» » Қазаққа керітартпа діни идеология керек емес

Қазаққа керітартпа діни идеология керек емес

Әлемде діни экстремизм мен терроризм көріністері жиі байқалып отыр. Өкінішке орай, Ислам дінін желеу етіп, жат ағымның жолына түскендердің қатары біздің елде де кездеседі. Жалпы, өңірімізде діни-экстремизмнің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Оның нәтижесі қалай? Осы және басқа да сауалдарымызға облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығы аудандық бөлімінің меңгерушісі Арыстанбек Байқабылов жауап берген еді.
– Арыстанбек Әмірханұлы, осы салада еңбек етіп жүргеніңізге біраз жыл болыпты. Демек, тәжірибелі мамансыз. Айтыңызшы, асыл дінімізден адасып, жат ағымның жетегінде кеткендердің қатары елімізде қалай көбейді?
– Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ішкі-сыртқы саяси өзгерістер – жаһанданудың қайтарымсыз үдерісіне Қазақстан қоғамының дендеп араласуы, ашық ақпараттық кеңістік пен ашық шекара саясатының салдарынан елдің конфессиялық кеңістігінің елеулі өзгеріске ұшырап, рухани кел­бетінің шұбарлануы, қоғамдық құрылымның өзгеріп, нарықтық қатынастардың тереңдеуі салдарынан құндылықтық бағдарлардың дәс­түрлі қалыптан ауытқуы, ұлттық руханият­ саласында теріс мазмұнды ақпараттардың басымдық алуымен бір мезгілде жағымды ақпараттардың тапшылығы салдарынан бос кеңістіктің қалыптасуы этноконфессиялық бірегейлендіру мәселесін ширықтыра түсуге ықпал етті.
Аталған кезеңде ұлттық діни бірегейліктің солғындануына себеп болған бірнеше факторлар бар. Олардың ең бастысы – рухани тәрбиенің бесіктен дұрыс берілмеуі, қазақша айтқанда, уызына жарымағандық. Өркениет алға жылжыған сайын тәуелсіздіктен кейінгі қазақ қоғамы да заман ағымымен арпалысып, тамырынан дәстүрлі құндылықтарынан жылдам жаттана бастады. Баласымен емес, басымен қайғы әке-шеше, бесік тербететін шақта бел жазбай еңбек етіп жүрген ата-әже, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жанқайғы кезең – осының бәрі балаң буынның, жас­тар мен жасөспірімдер санасының дәстүрлі дүниетанымнан, ұлттық құндылықтардан ал­шақтануына әкеп соқтыруда.
Екіншіден, ашық ақпараттық кеңістік пен ашық шекара саясаты өзінің жемісін беруде. Ағыл-тегіл ақпарат ағынының арасында қалған көпшілік, әсіресе, жас буын асылы мен жасығын айырып үлгермей, тапқанын талғаусыз сіңіруде. Барлық нәрседе, оның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке – максимализмге бейім тұратын, аңсар мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар, ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың қызығын артық көретін жастар қашан да жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігеді. Біреудің қаңсығын таңсық ретінде қабылдау, құнсыз құндылықтарды пір тұту осындай елігулердің салдары екені анық.
Үшіншіден, ел тұтастығының, дін мен дәстүр бірлігінің бұзылуына аса мүдделі сыртқы күштер бар. Қазақтың санасы сан саққа шашырап, қырық ру емес, қырық дін боп бөлініп, қайшыласып жатқаны, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені базбіреулерге аса тиімді екені даусыз. Ертең бөліп алып, билей беру үшін бүгін олар барын салады. Дінді саясиландырған да, сананы сарсаң еткен де солар. Өмірлік бағдары айқындалмаған жастар осындай ойындардың құрбаны болып отыр. Тәуелсіздік алу мен нарықтық экономикаға көшу қатар келген талайлы тұста рухани құндылықтарға көңіл бөлудің кенжелеп қалғанын жат діни және дүнияуи құндылықтарды насихаттаушылар өте оңтайлы пайдаланып, өз тұғырларын бекітіп алды. Оның ащы жемісін бүгінгі қоғам татуда.
– Иә, біз, 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған, демократиялық зайырлы құқықтық мемлекетпіз. Ең бас­ты құн­дылығымыз да осы. Жалпы, зайыр­лылық ұғымын қалай түсініп жүрміз?
– «Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық аясына ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру кіреді. Зайырлылық діни таным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды.
