Өлке тарихының өзегі
Көнеден бізге жеткен жәдігерлер мұрасына айналған аудандық тарихи-өлкетану музейінен біздің дәуірімізге дейінгі МИЛЛИОНДАҒАН жылдан бергі кезеңді қамтитын құнды экспонаттарды кездестірдік. Мұнан бөлек, Жалағаш жерінен шыққан талай баһадүр батыр мен би-шешендер және әулие-абыздардың тұтынған бұйымдары мен олар жөніндегі біз білмейтін тарихи деректер де осындағы көрме сөресіне қойылған. Бұл таңғажайып көне экспонаттар сан ғасырлық тарихы бар ұлы даланың тыныс-тіршілігінен сыр шертіп тұр.
Әр мамандықтың өзіндік қиындығы, әр саланың өз жауапкершілігі бар. Әсіресе, тарихты бағамдай білу, көне жәдігерлерге сипаттама беріп, оның қай кезеңге жататынын, кімдер қолданғанын анықтау қиынның қиыны. Біз осы аптада өңірге белгілі тарихшылар еңбек еткен аудандық музей ұжымының ортасында болып, жоғарыда айтылған мамандықтың қыр-сырына қанықтық. Онда ауданның сан ғасырлық тарихын зерттеп, зерделеу, өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, музей қорын құнды экспонаттармен толықтырып жүрген музей қызметкерлерінің жұмысымен танысып, көрмеге алынған құнды жәдігерлерді тағы бір қолмен ұстап, көзбен шолып шықтық. Жалпы, музей қорындағы жәдігерлердің саны – 7 мыңға жуықтайды. Оның ішінде негізгі қорға алынған экспонаттар да бар.
БҰРЫНҒЫ КИНОТЕАТР,
ҚАЗІРГІ МУЗЕЙ
Қазіргі музей ғимараты өткен ғасырда Абай атындағы аудандық кино театры болғанын еститінбіз. Екі ғасырды еңсерген ғимарат бүгінгі күні тарихи жәдігерлер тоғысқан киелі орынға айналды. Негізі ауданда алғаш рет музей ашу жұмыстары 1988 жылы қолға алынып, сол жылы біршама жұмыстар атқарылғанымен кейінгі уақытта түрлі себептермен аяқсыз қалған екен. Арада 10 жыл өткеннен кейін музейді ұйымдастыру жұмыстары қайта жанданып, бұрынғы Абай атындағы кинотеатрдың ғимараты аудандық музейге беріліпті. Ерекше үлгіде салынған бұл көне ғимарат қазір архитектуралық ескерткіштердің бірі. Ондағы мамандардың сөзінше, музейдің жаңа экспозициясы 1999 жылдың 4 қарашасында ашылып, Жалағаш ауданының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет ете бастады. Бұл мекеменің алғашқы директоры болып Ахмет Тілеулиев тағайындалды. Кейінгі жылдары музейге Мирамкүл Биманова басшылық етсе, қазір музей тізгінін Қожатай Құлмахан қолға алды.
ТАСҚА АЙНАЛҒАН АҒАШ
Музейдің кіші залында Көркемсурет галереясы орналасқан. Онда палеоген дәуіріндегі өңірдің геологиялық тарихы, ауданымыздың табиғаты, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, сондай-ақ, Қарақұм бөктері мен Қызылқұм қойнауынан табылған археологиялық және тарихи жәдігерлер қойылған.
Қарақұмнан Қызылқұмға дейін 5-6 жүз шақырым аралығында ата-бабамыздың іздері сайрап жатыр. Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай батырлар мен Кенесарының жойқын жорықтарынан қалған белгілерді былай қойғанда, мұнда, тіпті, ежелгі адамдар салған көне қалалардың төбешіктерін де кездестіруге болады. Ежелгі асарлар, шоқы-сайлар тілін тапсаң, сөйлеп қоя беретін шежіре іспетті. Тіпті, бұл жерлерден тасқа айналған ағаш та кездеседі.
