Кеңес Рақышев $999 тұратын әлемдегі ең алғашқы блокчейн-смартфонды таныстырды (фото)
SingulariTeam компаниясының негізін қалаушы қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев өзінің Facebook парақшасындаәлемдегі ең алғашқы блокчейн-смартфон шыққанын хабарлады деп жазады NUR.KZ.
2017 жылдың желтоқсан айында Кеңес Рақышев израильдік серіктесі Моше Хогегпен бірге өздерінің жаңа жобасы - әлемдегі ең алғаш блокчейн-смартфон мен FINNEY жеке компьютерін қолдау үшін топтық сатылым мен ICO ұйымдастырған. Онда барлығы 157 885 825 доллар жиналған көрінеді.
Енді осы жылдың қараша айында Рақышев көптен күткен Finney-ді жарыққа шығарды. Құны 999 доллар тұратын смартфонға кез келген адам тапсырыс бере алады.
"Sirin Labs әлемдегі ең алғашқы блокчейн-смартфонды мақтанышпен таныстырады. Finney смартфоны бағасы жағынан да әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алады. Онымен криптовалюталық транзакцияларды жүзеге асыру анағұрлым қауіпсіз болмақ", - деп жазған Рақышев.
Оның айтуынша, Finney-дің негізгі мақсаты - әрбір сандық транзакцияны ең төменгі қауіптілік деңгейімен жүзеге асыру. Сондай-ақ Sirin Labs үшін пайдалануға ыңғайлы осындай өнім түрін шығару маңызды болды.