Яғни, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Ал, зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Зайырлы мемлекет азаматтық қоғам­ның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлес­тіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделе отырып, аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы негізде зайырлылық мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.
– Экстремизм салдарынан әлем елдері терроризмнен зардап шегуде. Сіз не дейсіз?
– Дұрыс айтасыз. Экстремизм салдарынан бүгінгі әлем терроризмнен зардап шегуде. Бұрын-соңды болмаған әрі естімеген қазіргі таңда нешетүрлі ұғымдар мен сөз тіркестері әлеуметтік қоғам арасында жиі талқыға түсуде. Бұл терминдік сөз тіркестері – экстремизм және терроризм. Экстремизм дегеніміз – сөзінде, іс-әрекетінде белгілі бір ойымен қоршаған ортадан шетте қалып, шектен шығу. Экстремизм сөзін дін тұрғысынан түсіндірсек ол дінге бекітілген белгілі бір мәзһабтан шектен шығу, адасу. Және қоғамды едәуір басқарып келе жатқан достық пен ынтымаққа, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа және ұлттық құндылықтарға қайшы келуі. Яғни, экстремизмге қай жағынан қарасақ та тұрақтылыққа төніп тұрған қауіп екені анық.
– Қазіргі кезде өздерін «салафиміз» деп жүргендердің көксегені не?
– Дінде шектен шығудың зардабы өте ауыр. Алланың жер бетіндегі соңғы елшісі Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарымыз: «Уа, адамдар! Дінде шектен шықпаңдар! Расында, сендерге дейінгілер дінде шектен шыққандықтан құрдымға кетті» деген. Хадисті имам Ахмад пен Ибн Мәжәһ ибн Аббастан риуаят еткен. Қазіргі кезде өздерін «салафиміз» деп жүргендердің басым бөлігінің ұстанымдары дінге қайшы. Қазіргі салафилердің бар мақсаттары – қоғамда талас-тартыс тудырып, мұ­сылмандарды жанжалдастыру. Олар бұл ниет­терін үш бағытта жүзеге асыруды көздейді. Әлем жұртшылығына мұсылмандарды жек көрсету және оларға үстемдік ету жолында соғысу. Бұл – бір. Екіншіден, Ислам әлемінде орын алып жатқан ауыр жағдайлар үшін кек алып, жауыздық пен озбырлыққа тойтарыс беру, сол мақсатта дүниежүзілік күрес ұйымдастыру. Екіншісі – діннен бет бұрған пасықтарды өлтіру. Өкінішке орай, көрсоқырлық пен тасжүректілікке жетелейтін бұл ағым жетегінде жүрген жастар аз емес. Ал, үшіншісі айтылған үкім бұйрықтарының бұлжымай орындалуы. Яғни, олардың идеологиясы белгілі бір ұйым, мекемелер арқылы насихатталмайды. Орталыққа бағынбайды, оны әркім өз еркі, өз бетімен жүзеге асыра береді. Дінде шектен шығушылардың ұстанымдары қоғамға, жалпылама айтсақ, ислам әлемі қажет етіп отырған өрлеу жолына, ислам қоғамының дамуына, мұсылмандардың бірлігі мен діни диалогты жаңғыртуына кедергі келтірді. Өйткені, аталған фанаттық топтың ұстанған бағыты – дінде шектен шығуға үгіт­тейтін идеология қоғамның бөлшектенуі, адамзаттың өмір көшінен кері қалуына, дертке шалдықтыратын қиял жетегінде кетіп, қоршаған ортадан оқшаулануына, жеке-дара өмір сүруіне шақыратын бүліктің негізгі бас­тауы.­
– Тақырыпқа қайта оралсақ. Елбасы­ның Жарлығымен қабылданған дін сала­сындағы мемлекеттік сая­саттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Осыған сәйке­с өткен жылы өңі­ріміз­де діни экстремизмнің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарыл­ды?