Жалпы, ағаш тасқа айналады десе, сенесіз бе? Миға сыймайтын дүние сияқты. Тек аңыз-әңгімелерде, адам қиялынан туған туындыларда ғана кездесетіндей болып көрінеді. Айталық, әйгілі "Тас бол" киносында. Дегенмен, мына жалғанда мүмкін емес нәрсе жоқ екен. Ағаштың тасқа айналуы да сондай ғажайып құбылыстардың қатарынан болса керек.
Бұл тасқа айналған ағаштың бір жұрнағын осы музейден көрдік. Минералды ресурстарды сіңіру барысында тасқа айналған ағаштың кішкене бөлшегі осында тұр. Ғалымдар бұл ағашты біздің заманымызға дейін миллиондаған жыл бұрын Палеоген дәуірінен қалған деп сипаттапты. Киелі Қарақұм мен Қызылқұм топырағы талай сырды ішіне бүгіп жатыр ғой. Тарихшылардың сөзінше, Археозой дәуірінің бор кезеңі, сан миллиондаған жыл бұрын Палеозой дәуірінің соңында қазіргі Тұран ойпаты Панталасса мұхитының ортасындағы Пангея атты аса зор континентінің құрамында болды. Мезозой дәуірінің ортасында жер қыртысының тектоникалық тербелмелі қозғалыстары салдарынан қазіргі Қарақұм шөліндегі Егізқара, Бөріойнақ, Жырық, Аққорған-Бөлтік қыраттары пайда болған деседі. Музей экспозицияда көрініс тапқан түрлі жер қыртыстарының фрагменттері осы дәуірден сыр шертіп тұр.
Сонымен бірге, бұл залға өңірден шыққан белгілі тұлғалардың, ақын-жазушылардың тұтынған бұйымдары, жарық көрген кітаптары мен қойын дәптерлері қойылған. Аудан тұрғыны Сара Боханова сыйға тартқан көне музыкалық аспаптартарды да осы залдан кездестіруге болады.
Кіші залдан әрі қарай аяқ бассаңыз өзіңізді құдды бір жануарлар әлеміне тап болғандай сезінесіз. Өйткені, ауданымыздың табиғаты, өсімдіктер мен жануарлар әлемін суреттейтін залда өңірімізде мекендейтін аң-құстар бейнеленген. Жалағаш ауданы жерінің басым көпшілігі жазықтардан құралған. Жазық бетінің әр жерінде жатаған жусан өскен шағыл құм төбелері кездеседі. Климаты континенттік, жазы – ыстық, құрғақ әрі ұзақ, қысы қарсыз қысқа, бірақ суық. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі шөл және шөлейт дала табиғатына бейімделген. Музей диорамасы мен екі витринада ауданымызда «Қызыл кітапқа» енгізілген түрлі құстар, бауырмен жорғалаушылар мен кеміргіштердің муляждары және сирек кездесетін өсімдіктерден жасалған гербарийлер мен ағаштардың кесілген діңгектері қойылған.
КЕШЕГІ ҚАЛА, БҮГІНГЕ МҰРА
Киелі Жалағаш топырағы түрлі тарихи ескерткіштерге бай, қойнау-қатпары ашылмаған құпияларға толы киелі өңір десек қателеспейміз. Қазіргі таңда аудан территориясында орналасқан 61 тарих және мәдениет ескерткіштерінің ішінде ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қоныстар ерекше орын алады. Музей залында осындай археологиялық және тарихи ескерткіштер экспозициясында киелі өңірдегі көне қалалар көрініс тапқан. Онда ежелгі сақ және қаңлы дәуірінен бері Түгіскен, Ойғарақ обалары, Баланды І қалашығы мен Баланды ІІ күмбезді кесенесі, Домалақ асар, Моншақты асар, ортағасырлық Жент және Құмқала І қалашықтарының орындарынан табылған экспонатттар бар.
Мәселен, Жент қаласынан табылған қирандыларының мерзімделуін әр ғасырларға жатқызуға болады. Қаланың солтүстігін су жүрген арық-канал кесіп өтсе, оның солтүстік-батысында ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Хиуа хандары қам кесектен салдырған ғимараттар, мұнаралар мен тұрғын үйлердің қабырғалары сақталған. Қаланың бас қақпасы дуалдың оңтүстік-батысында орналасқан.
Қаланың орталық бөлігіндегі цитадель мен оның маңындағы күзет мұнарасы, қаланы сыртынан терең етіп қазылған ормен айнала қоршаған қорған-дуалдар да кейінгі ғасырлармен (ХVІ–ХVІІ ғ.ғ.) мерзімделеді. Цитадельдің ғимараты қам кесектерден қаланып, ортасынан жүргізілген дәлізбен екі бөлікке бөлінген, оның әрқайсысы 8-10 бөлмеден тұрады. Күзет мұнарасының жалпы пішіні сегізқырлы болып келген, сабан мен малдың майда сүйектерін қосып илеген қам кесектерден (пахса) қаланған. Биіктігі шамамен 7 метрдей. Қабырға-дуалмен қоршалған қаланың жарты бөлігі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа дейін созылып жатыр.
Көптеген ғимараттардың құландылары қаланың орталық бөлігін кесіп өткен үлкен каналға жапсарлас салынған және қазіргі уақытта үстіне керамика сынықтары шашылып, үйілген құм төбелер мен қабырғалардың қыштардан қаланып қираған тұғырлары күйінде жатыр. Музей қорындағы құнды экспонаттарға қарап мамандар қала тарихына осылай сипаттама берді.
Бұл экспозициядан аудан көлемінен табылған тас, қола дәуірлері ескерткіштерімен танысып ғана қоймай, керамикалық ыдыстар, шыңылтырлы қаптама, темірден жасалған жебенің ұштары мен мыс ақшалар секілді сақ, қаңлы және қыпшақ тайпаларының салт-тұрмыстық бұйымдары мен қару-жарақ түрлерін де көре алдық.
Айта кетейік, бүгінде аудандық музейде қазақ халқының қолөнер туындыларының баға жетпес этнографиялық ескерткіштерін сақтайтын үлкен қор бар. Ұлттық мәдени мәні мен тарихи маңызы зор жәдігерлерді іздестіру мақсатында музей қызметкерлері ауданның елді мекендеріне этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып, қазақ халқының көптеген қолданбалы өнер және салт-тұрмыстық заттарын жинақтаған. Нәтижесінде, халықтың қолөнер саласы бойынша тұрмыста сирек кездесетін бірегей жәдігерлер музей экспозициясынан көрініс тауып отыр. Олардың ішінде қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығын көрсететін әртүрлі қолөнер, аңшылық және еңбек құралдары, зергерлік-әшекейлік бұйымдар, үй ішінің құрал-жабдықтары мен жиһаздары, қазақтың ежелгі дәстүрі мен эстетикалық талғамын білдіретін ұлттық киім түрлері кездеседі.
Кеңінен таралған осынау қолөнер бұйымдарының түрлері, олардың қайталанбас ою-өрнектері қазақ даласында белгілі шеберлердің көп болғаның айғақтап тұрғандай.
ЖӘДІГЕРЛЕР КӨМБЕСІ
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үлкендерше еңбекке араласқан балалар өгізге соқа жегіп, жер жыртты. Сұрапыл жылдары ауыл шаруашылығы саласына қолданылған бұл көне соқа қазір аудандық музей қорындағы құнды экспонаттардың бірі.
Архив деректеріне сүйенсек, Ұлы Отан соғысына үш мыңнан аса жалағаштықтар аттанып, олардың тек 826-ы ғана кері оралған екен. Екі мыңнан аса жалағаштық жауынгер майдан даласында қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті. Соғыс жылдарында жалағаштық жауынгерлердің табаны тимеген жер кемде-кем. Біздің жүздеген жерлестеріміз батыс шекара бойында немістердің алғашқы шабуылына тойтарыс беріп, жау тылындағы партизандық қозғалысқа да араласып, соғыстың соңғы ширегінде Кенигсберг пен Берлин қалаларын басып алу шайқастарына да қатысты. Мұндай тарихи деректер де музей қорында сақтаулы тұр.
