КҮРЕҢБАЙЛАРЫ ЖОҚ ЗАМАН немесе ит баққан қазақтар
Бүгінде халық тығыз орналасқан үлкен шаһарларда тіршілік те басқаша, адамдардың бірі-бірімен қарым-қатынасы да қызық. Қалалық жерлерде «көрші», «көрші ақысы» деген ұғымдар ұмытылған. Шығар есігі қарама-қарсы болса да, құдайы көршілер бірі-бірін танымайды. Танымаған соң амандаспайды. Қол алысып, құшақтарын айқара ашып төс түйістірмесе де Құдайдың разылығы үшін ерін жыбырлатып болса да амандық сұрасудың ишарасын жасамайды. Оны айтасыз, есік алдында кездесе қалса, екі көрші бірі-біріне салқындау көзқараспен күдіктене қарайды. Ал, бұдан кейін олардың қарым-қатынасы жайында сөз етудің тіпті жөні жоқ. Үлкен қалалардағы жанбағудың жанталасы қазақ баласын бірі-біріне әбден жат бауыр қылып жіберген. Әйтпесе, сол пақырлардың барлығы да әу баста ауылдан шықты, ауылда туып-өспегеннің өзінде олардың қаны – қазақ, есігіне құлып салмайтын ақпейіл халықтың ұрпағы емес пе еді?! Сонда расымен қанымыздағы жақсы қасиеттердің жоғала бастағаны ма?.. Жә, айтпағымыз бұл емес. Алайда, осыдан алшақ та емес, сол қанымыздағы қазақы қалыптың бұзылуы хақында. Қазақ жаратылысынан иен даланы емін-еркін жайлаған сауыққой халық. Оның дәлелі: жүрген жерлерін думанға бөлеп, аққудың қанатынан ән оздырған кешегі өткен сал-серілер, ит жүгіртіп, құс салған аңшылар мен саятшылар және жүйрік жаратқан атсейістер. Бұрын бәйгеге баптағанда ұлы дүбірге құлағын тосып, тыпыршып тұратын тұлпарлар әр қазақтың қорасында тұратын болыпты. Жылқы жануары осыдан жеті мың жыл бұрын ежелгі қазақ даласында қолға үйретілгені жайында ғылыми дәлел де бар. Демек, жарауы келіп, бәйгеге қосылғанда күн астынан қылаң беретін күлте жалды, қыл құйрықты арғымақтар ең алғаш біздің ата-бабамыздың тақымына тиген. Еуропалықтардың «Қазақ – жылқы мінездес халық» деген сипаттамасы бізге осыған орай берілсе керек.
Тәуелсіздіктен соң елімізде ұлттық ат спортын дамыту қолға алынып, арнайы федерация құрылды. Бірақ, ол да белгілі бір ережелерге бағынып, шектеулі шеңберде жұмыс жасайды. Сол себепті жер апшысын қуырған жүйріктер қолтығы сөгілгенше көсіле алмайды, делебесі қозып қиқулаған көпшілік те құмардан шықпайды. Қазір ел арасында кешегі сыншылар мен атсейістер жоқ. Ішінара бар дегенімізбен, олардың өзін бүгінде қарттық жеңіп, қайраты қайтты. Өкініштісі, жылқы жануарымен тілдесетін сол ақырғы қазақтарды айналсоқтап жүрген атқұмар жастар тағы жоқ. Есесіне, қазірде ата-бабамыздың салтында жоқ үрдіс – «Ит төбелесіне" (собачий бой) ит қосып, бәс тігетіндердің қатары көбейіп келеді. Қала тұрғындарының көбі төбет төбелестіріп, пайда табуға көшті. Соны кәдуілгі кәсіпке айналдырды. Үлкен қалаларда ауласына арнайы итқора соғып, 20-30-ға дейін төбелескіш төбет ұстайтын қалталы байлардың да қарасы қалыңдады. Бірі-бірін қанжоса етіп аяусыз талап, азу тістері тиген терілері жалбырап жыртылған алабайлардың айқасын көргенде жаның түршігеді. Ал, әлгі иттерін айтақтап елірген топ тор темірдің ішіндегі төртаяқтылардың төбелесінен кәдімгідей ләззат алады. Ләззат алып қана қоймайды, жеңген иттің иесі қыруар қаржыға кенеледі. Оны айтасыз, қазір елімізде ит төбелесі спортының арнайы федерациясы құрылып, заңдастырлып, ережесі бекітіліпті.
