» » ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҒЫ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҒЫ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА


Аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев үш жыл бойы атқарған жұмысының есебін берді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев және қазыналы қарттар мен мекеме басшылары қатысты.
Үлкенін сыйлаған, қариясын қадір тұтқан, ақ жаулықты анасына құрмет көрсеткен “қарты бар ел – қазыналы ел” деген халықтың ұрпағымыз. Бауыржан Момышұлы қазыналы қарттарды төртке бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты  шал десе, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деген. Ал, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деп бағаласа, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыздеп атаған.
Арғы-бергі тарихқа көп мән беретін Жалағаштың қариялары да аузынан тек қана жақсы сөз шығатын, елге, ұрпаққа жақсы ісімен, жақсы сөзімен үлгі болатын ақсақалды ата, қария, абыз болып елдің абыройын асқақтатып жүр. Олар құрметті демалыста шықса да ауданымыздың мәдени-экономикалық өміріне белсене араласып, бірде-бір игілікті шарадан тыс қалған емес.
Есепті кездесуде баяндама жасаған кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Көштаев осы сынды мәселелерді айтты. Жиын барысында Қ.Кішкенбаев, Ә.Ералиев, М.Әлиханова, Т.Сығайбаев, Е.Төлепбаев, А.Махатаев секілді ардагерлер сөз сөйлеп, кент ардагерлері кеңесі төрағасының жұмысына оң баға берді.
Шарада елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау аға буын өкілдерінің қолында екені айтылды. Жастар тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігі сөз болды. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақалаларын насихаттау арқылы жастарға оңды жол көрсетуге болатынын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ел еңсесін тіктеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қазыналы қарттарды жаңа жылмен құттықтады.
Жиын соңында Амангелді Махатаев пен Байна Наршаев кент ардагерлер кеңесінің алқа мүшелігіне сайланды.

А.БЕК.
М.АХМЕТОВ (сурет).
26 желтоқсан 2018 ж. 989 0