туысқандық және мұсылмандық. Біз осыдан-ақ, ата дінімзден көршіңе деген құрметтің жоғары болу керектігін аңғарамыз.
Ата-анамыз қан­дай жағдайда болсын, көршімен жақсы қарым-қатынаста болу қажеттігін санамызға сіңіріп өсірді. Ал, оның жемісін көруіне біз жауаптымыз. Сондай-ақ, көршімен арадағы байланысты нығайтып, келер ұрпаққа да осы тәлімді бере алуымыз керек. Қазір жас отбасылардың көбісі үй болуды бас қосып, шаңырақ көтеру деп ұғынуы мүмкін. Олар көбіне ұрпақ жадында жаңғыруы тиіс жайттарға бей-жай қарамауы шарт. Себебі, әлгіндей сабақтастықтың орта жолда үзілмесіне кім кепіл? Бұрын үйімізде той болса, көрші үйлерге қонақ бөлу деген болатын. Яғни, басқа да меймандарды көрші үйлерге кіргізеді. Бұл дәстүр ауылдық елді мекендерде әлі де бар. Сонда әлгі үйлерге табақ тасып, кіріп-шығып жүргенде үй иесінің қонақтың бабын табу жолында аянбай жатқанын аңғарамыз. Мұның бәрі біркүндік жағдай сияқты. Ал, үңілсең, астарында «Сенің қонағың – менің қонағым» деген үлкен мағына жатыр. Міне, біз осыны көріп өстік. Шама-шарқымызша ата дәстүрді жалғап, кейінгі буынға да осы аманатты жүктейміз.

К.БОЛАТ.
10 қараша 2018 ж. 1 091 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930