ҚАЗАҚ КИНОСЫНА ТЫҢ СЕРПІН КЕРЕК
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан, тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек», - деп «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты жобасын жүзеге асыруды ұсынды.
Расында, қарап отырсақ, еліміздегі кино саласына тың серпін керек секілді. Осы жобаны қолға алу арқылы біз төл тарихымызды кеңінен насихаттап, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыра аламыз. Яғни, ұлы даланың қаһармандарын, батырларын, мифологиялық және фольклорлық бағыттағы дүниелерді фильмдерге арқау етіп, келешек ұрпақтың санасына тарих тағылымын құятын боламыз. Осы мақсатты жоспарлы түрде жүзеге асыратын болсақ, ұлттық құндылықтарымыз, даңқты батырларымыз, ұлы ойшылдарымыз бен би-шешендеріміз, халық қаһармандарының есімі, жүріп өткен жолдары, өнегеге толы өмірлері ұрпақ жадында қайта жаңғырып, тек ел ішінде ғана емес, Президент айтпақшы бүкіл әлемге танылатын болады. Әрине, мұндай тарих тағылымынан сыр шертетін, құнды әрі сапалы дүниені жасау үшін шетелдік мамандармен іс-тәжірибе алмасу қажет. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп атап көрсетті.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ,
аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшісі.