ЖАЙЛЫ ҚОНЫС, ЖАҢА ЖҰМЫС
Жұмыс іздеп жүрсіз бе? Әлде климат алмастырып, жайлы қонысқа орналасқыңыз келе ме? Онда жоспарыңызды жүзеге асыру үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарттарымен танысыңыз.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің солтүстігіне оңтүстіктің тұрғындары көшіп барып, жұмысқа орналасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Жалағаш ауданында жүзеге асып келеді.
2017 жылдан бері теріскей аймақтардан келген мамандар мен аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері бағдарламаға сәйкес жергілікті халықпен бірнеше рет кездесу өткізді. Ауылдық елді мекендерде де болып, тұрғындарды табиғаты көркем өңірге көшу үшін қандай құжат керек екенін түсіндірді. Жұртшылықпен кездесу кезінде жұмысшы топ өкілдері Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысындағы түрлі сала бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып, ол жақтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Теріскейдегі өңірлердің табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Орман алқабы мен өзен-көлдері көпті тамсандырады. Кәсіп ашып, мал ұстаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қолдауының арқасында елге ел қосылды. Оңтүстік жұрты солтүстік өңірлердің жұмыс күшін толықтырды. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын тауып келеді.
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына бірқатар жеңілдік пен қаржылай көмек ұсынылады. Атап айтсақ, бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне, кішкентай баладан қарияға дейін жол шығынын өтеу мақсатында бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері – 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 88 мың 375 теңге. Мұнан бөлек, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін жәрдемақы беріледі. Оның көлемі – қалалық жерге қоныс аударғандар үшін жан басына 20 АЕК, яғни 50 мың 500 теңге. Егер, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК-мен 63 мың 125 теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Ал, қоныс аударған отбасындағы адам саны 5 немесе одан да көп болса 30 АЕК-мен 75 мың 750 теңге жәрдемақы беру жайы қарастырылған. Солтүстік өңірлердің ауылдық елді мекендеріне қоныс аударғандар үшін де осындай жеңілдіктер бар. Мәселен, ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін жан басына 15 АЕК-мен 37 мың 875 теңге беріледі. Бұл ретте отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 18 АЕК-мен 45 мың 450 теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Ал, қоныс аударған отбасы саны 5 немесе одан да көп болса 21 АЕК-мен 53 мың 025 теңгеге дейін материалдық көмек қарастырылған.
Ал, пәтер жалдап тұруға қатысты берілетін жәрдемақының тиімділігі мол. Мәселен, солтүстік өңірге көшіп барғанда жалдап тұратын үйіңізді бірден сатып алуды көздеп, бірақ қаражатыңыз жетпесе, 12 ай бойы үйді жалдауға берілетін ақшаның бір жылдық жиынтығын бір уақытта алып баспанаға қол жеткізуге болады.
Бір сөзбен айтқанда, көшуге ниет болса, баспана жағынан да жұмысқа орналасу жағынан да барлық жағдай жасалған. Онда барғанда қоныс аударған отбасының жұмысқа жарамды әрбір мүшесі міндетті түрде жұмысқа орналасады. Бұл өз кезегінде аудандағы тұрақты жұмысы жоқ жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Сыр бойынан теріскейге қоныс аударып, тұрақты қызметке орналасуға ниет білдірген азаматтарға осындай жеңілдіктер қарастырылған.
Бұл өңірлерге көшуге ниет білдірген жандар ертеңгі күні жағдайым қиын болады деген көзқарастан аулақ болғаны жөн. Себебі, ауданнан осыған дейін де көшіп барған жандардың жағдайы жаман болып жатқан жоқ.
Мәселен, Қостанай облысына қарасты Қарабатыр ауылына көшкен жерлесіміз Арман мен Мәдина Атуарбековтер 2012 жылы медициналық колледжді «фельдшер» мамандығы бойынша бітіріп, алғаш еңбек жолын аудандық орталық ауруханадан бастаған болатын.
«Бүгінде тиімді бағдарламаның нәтижесімен жұмысымызды Қарабатыр ауылдық емханасында жалғастырудамыз. Қазіргі таңда Қарабатыр ауылынан бағдарлама бойынша төрт бөлмелі үй сатып алдық. Әзірге шаруашылық берген үйде тұрып жатырмыз. Өндеу жұмыстарынан кейін біржола көшпек ойымыз да бар. Ал, жұбайым уақытша шаруашылық асханасының меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Отан алдындағы борышын өтеп жатқан інім де осы ауылда жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр. Бір ғана Қарабатыр ауылында Қызылорда облысының өзге де аудандарынан көшіп барған жерлестеріміз жоқ емес. Олар да көшуге ниет болса, бар жағдай жасалып жатқанын айтады» – дейді Атуарбековтер отбасы.
Ал, енді Павлодар облысы, Екібастұз қаласына көшкен Алмасбек пен Динара Таурбаевтарға да тоқтала кетсек. Алмасбек Қазақстан вагон жасау компаниясында жұмысшы болып жұмыс жасайды. Ал, жолдасы «К.Пшенбаева атындағы Екібастұз тау-кен-техникалық колледжінде» энергетика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. Олар да көшуге ниет болса, бар жағдай жасалып жатқанын айтады.
Қазіргі таңда солтүстік өңірлерге қажетті мамандықтар әлі де көп. Мәселен, бірінші кезекте медициналық персонал, акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, тіс дәрігері, балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері мен мейірбикелер тапшы болып отыр. Осы мамандықтар бойынша дипломы бар кез келген жан солтүстік өңірге барса, жұмысқа орналасуға еш кедергі жоқ.
Келесі кезекте білім беру саласы бойынша да мамандар тапшылығы байқалады. Мәселен, орыс тілі және орыс әдебиеті пәні мұғалімі қазақ және орыс сыныптарына қажет болып отыр. Сондай-ақ, ағылшын тілі пәні, математика, химия, физика, бастауыш сынып мұғалімі, әскери дайындық сабағы мен дене шынықтыру пәні мұғалімі бойынша да мамандар жетіспейді. Бұл тек медицина мен білім саласы бойынша қажетті мамандықтар тізімі ғана. Болмаса, электрик, тракторшы, механизатор, наубайханашы, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізуші азаматтар үшін де бос жұмыс орындары баршылық.
Бұл еліміздің өзге аймақтарымен қатар ауданда жұмыссыз жүрген жандар үшін де үлкен мүмкіндік болып отыр. Солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға байланысты ниет білдірген кез келген жеке тұлғада сауал туындаған жағдайда аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығынан кеңес алуына болады.
Мәншүк КЕНЖЕБЕКОВА,
аудан әкімдігінің халықты жұмыспен
қамту орталығының маманы.