» » КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛДЫ

КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛДЫ

Театр – өнер ордасы. Сахна саңлақтарының басын қосқан мәдени ұйымда өмірде болған оқиғалар, әзіл-сықақтар, түрлі сахналық ойын-сауықтар көрсетіледі. Режиссердің үздік шешімі, сценаристің шеберлігі, әртістердің біліктілігі мен жан-жақтылығы бір арнада тоғысқанда ғана драматургтің туындысындағы айтар ой, түпкі мақсат көрерменнің жүрегіне жетеді.
2006 жылы Жаңадария ауылдық клубы жанынан «Әзілизация» театры құрылды. Рүстем Көшеров жетекшілік ететін өнер ұжымы алғашқы жылдардан-ақ түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. 2007 жылы облыстық «Тазша бала» әзіл-сықақ байқауында 2016 жылы Шиелі ауданында өткен облыстық «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының сайысында жүлделі 3 орынды иеленсе, осы жылы Жаңақорған ауданында Қазбек Башаровты еске алуға арналған «Қазбектің қалжыңдары» атты облыстық әзіл-сықақ байқауында үздік өнер көрсетіп, көптің көзайымына айналды. Мұнымен қоса, театр ұжымы Сырдария ауданының елді мекендерінде, Арал ауданы Сексеуіл станциясында, Жалағаш ауданы елді мекендерінде гастрольдік сапарларда болды. «Әзілизацияның» құрамында Д.Төлегенов, Б.Жаңабергенова, Қ.Түгелбаева, С.Мешітбай, Д.Серікбаев және тағы басқа да жас өнерпаздар бар.
Театр ұжымы өткен аптада Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде кон­цертін өткізді. Кеш шымылдығын ашқан Рүстем Көшеров пен Дәулет Төлегенов аудан тұрғындарын келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, театрдың тарихына, құрамына тоқталды. Концерт барысында «Әзіли­зация» театры әртістерінің сомдауымен «Кемпір келін», «Сүттің дауы» музыкалық интермедиасы қойылды. Сонымен бірге, республикаға белгілі әнші, жаңадариялық Айбек Қоңырбай, театр өнерпазы Нұрболат Шалабай, Дәулет Шакиров пен кішкентай бүлдіршіндер Қуаныш пен Ақмерей және «Самал» ВИ ансамблі өнер көрсетті. Концерттің ерекшелігі сол кеш соңында көрермендер арасында лоторея ойнатылды. Ұтысқа түрлі бұйымдар тігілді.
– Театр әртістерінің қойылымы, кон­церт­тік бағдарламасы көңілімнен шықты. Өнер­­паздар туынды авторының айтар ойын дәлме-дәл жеткізе білді. Мен Жаңадария ауылында осындай талантты, жан-жақты өнерпаздардың барына қуанып отырмын. Жұртшылық әртістердің өнерін, көруге асыққаны көрініп тұр. Себебі, жиналған көрермен көп. Олар да өз ризашылықтарын білдіріп, қошеметтеп жатыр. Ең қызығы – концертке келген халықтың құрқол қайтпағандығы. Театр ұжымы лоторея ойнатып, түрлі ұтыстарды үлестірді. Алдағы уақытта театр әртістерінің қойылымдарын асыға күтетін боламын, – деді көрермен С.Қайратқызы.
Иә, талантын өнермен ұштастырған театр әртістерінің шеберлігі, сахна мәдениетін сақтаудағы біліктіліктері, өздеріне берілген кейіпкердің портретін аша білуі, сондай-ақ сахнаны әсем әнмен тербеуі көзі қарақты көрерменнің өнерге деген қызығушылығы мен құрметін арттыра түскендей.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
25 желтоқсан 2018 ж. 917 0