» » АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Аптаның сәрсенбісінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында «Қоғамдық кеңес қызметін жылдық қорытындылау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері мен мекеме, бөлім басшылары қатысты. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ханзулла Кәметов жүргізді.

Басқосуда қаралған бірінші мәселе – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» іске асырылуы туралы (жастарды кәсіпкерлікке үйрету бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы) жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова баяндама жасады.
– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 1213 адам бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілді. Жоспар бойынша 15 адамды «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинист» мамандығы бойынша оқыту көзделген болса, қазіргі таңда аудандық комиссияның шешімімен 39 адамның тізімі бекітіліп, аудандық білім бөлімі арқылы оқу орындарына жолдама берілді. Оның ішінде 29-ы оқу орындарына қабылданып, жоспарлық көрсеткіш 193 пайызға орындалды. Сонымен қатар, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қарастырылды.
Айта кету керек, ерікті түрде қоныс аудару бойынша солтүстік өңірлердегі өкілдердің қатысуымен бірнеше рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, нәтижесінде аудан бойынша 15 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді. Бүгінде 4 отбасы қоныс аударып, жұмыспен қамтылып отыр. Бұл бағдарлама әлі де жалғасын табатын болады, – деді бөлім басшысы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның атқарған жұмыстары жөнінде аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Қ.Жаппасбаев айтып өтті. Оның айтуынша, Жалағаш кентінің орталық алаңында «Адал жол», елді мекендерде «Адал жол – Честный путь» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафондар өтсе, аудан жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жастар арасында дөңгелек үстел, акция, кездесулер ұйымдастырылған. Тоқсан сайын жоспарлы, жоспардан тыс кездесулер де ұйымдастырылады. Дегенмен, сыбайлас жемқорлық көріністері былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өсім алып отыр.
Сонымен бірге, қоғамдық кеңес отырысында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы мәлімет берді. «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілген. Мәселен, отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін мемлекеттік корпорацияға немесе «электрондық үкімет» веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы. Айта кету керек, осы заңнаманы қолдануда электронды үкімет порталына жүгіну жолға қойылып отыр. Тұрғын үй көмегіне өтініштерді қабылдау, тағайындау электронды түрде тіркелген жағдайда сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға мүмкіндік тумақ. Сонымен бірге, құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.
Мұнан бөлек, дөңгелек үстелде аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Д.Ідірісов жер салығының мөлшерлемесі, қауымдық сервитут белгілеу туралы айтып өтті. Маманның мәліметінше, Жалағаш ауданының жалпы көлемі – 2873640 гектар. Осы көлемнің ішінен осы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында 407 жеке және заңды тұлғалардың пайдалануындағы жер 314159 гектарды құрап отыр. Биылғы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбаған 4005 гектарды құрайтын 6 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Атап айтқанда, пайдаланылмай отырған жер учаскелерінің бір жылдық жалға төлейтін қаржысы 150 гектарға шамамен 2288 теңгені құрайды.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі соңғы мәселе – Жалағаш ауданында талшықты-оптикалық байланыс жүйесі желісін жүргізу мақсатында “SilkNetCom” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жер учаскелерін пайдаланушылардан алып қоймай үш жыл мерзімге Мырзабай ахун, Аққұм, Аламесек, Жаңадария, Жаңаталап және Мақпалкөл ауылдық округтеріне интернет орнату мен жылдамдығын жақсартуға қауымдық сервитут белгілеуді бірауыздан мақұлдады.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.
24 қараша 2018 ж. 720 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031