Ата-бабаларымыз да бағзыдан ит асырап, оны жеті қазынаның біріне санап, қастер тұтты. Бірнеше тұқымын да қолға үйретті. Алайда, оларды бірі-біріне айтақтап төбелестіріп қорлаған жоқ еді. Қорасын қорып, малын күзету үшін асырады, аңшылық үшін пайдаланды. Ауыл ішіндегі екі төбет сүйекке таласып, төбелесе қалса, иелері оларға араша түсіп, ажыратты. Өздері тұрмақ, иттерінің де бірі-біріне өшігіп, тіс батырып жауласқанын жөн көрмеді. Оның бергі жағында асыл дініміз де жануарларды бірі-бірімен төбелестіру тұрмақ, айтақтаудың өзі күнә болатынын айтады...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматының «Шаңырақ» шағын ауданындағы бір ауқатты кісінің пәтерін жалдап тұрдық. Үш қабатты зәулім сарайының жанына ұзыннан-шұбақ көппәтерлік үй салып тастаған. Барлығын жалға береді. Бұл соңғы жылдары Тасқаланың қалталы тұрғындарының басты кәсібіне айналған. Араны биік тас дуал ғана бөліп тұрғаны болмаса, қожайынның ауласындағы күнделікті тіршіліктен хабардар болып отырасың. Күндіз-түні жағы тынбай үрген иттердің дауысынан құлақ тұнады және бір емес, бірнеше ит қосыла арсылдағанда тау шатқалы жаңғырып жатады. Ара-тұра пәтер ақысын төлеу үшін ауласына кіргенде ұзыннан салынған тор қорада шынжырын шайнап аласұрған тайыншадай төбеттерді көріп зәрең зәр түбіне кетеді. Олардың бабы да бөлек. Әрқайсысының өз күтушісі бар көрінеді. Үлкендігіне қарай құны да осал емес. Ал, оларға күнделікті берілетін тамақты есептеп шығарғанда жаныңды жалдап жүріп бір айда әзер тапқан жамбаспұлыңды дәп сол иттердің алдындағы итаяққа тастап жатқандай азарланасың...
Елуді еңсеріп, алпысты алқымдап қалған қожайын әр күн сайын кешке қарай кезекпен әлгі төбелескіш төбеттерді өзімен бірге серуенге алып шығады. Ит жетектеп бара жатқан «жаңа қазақты» көргенде көз алдыңа тұлпарын таң асыруға алып бара жатқан баяғы атсейіс бабалар еріксіз елестейді. Жоқ, ол да өзге ұлттың өкілі емес, қандас бауырымыз ғой, ұлты да қазақ. Тек айырмашылығы – бұрынғы бабаларымыз ат баптаса, бұл ит бағады. Тақымы терлеп көрмеген сол қазаққа жылқы жайлы айтсаң шоршып түседі. Туғалы атқа мініп көрмегенін, тіпті жылқының жанына жолауға қорқатынын айтады және онысына намыстанбайды. Күлесің бе, жылайсың ба? Кейде «Ит төбелесінен» оралған сол көкеміз қабағы тұнжырап, қанға бөккен дәу төбеттің өлі денесін көлігінен түсіріп жатады. Сол сәтте оның түрінде төбелесте жеңіліс тауып, өліп қалған төбетіне деген қимастық сезімі байқалмайды, бәске тіккен қомақты қаржысы мен қарсыласына кеткен есесі, жеңген итке деген өшпенді кек қана тұрады. Өлген итті бір шұңқырға көміп тастап, оның орнына еуропадан тағыда қыруар қаржыға тұқымы бөлек төбелескіш ит алдырады. Өлген иттің орнын толтыру үшін тағы да шығын шығады...
«Ит төлеуі – бір күшік» дегенде қазақ қорасын күзеткен «сенімді досының» құнын түсірген жоқ еді, керісінше, оның сатылмайтынын меңзеді. Пұлдамақ түгіл, итше ырылдасып жүрмейік деген ырыммен ата-бабамыз жақын-жуығына күшік те бермепті. Ал, бүгінде ше, қан базарда ит саудасы қызып тұр. Алабай тұқымдасына жататын бір күшіктің құнының өзі жүйрік жылқының бағасына бара-бар. Бір рулы елге ұран шақыртып, аты аңызға айналған тұлпарларын қазақ итпен қатар қойып па еді? Бүгінде Құлагерін жоқтаған Ақан жоқ, Тайбурылды баптаған Құртқа жоқ, бәйгені шаппай алып беретін Күреңбай мен Толыбай сынды сыншылар жоқ. Есесіне, күніне бүтін бір жылқының етін беріп бір қора ит бағып отырған еріккен қазақтар бар. Көрдіңіз бе, аз ғана уақыттың ішінде қазақ санасының қаншалықты өзгергенін. Бір кездері қанатты тұлпарды тізгіндеп, желмен жарысқан халықтың ұрпағы қазір ит жетектеп, жентектеліп кетті...
Қуат АДИС.