Экспозицияда тыл еңбеккерлердің де ерен ерлігін паш ететін көптеген жәдігерлер қойылған. Мұнда соғыс жылдарында түсірілген фотосуреттерді, газеттер мен жауынгерлердің майданнан елге жазған сағыныш хаттарын, орден-медальдардың көптеген түрлері мен алғыс хаттарды тамашаладық. Сонымен қатар, осы залда көрермендер назарына соғыс жылдарында пайдаланған қару-жарақтардың бірнеше түрлері ұсынылған.
Негізі бұл үлкен залда жоңғар және қалмақ басқыншыларына қарсы күрес кезеңінен бастап, хиуа басқыншыларына қарсы күресі жылдарын, Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысы, өңірде кеңес үкіметінің орнауы мен азамат соғысын, Қарақұм көтерілісін, саяси қуғын-сүргін, Жалағаш ауданының құрылуын, Ұлы Отан соғысы жылдарын, соғыстан кейінгі кезеңді қамтитын құнды деректер мен Тәуелсіз Қазақстан экспозициясы қойылған.
Осының ішіндегі алғашқы экспозицияда ХVІІ ғасыр мен ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде қазақтарға қарсы жоңғарлар мен қалмақтардың жорықтары негізінде қойылған көрме көпшіліктің назарын аударып тұр. Тарихи деректерде айтылғандай, сол дәуірде елге ентелеп келген жау Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы қалалар мен маңызды сауда жолдарын иемденуге ұмтылады. Іргесіне тықыр таянған қазақтар 1710 жылдың жазында Қарақұмда үш жүздің басы қосылған жалпықазақ құрылтайын шақырды. 1723 жылдың көктемінде жоңғарлар қазақ жеріне лап қояды. Тарихқа бұл қилы кезең «Ақтабан-шұбырынды» деген атпен енеді. Кіші жүздің Шөмекей тайпасынан Келте тонды Келмембет пен Тойқожа, Табын тайпасынан Сәрке мен Жүзжасар батырлар басқарған қазақ қолы бұл шайқастарға тікелей қатысты. Бұл экспозицияда жоғарыда аталған батырлардың фотосуреттері, «Аңырақай» және «Қалмаққырылған» деген жерлердің көріністері мен сызбалары, қазақ батырлары мен сарбаздары көрініс табады. Сондай-ақ, қазақ батырларының сол замандарда пайдаланған бұйымдары мен суық қаруларының бірнеше үлгілері қойылған.
Ал, «Тәуелсіз Қазақстан» экспозициясы еліміздің егемендік алуы мен тәуелсіздікке қол жеткізуі секілді күрделі процесті көрсетуге арналған.
Экспозицияға қойылған экспонаттардың қатарында тарихи құжаттар мен бұйымдар, мұрағат материалдары, сонымен бірге, бұл экспозиция қазіргі заманға сай ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктерімен жіті танысуға мүмкіндік береді.
Түйін. Біз бір күнімізді музей қызметкері ретінде өткізіп, талай тарихтың сырына қанықтық. Милиондаған жылдан астам тарихы бар киелі Жалағаш өңірінің әрбір қатпар қыртысы ғаламат сырға толы. Ол – адамзат баласы үшін рухани қазына, бүгінге жеткен құнды мұра. Аудандық музей қорындағы 7 мыңға жуық әртүрлі экспонаттар осы өңірдің жері қазыналы, тарихы тереңде жатқанын айғақтап тұр. Мұның бәрі құнды жәдігерлерді ел арасынан жинақтап, дархан даланың қиелі жерлерін зерттеп жүрген музей қызметкерлерінің тынымсыз еңбегін жемісі деуге болады. Тарих пен жас ұрпақты сабақтастырған мұндағы мамандар шежірелі Жалағаш жеріндегі көне қалаларға қазба жұмыстарын жүргізсе, әлі талай құнды экспонаттарға қол жеткізетіндеріне сенімді.
Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).