Өткеннің өнегесін бағаламай, болашақты баянды ету мүмкін емес
«Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді қазақ. Иә, өскелең ұрпақтың да, қала берді орта буын өкілінің қазыналы қарттардан алар тағылымы мол. Әлі күнге дейін салт-дәстүріміз бен кейінгі буын бойында жаңғырған ұлттық тәрбиенің мәнін жоғалтпай келе жатқаны да ата-әжелердің арқасы деп білеміз. Әріден әңгіме қаузап, ағалық ақылын даналық сөзбен жалғайтын ардақты ардагерлер барда бағытымыздан жаңылмайтынымыз анық. Олардың бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға қосар үлесінің мол екенін жалағаштықтар жақсы біледі. Сондай-ақ, үлкенге ізет көрсетуде аудан тұрғындары салтынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді Мәдениет ауылында өткен мәнді шара қуаттай түсті.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы «Ардақтаймыз ардагерлерді!» тақырыбында акция ұйымдастырған еді. Апталық акцияның алғашқы күні Мәдениет ауылындағы салтанатты шарадан бастау алды. Мұнда қазыналы қарттарға жыраулар жырдан шашу шашып, жергілікті өнерпаздар көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ақ халатты абзал жандар да тегін медициналық тексеруден өткізіп, көмегін аяған жоқ. Таңнан кешке дейін медицина саласының 11 маманы ардагерлерге сапалы қызмет көрсетті.
Шара аясында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың ұлттық тәрбиені кейінгі буын бойына сіңірудегі еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол әр салада қажырлы еңбек еткен ел үлкендерін партияның облыстық және аудандық филиалы алғыс хатымен марапаттады.
– Ардагерлер қауымын төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі шара да «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жоба аясында жүзеге асуда. «Нұр Отан» партиясы қай кезде болмасын қазыналы қарттарымызға құрмет көрсетуді назардан тыс қалдырған емес. Үлкенді сыйлап, ізет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Бұл үрдісті біз де, бізден кейінгі буын да жалғай түсері сөзсіз. Үлкендердің кейінгіге берер тәлім-тағылымының біздер үшін орны бөлек. Мәдениеттік қарт кісілердің де өңір әлеуетінің артуына қосқан үлесі мол. Сіздер ел үшін еңбек етер ұрпақ тәрбиелей отырып, кейінгіге өшпес өнеге көрсеттіңіздер. Аудан бойынша 4 мыңға жуық ардагер болса, оның 250-ге жуығы мәдениеттіктер. Қарттарымызға құрмет көрсету мақсатында бір апталық акция ұйымдастырған едік. Сол құрметті өздеріңізден бастап жатырмыз. Баршаңызды тағы да мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, отбастарыңызға береке, өздеріңізге зор денсаулық тілеймін, – деді Қ.Шоңмұрынқызы.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев те замандастарына деген жылы лебізін білдіріп, олардың бірқатарын аудандық ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапаттады. Сахна төрінен орын алған жырау, айтыскер ақын Айдос Рахметов, Берік Саймағамбетов, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен және киелі Қармақшы өңірінің жыр жампоздары сыр сүлейлерінің түрлі мақамын орындап, ауыл ардагерлерінің алғысына бөленді. Өнерпаздардың үлкендерге деген құрметі мұнымен шектелмеді. Олар тіпті жүріп-тұруы қиын қариялардың да үйлеріне арнайы атбасын бұрып, жырдан шашу шашып, мереке қарсаңында қуаныштарына ортақтасты. Сондай-ақ, партияның аудандық филиалы бірқатар қарт кісілердің отбасына тұрмыстық көмек көрсетті. Бірін қыстық отынмен қамтамасыз етсе, енді бірінің отбасына мал азығына қажетті жем-шөптен жәрдемдесті. Мұндай көмек көрсетуге демеушілік жасауда жергілікті шаруашылықтар белсенділік танытты.
Қарттар күніне арналған мерекелік шарада 18 ардагерге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаевтың құттықтау хаты табысталды. Ризашылығын білдірген абыз ақсақалдар ақ батасын аяған жоқ. Тағылымды шара ауылдағы білім ошағында да жалғасын тапты. Мұнда ұлағатты ұстаздар мен оқушылар ардагер мұғалімдерге арнап мәнді кеш ұйымдастырыпты. Жас өрендер патриоттық ән шырқап, үлкендерге гүл шоқтарын ұсынды. Сондай-ақ, ұстаздар қауымы қазыналы қарттарға бағалы сыйлықтар табыс етті.
Спортты денсаулық кепілі деп білетін аудан ардагерлері жыл сайын әртүрлі сайыста сынға түсуді дәстүрге айналдырды. Бұл сабақтастық осы күнгі шара аясында Мәдениетте де көрініс тапты. Ауылдағы спорттық кешенде өткен жарысқа бірнеше отбасы қатысып, өзара мықтыны анықтаған еді. Сайыс барысында барлық кезең бойынша сынға түсуде қариялар өздерінің спортқа епті екенін көрсете білді. Шара соңында жеңімпаз командалар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Қазанның алғашқы күні елімізде Қарттар күні болып белгіленген еді. Алайда, құрмет көрсетуде белгілі бір датаға сүйенбейтін аудан халқы бұл мерекені уақытынан бұрын бастап кетті. Мәдениет ауылында шымылдығын түрген шара осы аптада бірнеше ауылда жалғасын тауып, ардагерлер құрмет төрінен орын алды.
К.БАЛҒАБАЙ.