» » «АҚБЕРЕНДЕ» АУДАН АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАйДЫ

«АҚБЕРЕНДЕ» АУДАН АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАйДЫ


Мемлекет болашағы – білімді жастардың қолында. Ел келешегінің кемелдігі бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақпен тығыз байланысты. Мұны Елбасы да Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында жиі айтып жүр. Дүйім жұрт артқан сенімнің үлкен жауапкершілікті талап ететінін жастар да жақсы біледі. Осы орайда біз аудан жастарының болашақта бәсекеге қабілетті боларына және сапалы маман иесі атанып, әр салада мемлекетке қызмет етеріне сенеміз. Бүгіннің өзінде олардың әртүрлі сайыста топ жаруы, дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуі осы сөзімізді айғақтайды.
Біз басылым бетінде «Елімнің ертеңі» атты айдар ашылғалы көбіне спорт саласында топ жарған саңлақтарымыз жайында қалам тербеген едік. Бұл басқа да салаларда жастарымыздың жетістігі аз деген сөз емес. Аудандық, облыстық, республикалық және түрлі дәрежедегі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінген өрендерге Жалағаш топырағы кенде емес. Әсіресе, оқушылар арасында талантты жастар жетіп артылады. Жуырда «Ақберен» республикалық байқауының V кезеңіне баратын үздіктерді анықтау мақсатында жастар арасында әдеби сайыс ұйымдастырылған еді. Мұнда тағы бір жалағаштық жас өрен топ жарып, дәстүрлі байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
«Ақберен» республикалық байқауы жастардың талантын шыңдау мақсатында жыл сайын ұйым­дастырылуда. Дәстүрлі сайыс биыл бесінші мәрте үздіктерді анықтайды. Сайыс негізінен әдеби бағытта болғанымен онда жастар шешендік сөздер мен шығармаларды талдаудан бөлек ұлттық аспаптармен де өз өнерлерін ортаға салады. Байқаудың аудандық кезеңінде топ жарған Назгүл Жалғасбай облыстық кезеңде де қарсыластарынан оқ бойы оза шапты. Таң ауылындағы №118 орта мектептің 8 сынып оқушысы алдағы уақытта республикалық кезеңде де топ жаруды көздеп отыр. Аудандық кезеңде 60-қа жуық, облыстық кезеңде 20-ға жуық баланың ішінен үздік деп танылған ол алдағы уақытта мұғалім болып, өзі секілді белсенді ұрпақ тәрбиелеуді қалайтынын айтады.
– Мен өзімнің мұндай жетістікке жетуімде алдымен ұстаздарымның еңбегін жоғары бағалаймын. Бұған дейін де түрлі жарыстарда аудан абыройын асқақтатуға тырыстым. Сол сайыстарда маған жетекшілік еткен Мейрамкүл Ойнарова апайым көп көмектесті, бағыт берді. Жұмыс уақытынан тыс күндері де талабымды шыңдауға бар күшін салды. Сондықтан қандай сайыс­та жүлделі орыннан көрінсем де алдымен ұстазымның еңбегі деп білемін. Ол кісінің бойындағы шәкірт тәрбиелеуге деген ықыласына қарап, болашағымды мұғалімдікпен байланыстырамын. Мен де алдағы уақытта өзім сияқты белсенді жастардың талабын шыңдауға жұмыс жасасам деймін. Алдағы сайыстан да жүлдемен оралуға бел буып отырмын. Дайындық жаман болған жоқ. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Назгүл Жалғасбай.
Біз мектеп оқушысының қабілетіне және аталған салаға деген қызығушылығына екеуара әңгімеде көз жеткіздік. Оның сайыс барысындағы әр кезең бойынша шығарма талдауы, көркем сөздерді өз орнымен қолдануы сүйсіндірді. Әділ қазылар алқасы алдында қазақтың тұрмыс-тіршілігі ертеден мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғанын кеңінен тарқатқан Назгүл тарихтан да бейхабар еместігін тағы бір дәлелдеді. Талантты жас, білімді өреннің алдағы сайыста да топ жаруына сәттілік тіледік. Кейіпкердің өзі айтқандай, қалғанын уа­қыт көрсетеді.

К.БАЛҒАБАЙ.
10 сәуір 2018 ж. 1 464 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031