Қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова жайлы
Stan.kz ақпараттық агенттігі «Шуақты күндер» атты әйгілі кітаптың авторы және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне қалам тербеген қазақтың жазушы қызы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туған келіні Зейнеп Ахметова туралы мәлімет ұсынады.
Қазақы дәстүрлерді насихаттаушы ел анасы қайынатасы Бауыржан Момышұлы туралы мемуар кітаптар мен мақалалар жазып, халықты ұлтымыздың айбынды ұлының өмірімен таныстырып келеді. Зейнеп Ахметова 1865 жылы Қытай жерінде дүниеге келіп, сонда өскен. Ол қазақтың айбынды батыры Бауыржан Момышұлының келіні, яғни Бақытжан Момышұлының жары. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлын өз көзімен көрген ел анасы Бауыржан атамыздың бастан кешкендері жайлы қалам тербеп, кітап жазды. Солардың ішінде «Бауыржан батыр», «Шуақты күндер» туындыларын қолына алып, оқыман жан кемд-кем шығар.
Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы да жарық көрді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы – жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие. Бұлар ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәңгілік дүниелер. Осы мәңгілік тақырыпқа қалам тербеп жүрген бірден-бір жазушы, насихаттаушы Зейнеп Ахметова. Салиқалы әңгімеге салт-дәстүрлерді қалай қолданып жүрміз. Қазақы ырымдар жайлы не білеміз деген сияқты дүниелерді келер ұрпақтың санасына сіңіруде Зейнеп апаның атқарып жүрген жұмыстары жетіп артылады.
Жазушы анамыздың қазақтың қазіргі келіндері мен ата-енелеріне айтқан кеңестері, бала тәрбиесі жайлы негізгі қағидалары, жалпы айтып жүрген жөн-жоралғылары бүгінгі халыққа көп көмегін тигізуде. Зейнеп Ахметова қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және қазіргі заманғы әйелдердің образы жайлы біраз тұжырымды ой айтқан.
Зейнеп Ахметова сондай-ақ, қазіргі заман тойларының қазақы салт-санаға жат әдеттерге толып кеткенін сынға алып, той-томалақта ұлттық дәстүрге қайшы бірнеше әдеттерді атап өтті. Жазушы анамыздың айтуынша, тойда жаңа түскен келінді төрге отырғызу, жартылай жалаңаш қалыңдық көйлегімен келінге беташар жасау, қыз ұзатуда әкесімен вальс билеу, гүл лақтыру, ата-енеге торт жегізу қазақы салтқа жатпайды және ұлттық дәстүрге қайшы.
Сонымен қатар, Зейнеп апамыз көпшілігі біле бермейтін жөн-жоралғылар, соның ішінде құрсақ шашу секілді жоралғының мәнін түсіндіріп берді.
«Бұл дәстүр қай уақытта болады? Ол келіні жаңадан жерік болғанда орындалады. Жерік әйел көңілі неге тартып тұр, неге іңкәрі ауып тұрғанын білмей қиналады. Мінекей сол кезде енесі оның жерік асын тауып беру үшін ауылдағы әйелдерді шақырады. Барлығы үйлерінен бір-бір дәм алып келеді. Тамақ алып келеді. Не нәрсеге әуес екенін табуға тырысады. Мүмкін бір тамақ болмаса бір тамаққа көңілі шабар дейді. Тіпті оған ер азаматтар да сырттай аңның, құстың етін, балық, қарақат, мойыл секілді нәрселерді әкеледі. Өйткені жерік асты тауып беру сауабы мол, қасиетті нәрсе. Баланың қалай болуы, алдағы уақытта оның күш қуатының қандай болуы, оның иммунитеті осы жерік асқа байланысты», – дейді бір бойынан қазақ келінінің бар қасиеті табылатын Зейнеп Ахметова.
Тұсауды қайшымен кесуге болмайтынын білдіңіз бе?! Қайшы деген екі жүздің бір бірімен қайшылануы. Баланың өмірі қайшыланады. Сондықтан қайшымен кесуге болмайды екен. Сонымен қатар, қазақ тұсауды әжелер мен тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке де кескізбеген. Бұның бәрі Зейнеп Ахметованың қазақтың салт-дәстүрінің шығу тегін толыққанды түсіндіріп беретін кітабында жазылған.
Ел анасы біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба мынау жан ұшырып келе жатқан жаһанданудың бәрібір бізге соқпай өтпейтінін ескертіп, қазақ ұлты сол жаһандануға жұтылып кетпес үшін әрекет етіп, ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырды. Ол біздің ұлттық қадір-қасиетімізді, құндылықтарымызды алып қалатын бірден-бір нәрсе ана тіліміз екенін және сол ана тілі арқылы қалғанының барлығы келетінін ұлт санасына жеткізіп келеді.
Қаламгер сөзімен айтсақ, әр дәуірдің бастан өтер жолы бар, жетістігі мен кемшілігі бар. Одан сабақ алу, саралау, әділетті талдау, жаңа қоғамның ісі. Зейнеп апамыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын қасиетін: «Ата көпке ортақ, ата қазақтың Баукеңі. Біз әкемізді халықтан бөліп жарып, меншіктеген емеспіз» деген сөздерінен байқауға болады.
Зейнеп Ахметова тәрбиенің айтудан емес, көрсетуден даритынын бірнеше мәрте түсіндіріп кеткен болатын. Ұрпақ тәрбиесі де дәл мынадай болу керек деп, қалыпқа салғандай өлшеп, пішіп қойған дайын ереже де жоқ. Жазушы ата-ананың отбасындағы қарым-қатынасы, өмірге көзқарасы, рухани өресі, күнделікті іс-әрекеті, ынтымақ-бірлік, татулығы немесе ит пен мысықтай аңдысқан алауыздығы балаға тікелей әсер ететінін және осының бәрі тәрбиенің іргетасы екенін түсіндірді.
Ол тәрбиені ананың ақ сүтімен, әкенің адал күшімен бойға кіретін қасиет деп, әр ата-ана білуі керек кеңестер айтты. Батырдың келіні ұрпағымыз осы ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған жеріне ие болып қалса екен дейді. Ел анасы жастарымыз үлгілі, өнегелі, білімді, өнерлі болса екен деп тілейді. Ергеңгі күні еліне ес болатын, халқына қайыстай қызмет ететін, мынау кім десе қазақтың ұлы-қызы дейтіндей азамат болып, ата-анасының, ел-жұртының көз нұры, көңіл қуанышы болсын деп тілейді.
Айта кету керек, Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер», «Бауыржан батыр», «Бабалар аманаты», «Әзіліңді сағындық» және бала тәрбиесіне арналған «Күретамыр» секілді кітаптары мен ұлттық тәрбие, салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар туралы жазған туындылары бүкіл қазақ жұрты оқуы тиіс шығармалардың бірі.
Stan.kz