Түркістан облыстық әкімдігі 5 баласынан айырылған астаналық отбасыға бір күндік жалақысын аудармақ
Таяуда Астана қаласында орын алған қайғылы жағдай қазақстандықтарға ауыр тиді. Көпшілік бір түнде бес баласынан айырылған отбасыға қолдан келгенше көмек көрсетуде. Бұған дейін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қайғыдан қан жұтқан отбасыға бір күндік жалақыларын аударса, ендігі бұл істі Түркістан облыстық әкімдігі жалғастырмақ, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Елордада болған қайғылы оқиғаға байланысты Түркістан облысы әкімінің аппараты мен басқарма қызметкерлері Ситерлер отбасына бір күндік жалақыларын аударатын болды.“Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бұл орны толмас қаза екенін айтып, балапандарынан қапияда көз жазып қалған отбасымен бірге екендігін жеткізді”, – делінеді әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар облыста көпбалалы және жас отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілетінін жеткізді. Бүгінде Түркістан облысында 134 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Батыр аналардың көптігі жөнінен де өңір көш басында. Мәселен, 19 мыңнан астам ана «Алтын алқа», 31854 ана «Күміс алқа» орденінің иегерлері. Ол отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақылар мен тиісті қолдаулар көрсетілуде.
Stan.kz
Пікір 2