– Тұжырымдамаға сәйкес, діни экстре­мизм­нің алдын алу үшін ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізуде. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты түрлі тақырыптағы бейнероликтер көрсетілді. Арнайы дайындалған әртүрлі тақырыптағы бүк­темелер адам көп шоғырланатын жерлерде таратылды. Осы мақсатта аудан көлеміндегі барлық түрлі салалалармен, жастар, құқық қорғау саласы, қорғаныс саласы, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала, медицина саласы, жеке секторлармен, тұрғындармен, діндарлармен және түрлі сала өкілдерімен кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, акциялар, профилактикалық кездесулер өткі­зіліп келеді. 2018 жылы түрлі форматта 96 шара өткізілсе, оның 51-і білім ошақтарында өтті. Алдағы уақытта да аудан көлемінде дінаралық, ұлтаралық қарым-қатынасты ны­ғайту және діни экстремизмнің алдын алу, ау­дан тұрғындарының діни сауатын ашу ба­­ғы­­тында жұмыс өз жалғасын тауып, тиісті нә­ти­­желерге қол жеткізілетін болады.
– Кәмелетке толмаған жасөспірімдер теріс ағым жетегінде кетпес үшін ең алдымен нені білуі керек?
– Дін мәселесіне келгенде терең біліммен, саналы түсінікпен ақыл таразысына салып, дұрыс пен бұрысты, ақ пен қараны ажырата білуіміз керек. Грек жұрнағымен аяқталатын «экстремизм» деген латын сөзі – «шектеу» яғни, орталықтан ауытқу. Жалпы, тәртіпті мойын­дамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әре­кет жасаушы дегенді білдіреді. Ондай теріс ағымның ықпалына түскен адамның бойында кездесетін белгілер біріншіден, отбасына, достарына, жұмысына қарым-қатынасының өзгеруі. Келесіден, діни тақырыпта жиі сөз қозғап, дауласу, айтысып-тартысу. Содан соң, өз елінің салт-дәстүріне қарсы шығу, мысқылдап қарау және ата-анасына бағынбау, үйінен жиі себепсіз кетіп қалу, тамақтану тәртібінің бұзылуы, оқшаулану, бөлектену, сонымен бірге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу. Міне, теріс ағым жетегіне іліккендер өздерін осылай ұстай бас­тайды. Жастар осыны білген жөн.
Сектанттардың әдісі алдымен өз құрығына түскен ізбасарын, жақтаушысын сол мемлекетпен байланыстыратын байланыс нысандарынан ажыратуға әрекет жасайды. Яғни, мемлекет несімен құнды болса, сол құнды нәрселерді мысалы: ата-анамыз, тарихымыз, ұлтымыз, дініміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, дүние-мүлкіміз т.с.с құндылықтарды санамыздан жоюға күш салады. Осы құндылықтарды санасынан жойған адам, кезкелген уақытта өз Отанынан бас тартуға дайын тұрады. Бәрі­міз­де уақытқа тәуелдіміз. Осыдан жүз жыл бұ­рынғы үлгімен жүр деп біреуге әмір ете алмай­мыз. Жұрттың жүріс-тұрысы, киім киісі ғы­лыми техникалық қарыштау заманына сай бейімделген. Алайда, адам баласы қандай төңкеріс болса да адамшылығын сақтап қалуы парыз. Ал, ол адамшылық жүздеген жылдар бойы жинақталған ұлттық рухани дәстүрлерді қастерлегенде ғана сақталады. Әрбір ата-ана үшін бала қандай қымбат болса, оның тәрбиесі одан да қымбат. Бұл орайда бәрімізде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біріге жұмыс жасауымыз қажет-ақ. Осы орайда, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығының аудандық бөлімі де тиісті жұмыстар атқарып келеді. Орталықтың негізгі мақсаты мемлекеттік сая­­сат пен дінді үйлестіру, дінді уағыздау емес, дінді зайырлылық тұрғысында халыққа насихаттау. Жат ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды дәстүрлі дінімізге қайтару болып табылады.
– Сөз соңында жастарға айтарыңыз?
– Қазақ жұрты тек асыл дінін ата-баба ұстанған жолмен ғасырлар сынынан өтіп, шыңдалған жолмен жалғастыру қажет. Өзгеге өнеге болатындай тағылымға тұнған тарихымыз, ғибратқа толы дәстүріміз тұрғанда, санамызды сан тарапқа тартқылаған әртүрлі ағымдардың жетегінде жүргеніміз елдігімізге сын. Бізге бұрынғы ата-бабаларымыздың ұстанған қарапайым ғана өз тақуалығын ұстап күн кешкен діндарлығы керек. Қазіргідей аузын ашса тозағы мен азабы ғана шығатын ұрдажық, керітартпа діни идеология біздің қазаққа керек емес.
– Сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

22 қаңтар 2019 ж. 417 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 724

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031