ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРДЫҢ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ
Ардагерін ардақтап, қариясын қадірлеген егеменді елімізде қарттарымызға қашанда лайықты құрмет көрсетілуде. Алғашында қарттар күні Еуропада, кейін Америкада, 80-ші жылдардың соңында бүкіл әлемде аталып өтілетін болды. Ал, 1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қазанның 1-ші жұлдызын Халықаралық қарттар күні деп бекітті.
Халықаралық қарттар күніне орай аудан орталығындағы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев қатысып, қазыналы қарттарды мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Осынау салтанатты сәтте сіздерді, сіздер арқылы ауданымыздағы бүкіл ардагерлер қауымын 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздер ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямай келесіздер. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде танимын. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін. Мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт-береке, бірлік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев қарттарды мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Шара аясында бірқатар ардагерге ауданның “Құрмет грамотасы” мен аудан әкімінің “Алғыс хаты” табысталды. Марапат төріне көтерілгендердің қатарында ардагерлерден құралған ансамбльдер мен мекеме басшылары да болды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
А.БЕК.
М.АХМЕТ (сурет).