ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТ ЖАРҒА ЖЫҚТЫ
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Жалағаш ауданы Жаңадария ауылына қарасты «Қазанбай» учаскесінде «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігін тоқтатып, заңсыз аң аулау дерегін анықтады. Тексеру барысында 2 бас қарақұйрық, 33 бас құм қояны, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтық, заттай дәлелдемелер алынды, деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты күдікті 32-33 жастағы екі азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жинақталған материал Жалағаш аудандық сотына жолданған.
Жалағаш аудандық сотының 2018 жылғы 24 қазандағы үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігінің 2, 4 тармақтарымен сотталушылар Н.Ж. мен Е.Х. екеуіне 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылауға алынған. Сонымен бірге, сотталушылардан мемлекет пайдасына 8 млн 729 мың 978 теңге және 3 млн 284 мың 378 теңге залал өндіруге үкім шығарылған.
Сондай-ақ, «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігі, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтық мемлекет пайдасына тәркіленді.
Айта кетейік, Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сәйкес, қарақұйрық аңы – жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне және Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.
«ЖЖ» ақпарат.
Пікір 2