» » «91» МЕН «САМАЯ ВЫШКА» НЕМЕСЕ ЗЫҒЫРДАНДЫ ҚАЙНАТҚАН «ЗЫҢ-ЗЫҢ» ӘНДЕР

«91» МЕН «САМАЯ ВЫШКА» НЕМЕСЕ ЗЫҒЫРДАНДЫ ҚАЙНАТҚАН «ЗЫҢ-ЗЫҢ» ӘНДЕР

Демалысқа барған кезде үйдегі кішкентайларды жаныма жинап алғам. Бас-аяғы он шақты. Кішкентай дегендерімнің алды 4-ші сыныпты бітіргелі тұрса, аяғы 5 жаста. Бәрі туған-туыстың «детилері». Бірі жиен, бірі ағамның баласы, нағашылар жақтан да жоқ емес. Ананы-мынаны сұрап қызықтап, тілдерінің бұратылып сөйлегеніне мәз болып отырғам. Арғы бөлмеден теледидар жақтан жиен қыздың қиғылық сап жылаған даусы шықты. Жетіп бардым.
– Не болды?
– Балапан көрем. Жылаған күйі сұқ саусағымен теледидарды көрсетті Қарасам «Гәкку» музыкалық арнасынан жалба шаш не еркек, не қыз екені дүдәмалдау бір топ шыңғыруда. Бажайлап қарасам, баяғы менің «нервімді» көтеретін «Найнти уан». «Теледидар дауысын соншама көтеріп кеткеніне қарағанда нағашымның жоғары сыныпта оқитын қызы болу керек» – деп ойладым. Сол-ақ екен арғы жақтан үйдегі осылардың тұрақты жанкүйері де келе қалды.
– Аға, тұра берсін. Күшті айтады емес пе? Менде бұлардың соткамда барлық өлеңдері мен суреті бар, – деп танауы таңқиып әңгімесін төгіп келе жатқаны сол-ақ екен, қабағым түйіле бастаған мені көріп ары қарай сытыла жөнелді.
– «Найнти уанды» жаттағанша, сабағың­ды дұрыста, – дедім мен «Балапан» арнасына ауыстырып жатып.
– Аға, бұларды біздің сыныптағы қыз­дардың бәрі жақсы көреді, – деді ол да арғы бөлмеден дауыстап...
...Бүгінде құлағын тарс қып бітеп алған жас буын қазақтың нағыз әнін тыңдап жүр деп ойлайсыз ба? Бұл мәселе жалғыз біздің қазаққа ғана емес, алыс-жақын көрші мұсылман елдерге де үлкен жүк болып тұр. Негізінде, жас ұрпақта кінә жоқ. Біздің кездегідей емес, қазіргілер тәрбиенің қай тұсын болмасын қоғамдық ортадан, интернеттен, теледидардан алатынын ескерсек, бұлардың бәрі де жеңіл әнмен жарылқап тұр әзірге. Мектепте әуез пәнінің бағдарламасына енген халық композиторларының әндерін толыққанды бала бойына сіңірді дегенге өз басым мүлде сенбеймін. Расын айту керек, жастардың басым бөлігі халық музыкасын бойына сіңірмеген. Қайдан сіңірсін, ақпарат құралдары үздіксіз жеңіл әуенмен жетістіріп отырса. Кез келген бүгінгі буыннан сұраңызшы, халық әні немесе тұрмыс-салт жырлары, қазақ сазгерлерінің әндері дегенді ажырата ала ма екен? Ажыратады деуге сену қиын. Ән тыңдап ойлануға, әр әнде тарих барына, сол ән туған кезеңді түсінуге, тіпті, ән айту арқылы кейбір іштегі шердің жұбанатынын көбі ұға бермейді. Тым жеңілге үйір. Көңілді, желік шақырғыш, жартылай қазақша, жартысы басқа тілде, әуендері ұқсас, қойыртпақ әндер біздің төл музыкамызды төпелеп сыртқа шығарып келе жатқаны жасырын емес.
Шындығында, мағынасыз, мысықтың мау­ық­қанындай, иттің қыңсылауындай ән­дер көбейіп кетті. Жоғарыда айтқандай, теледидар мен радиодан бірен-саран болмаса, ұлттық нақыштағы әндер берілмейді. Ұлт музыкасын бала бойына сіңіретін бірден-бір орын мектеп еді, оны 8-ші сыныпта, жо-жоқ, қазір 6-шы сыныпта, бала енді оң-солын танығанда тоқтатып қойғанымыз тағы бар.
Айтпақшы, адамның көргені мен тың­дағанына қарай танымы да қалыптасады. «Әдемісің до того, көзің тоймайды» деп секеңдеп билеген жас ұрпақтың «зың-зың» деп зығырға тиіп, «эшкере» деп өзгеге әшкере болып кетпесіне кім кепіл? «Самая вышка» деп сарнап жүріп, сан соғып, әзәзіл әннен опық жеп жүрсек те, ойланбай келеміз.
Әне, жұмыс алдынан өткен көлікте «кляяс­тастар қайдеееу» деп айқайлаған сүреңсіз ән тағы естілді...

Ержан Қожас.
28 қаңтар 2019 ж. 929 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930