» » Қазақ дәстүріндегі ислам мәдениеті

Қазақ дәстүріндегі ислам мәдениеті

Сонау ықылым заманнан адамзат баласының дүниеге көзқарасын қалыптастыруда дін маңызды рөл атқарды. Өйткені, қоғам мүшелерінің мәдениеті сенім негізінде қалыптасты. Дінсіз, дәстүрсіз һәм мәдениетсіз елді еш елестете алмаймыз. Сол секілді қазақ та мың жылдықтар ішінде өз мәдениетін қалыптастырып, дәстүрін дәріптей білген дара халық.

Елбасы­ Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар» деп мағыналы сөз айтқан болатын. Бұл сөзде кешегі бабаларымыздың салып кеткен сара жолының сыры жатыр.Тарихымызға тереңдей көз салсақ, сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз ислам мен әдет-ғұрыптарымызды сабақтастырып, күні бүгінге дейін мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді.
Тарихы қалыптасқан және қоғам үшін пайдалы әрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын әрбір халықтың әдет-ғұрпы, жүріс-тұрысы, тәртіптері мен жөн-жоралғылары бар. Мұны бірауыз сөзбен дәстүр деп атайды. Қазақтың қанына сіңіп, өмірінен көрініс берген имандылық, ізеттілік, мейірімділік, инабаттылық, қонақжайлылық секілді қалыптасқан болмысы ұлттық мәдениетіміздің айқын белгілері болып табылады.
Тарихшылардың саралауынша Қазақ­станға ислам діні VII ғасырдың басында келді. Сол уақыттағы қазақ халқы ұстанған салт дәстүрлерінің біршамасы әлі күнге дейін сақталып келеді. Халықтың мұсылмандыққа дейінгі ұстанған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары да болды. Мәселен, «тасаттық», «бесік құда», «қарсы құда», «сүйек жаңғырту», «қалыңдықты алып қашу», «қалың төлеу» сияқты әдет-ғұрыптар ел ішінде кең тарады. Ислам келгеннен кейін де аталған салт-дәстүрлер жалғасын тауып, ислам шариғатымен жанаса білді. Өйткені, ханафи мектебінің негізін қалап, сүнниттік бағыт көрсете білген Әбу Ханифа жолы халықтардың әдет-ғұрып заңдарын көбірек ескеретін болғандықтан, ата-бабамызға да бұл өте тиімді келді.
Байқасаңыз, салт-дәстүрімізде көрші ақысына ежелден көңіл бөлініп, оған баса назар аударылған. Бұл қазақ халқының мәдениеттілігінің бірден-бір көрінісі. Сол үшін де халқымыз «Көрші ақысы – Тәңір хақысы»,«Үй алма, көрші ал» деп қанатты сөздер қалдырған. Ал оның шығу тарихына қарасақ, Пайғамбарымыздың:«Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан кісі мумин емес»;«Үйден бұрын көрші ал»; «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» – деген хадистерінен басталғанын анық аңғарамыз.
Қазақтың дәстүрінде қайтқан кісінің жақындарына «көңіл айту» жоралғысы бар. «Алдынан жарылқасын!» «Иманы жолдас болсын!», «Артының қайырын берсін!» деген секілді сөздермен жұбату айтып, көңілін білдіріседі. Бұл да шариғатымызбен байланысып жатқан құндылық. Осының өзі мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы болып табылады.
Тіпті, күнделікті Жаратқанның есімін жадымызда ұстап «Алла сақтасын», «Алла жолыңды берсін», «Алла алдынан жарылқасын», «Аллаға аманат бол», дейтін жақсы әдетіміз де бар. Мұның барлығы сайып келгенде, тіршілігімізге һәм рухани тәлім-тәрбиеге жол сілтей отырып, мәдениетіміздің дұрыс болуына ықпалын тигізеді. Мысал ретінде алсақ, күнделікті тұрмысымызда мұсылмандық әдеп нормалар сақталған, тіпті, дәстүрге айналып та кеткен. Қарапайым сәлемдесуден басталатын сыпайы мінезіміз мұсылмандық этикамен астасуда. Қазақ халқының әдептілік қағидалары қасиетті Құран мен хадистерден алынғанын мазмұнды мақал-мәтелдерінен біле аламыз.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жәннатқа жетелейді», – деген хадисі бар. Ал, халқымыз мұны: «Шындықтың шырағы сөнбейді», – деп жеткізген. Өтіріктің өрге баспайтынын алға тартқан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Өтіріктен сақтан, себебі, өтірік пен иман бір жерде болмайды» деп айтқан. Дана халқымыз: «Өтірікшіде иман жоқ» деп мақалдатқан. Міне, қарап отырсақ халқымыз хадистің аясында өрнектеп сөз айтып, өскелең ұрпағына шыншылдық пен өтіріктің ара-жігін көрсету арқылы тәлім-тәрбие бере білген.
Онан қалды қазақ халқы ерлік пен батырлықты, туған елге деген жанашырлықты имандылықпен түсіндіре білген. Исламның кәусарынан сусындаған хәкім Абай атамыз да қара сөздеріне хадистер мен аяттарды қолданса, имандылық иірімінен нәр алған әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн секілді ойшыл бабаларымыз өздерінің өшпес еңбектері арқылы бүгінге дейін ислам мәдениетінің дамуына үлесін қоса білді.
Қазақтың исламның аясында мың жыл үстінде өмір сүргендігін ескерсек, халықтың бойына сіңген, өмірінен орын алған әдет-ғұрып пен дәстүрімізге ерекше мән берілу қажеттілігі айқындалады. Себебі, дәстүр халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі мен танымының іс-жүзінде қалыптасқан көрінісі.
Кез келген ұлттың құндылығы өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде және мәдениетінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Осы орайда қазақтың ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан екенін атай кеткен жөн.
Шариғатымыздағы иман, ғибадат, нәпсі тәрбиесі секілді тақырыптарды қарасақ, мұның барлығы адам баласын мәдениетті болуға жетелейді. Қазақтың дәстүрінде орын алған қолға су құю, тамақты жасы үлкен кісі бас­тау, конақты күтіп алу үрдістері дінмен біте қайнасқанын көреміз.
Қорыта айтқанда, қазақтың дәстүрінде ислам мәдениеті ерекше көрініс тапқан. Сол үшін де ұлт болып қалыптасып, елдігімізді онан әрі нығайтуда дінімізді берік ұстап, дәстүрімізді дәріптеуіміз керек.

А.Байқабылов,
Дін мәселелерін зерттеу орталығының аудандық бөлім меңгерушісі.
01 желтоқсан 2018 ж. 1 964 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930