СҰЛУЛЫққа серпілмейтін сезім жоқ

Аудан орталығында сән салондары көп. Барлығының қызметі сапалы болғанымен бұл салада талай жылдарды артқа тастаған тәжірибелі мамандар аз деуге болады. Бағамдай келе бір күнімді сұлу болудың сан түрлі құпиясын білетін, саланың жандануына елеулі үлесін қосып жүрген Айгүл Искакованың «Айгүл» сұлулық салонында өткізуді жөн көрдім. Бұл сән салонына тоқтауымның өзіндік себебі бар. Жоғарыда айтқанымдай, қызмет сапасы мен кәсіби деңгейіне қарай сұранысқа ие орындардың бірі. Айгүл Қожахметқызының осы салада жүргеніне отыз жылға жуық уақыт болыпты. 1990 жылы сән жолындағы жұмысын бастаса, 2002 жылдан жеке сұлулық орталығының негізін қалап, қыз-келіншектерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Осынша тәжірибесінің арқасында кәсібін жандандырып, дамытып отыр.

– Айгүл ханым, сіздіңше сұлулық сыры неде?
– Сіңілім-ау, сұлулық сыры – күтімде. Әйел адам өзіне қарайтын, бет-әлпетін күтетін уақыт табуы керек. Табиғи сұлумын деп жүре берсе, күтінбесе адам азады. Өйткені, ауа райының құбылуы да адам ажарына әсер етеді. Әсіресе, жас кезде терінің түріне қарай түрлі кремдерді пайдаланғанның да пайдасы көп. Ол теріні күнге күюден, желден, суықтан жарылудан, құрғап кетуден, созылудан және қартаюдан біршама сақтайды. Әрбір әйел өз-өзіне ерекше күтім жасап, көңіл бөліп жүргені дұрыс.
– Сән салоныңызды ашарда несие алдыңыз ба, әлде...
– Несие де алғаным жоқ, қайтарымсыз гранттарға да құжат тапсырып көрмеппін. Кәсібімді өз қаржыммен бастадым. Қиындықтар болды, бірақ, қазір бәрі жақсы. Шүкір, кәсібімнің көкжиегі кеңейді, – дейді сән орталығының иесі. Осылайша сәл сұхбаттасып үлгердік. Санаулы уақытта шаш үлгісі дайын болды. Бәрі керемет, жарасымды. Менің түсінгенім – шаш қысқартып, оны сәндеудің өзі кез келген адамның қолынан келе бермейді. Оған да ұтқыр ой мен ептілік және қиял мен төзімділікті ұштастыра білу керек екен. Арулардың сұранысында тырнақ әрлеу қызметі жоғары тұр. Тырнақ бетіне түрлі-түсті бояуды жағып, оның бетіне өрнек салу оңай шаруа емес. Бұл жұмыстың маманы да жауапкершілік пен төзімділіктің бірінші орында екенін айтады. Келушінің қалаған дизайнын тырнағына салып беру де кәсіби шеберлігіңнің жоғары болуын талап етеді. Себебі, сән салондары көп, тұтынушы тек сапа мен шеберлікке мән береді.
Жалпы, мұнда бір күн ішінде он бестен аса қыз-келіншек келеді екен. Мамандардың айтуынша, мереке күндері адам қарасы мұнан да көп болатын көрінеді. Бірі әдемі шаш үлгісін жасатса, енді бірі қас-кірпігін әрлеп, ерекше кейіпке енгісі келеді. Айта кетерлігі, барлық қызмет түрінің бағасы қалтаңызды қақпайды, қолжетімді. Бастысы мамандар тәжірибелі, өз істеріне адал. Сұраныс болған жерде сапа да болатыны белгілі ғой.
Түйін. «Сұлулық – әлемді құтқарады» деген. Әдемілік әлемінің қызметшісі болған осы уақыттың өзі мен үшін керемет сәт болды. Мұқағали Мақатаевтың «... Әдемілік бізге көптік етпейді» деген сөзін өз ойыммен қуаттап, сұлулық әлемінен алыстай бердім.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.