Сары ауру, ВИЧ: Мамандар сұлулық салондарында түрлі дерт жұғуы мүмкін екенін ескертуде
Астанадағы жиырмаға жуық сән салонының қызметкерінің "В" және "С" гепатитіне шалдыққаны анықталды. Салдарынан 50-ге жуық адам түрлі тері ауруларын жұқтырған. Одан бөлек санитарлық нормалардан жұрдай, тіпті арнайы білімдері мен лицензиялары жоқ сұлулық орындарынан зардап шеккендер күн санап артып келеді.
"С" гепатиті , ВИЧ, түрлі тері аурулары. Абай болмаса кез-келген қыз-келіншек дәл осы қауіпті дерттерді сұлулық салондарынан жұқтырып алуы әбден мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Себебі, жаңбырдан кейін саңырауқұлақтай қаптап кеткен орындардың көбінде санитарлық талаптарға сай қызмет көрсетілмейді екен. Мәселен арнайы тексеріс барысында В және С гепатитін жұқтырған сұлулық салонының 16 қызметкері анықталыпты. Шаштараз, косметолог, маникюр шеберлерінің арнайы білімі, тіпті медициналық анықтамасы да болмаған. Салдарынан, 47 адам түрлі тері ауруларын жұқтырған, дейді мамандар, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
«Арнайы тексеріс барысында Аstana mall, "Артем", "Жаннұр", "Ақжайық" сауда орталықтары мен "Визит", "Рабиға", "Дина" , "Золото" сынды сұлулық салондарынан вирустық С және В гепатитін жұқтырған қызметкерлерін анықтадық», - дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабулов.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, қалада 500 ден астам сән салоны бар екен. Бірақ олардың барлығына тексеріс жүргізу мүмкін емес, тіпті заңсыз. Тек тұтынушы тарапынан шағым түссе ғана рұқсат көрінеді. Мәселен Алтынай есімді бойжеткен де тырнағын сәндеймін деп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Ол адам көп шоғырланған жердегі салонға кіріп, тырнағын боятпақ болыпты.
«Асыққандықтан, тез-тез жасатып шықтым. Бірақ та тез жасатқанымның кесірінен гепатит ауруына шалдыққан болатынмын. Әрине гепатит ауруы ол вирус қазіргі уақытта көптеген салондардан табылып жатыр деп естідік. Дәріханада бірақ та тез арада емдетіп, гепатит вирусынан Құдайға шүкір құтылдым», - дейді зардап шегуші Алтынай.
Ал Павлодарлық Светлана Ильина макияж жасатамын деп, 2- ші топтағы мүгедек атанды. Ол сауатсыз қызметкердің кесірінен қос жанарынан бірақ мезетте айырылды. Сорақысы содан кейін 8 жыл өтсе де, сән салоны өз кінәсін әлі мойындамапты. Тіпті, кешірім де сұрамаған.
«Әуелі қасыма, кейін қабағыма татуаж жасаттым. Процедураның барлығы біткен соң, мені орнымнан тұрғызып, үлкен айнаның алдына әкеліп қойды. Бірақ мен өзімді көре алмадым. Көзім ауырғаны сонша - мен дауыстап қатты айғайлап жыладым. Ал дәрігерлер болса кейін күйеуімнің туысқандарына: дайын болыңыздар, ол енді өмір бойына соқыр болып қалады деп айтты» , - дейді зардап шегуші Светлана Ильина.
Елордадағы салондардың біріне біз де бас сұқтық. Әкімшіліктің сөзінше бүгінде қалада санитарлық талаптарды сақтайтын мекемелер некен-саяқ. Тіпті, құрал-жабдықтардың өзін дұрыс стерилизациядан өткізбейді. Бірақ, тұтынушылар тарапынан сұраныс көп болу үшін, жұмыс орнын мұнтаздай таза ұстап, клиенттердің барлық тараптарын бұлжытпай орындауға тырысатынын жеткізді. Қажетті құжаттарды да керек болған жағдайда көрсетуге әзір!
«Сұрайды, сізде таза ма деп. Өйткені әр адамның түрлі ауруы бар ғой енді... Сондықтан құрғақ ыстық құрылғысына салғанда сарыауру, зең, бактерия, инфекциялардың бәрі өледі. Ыстық 180-200 градус шамасында», - дейді салон шебері Жәмиля Арынова.
Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының өкілдері де сұлылық салондарынан, тіпті үйге келіп жасайтын мамандарға қатысты шағым жиі түсетінін жасырмайды. Тек вирусты жұқтырғаныны көп тұтынушылар жарияға жар салғысы келмейді. Мүмкін содан болар, былтыр тек ресми түрде үш қана шағым түсіпті.
«Өкінішке орай, соңғы уақытта тұтынушылар тарапынан шағымдар көп келіп түседі. Бірі қызметкерлердің дөрекі сөйлегеніне, бірі салғырттығына, басқасы сапасыз қызметке, енді бірі зардап шегіп, тез арада тиісті шаралардың қолға алынғанын талап етеді», - дейді тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымының өкілі Еркін Томпиев.
Қауіпті вирусты жұқтырып алмас үшін қызметкерден келесіні талап етіңіз. Қолында міндетті түрде медициналық қолғаптың болуын қадағалаңыз, құрал-саймандар стерилизациядан өткеніне көзіңізді жеткізіп алыңыз және керек болған жағдайда маманнан тиісті медициналық анықтама мен сертификатты талап етіңіз! Себебі дәл осы айтылған сақтық шаралары - Сізді түрлі инфекциядан құтқаруы мүмкін.
Stan.kz