Ақтөбелік суретші жүн мен жібектен ерекше картиналар жасайды
Ақтөбелік суретші Жанат Ақбалина жүн мен жібектен картина салады. 26 жастағы суретші үш бала тәрбиелеп отыр. Онымен бірге өз қолымен ерекше туындылар жасайды. Бір суретті салуға жас ананың 2,5 жылы кеткен екен. Барлығы 11 жұмыс жасап шығарған. Туындыларының бәрі өз өмірімен байланысты.
«Мен 7 жасымнан бастап сурет сала бастадым. Шымкенттегі өнер мектебін, Алматыда колледжді, Ақтөбеде университетті оқып бітірдім. Ұлттық тематикалық сурет салғанды ұнатамын. Тұрмысқа шыққан соң көрме ашу жайлы ойлай бастадым», – дейді суретші.
Суретші алдымен эскиз салып алып, одан соң жіппен декоративті туынды жасай бастайды, деп жазады «Диапазон».
Бір жұмысы үшін бірнеше апта уақыты жұмсалады. Ауқымды жұмыстарға жылдап уақыты кетеді.
«Мешіт картинасын бірнеше күн бұрын бітірдім. Мұнда діни мағынаны қамтуға тырыстым. Көпшілік бұл өмірдің уақытша екенін, жалған екенін айтып жатады. Сол мағынаны жеткізгім келді. Негізінен жүннен жасалған жіппен тоқыдым. Бұл туынды қымбатқа бағалаймын», – дейді ол.
Суретші жіпті Амлатыдан сатып алады. Бір бөлігі 1200 теңге тұрады. Бір картина үшін 60 бөлігі жұмсалады. Суретшінің бір жұмысы орта есеппен алғанда 200 мың теңге тұрады.
«Мені жолдасым үнемі қолдап жүреді. Суретке екі рамканы 54 мың теңгеге алдым. Қазір 3 картинам бар. Бірінде жылқылар бейнеленген. Ол махаббатты білдіреді. Қасқыр – үйдің қорғаны. Тағы бір туындымда сыртында жарқанаттың қауырсыны мен ішінде жолбарысты бейнеледім. Бұл тек сырты ғана мейірімді болып көрінетін қатігез адамдар жайлы. Бұл картина 300 мың теңге тұрады», – дейді суретші.
Жанат Ақбалина болашақта туындыларын шетелге шығарып сатуды көздеп отыр.
Stan.kz