» » КӘЛПЕ МЕШІТІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

КӘЛПЕ МЕШІТІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

Ақсу ауылындағы Беркінбай кәлпе мешіті қайта жөндеуден өтті. Игілікті шараға ұйытқы болған жомарт жандарға ауыл тұрғындары алғыс білдірді.
Өткен аптада ақсулықтар қайта жаңғырған ауыл мешітіңде бас қосты. Жиылғандардың қатарында Беркінбай әулиенің ұл-қыздары мен ұрпақтары да бар. Аудандық "Иманқұл" мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев сауапты іске ұйытқы болғандарға өз ризашылығын білдіріп, мешітке күрделі жөндеу жұмысын жүргізген Сүлеймен Беркінбайұлына және сауап­ты іске жұмылған баба ұрпақтарына алғыс хат табыс­тады.
Мұнан соң мешітке жиылған жамағат кәлпе басына барып, баба рухына құран бағыштады. Айта кеткен жөн, дүйім жұртқа аты мәлім Беркінбай кәлпе Бекниязұлы 1909 жылы осы ауылдағы «Ақбөгет» деген жерде дүниеге келген. Ол өз дәуірінде ерекше қасиетімен, көріпкелдігімен дараланған тұлға. Кәлпенің арғы тегі Сәрке, Байқадам батыр да қасиетті кісі болған.
– Беркінбай атамыз да батыр тұлғалы ірі, келбетті жан болатын. Ол кісінің еңбекқорлығы, ел-жұртына деген адалдығы, қайырымдылығы жайында халық арасында жылы лебіздер көп. «Шөгірлі» көлінің ұлтанынан бас-аяғы бірер апта ішінде 40 түйеге жүк боларлық қамыс оруының өзі де көп нәрсені аңғартса керек. Кәлпе алдына келген сырқаттанушыларды дем салған маймен, сегіз өрім қамшысымен емдеген. Қып-қызыл боп балқып тұрған кетпенмен ұшықтаған деседі. Мұны ол «Кетпен ұшық» дейтін. Кәлпе туралы халық аузында небір ғажап әңгімелер сақталған. Оны Орта Азия, Кавказ мұсылмандары пір тұтқан, – дейді ауыл тұрғындары.
Беркінбай бабамыз 1977 жылы қайтыс болып, өзі туып-өскен ауылының қасиетті топырағына жерленген. Қазіргі уақытта кәлпе есімі халыққа имандылық тәрбиесін беруде үлкен қызмет атқарады. Оның басына салынған төртқұлақты күмбезді кесене маңдайшасына кәлпенің көзі тірісінде қолданған дәрет құманы мен адам емдеу мақсатында пайдаланған диірмендей қара тас қойылған.

Н.ЖАНҰЛЫ.
22 желтоқсан 2018 ж. 1 690 0