Қарағандылық студенттер «қара сабынды» нарыққа шығаруды көздейді
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бұрынырақта ата-бабаларымыз күнделікті тұрмыста қолданған, бүгінде ұмыт болған «қара сабынды» жасап жүрген қарағандылық студенттер Дәулет пен Айжан өнімді нарыққа шығарып, бизнеспен айналыспақ. Мың ауруға ем саналатын қара сабынды өндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастармен әңгімелескен болатынбыз.
Ел аузында «қара сабын» немесе «бұзаушық» аталатын малдың майы мен өсімдіктердің күлі қосылып жасалатын сабынды ертеректе қазақ халқы тұрмыста кеңінен қолданып, қажетіне жаратқан. Медицина дамымаған заманда қолдан жасалған сабынның көмегімен тері ауруларын, жұқпалы ауруларды емдеп отырған. Бүгінде дүкен сөрелерінен қара сабынды таппайсыз. Оны өндіруді қолға алып, әлеуметке пайдалы бұйымды жасап жүрген Қарағанды медицина университетінің студенттері Дәулет Ыбырай мен Айжан Мәлікова болашақта қара сабын өндірісін мемлекет деңгейіне көтеруді жоспарлайды.
«Сабынның құрамы бар болғаны екі қоспадан тұрады, оның бірі – қойдың майы, екіншісі – адыраспанның күлі. Қазақ халық медицинасында қойдың құйрық майы кеңінен қолданылатыны барлығымызға белгілі. Ерітілген құйрық майды тыныс алу жолдарының ауруларына, созылмалы жөтелге, тұмауға қарсы және денедегі жараларды емдеуге пайдаланылады. Адыраспанды ата-бабаларымыз киелі шөп деп есептеп, оны босағаға ілген. Халық емшілері адыраспанның мың бір ауруға ем екенін анықтап, оны тері ауруларында, құяңмен сырқаттанғанда, суық тигенде, өкпе демікпесінде, талма дертіне және тағы да басқа ауруларға қарсы қолданған. Осы екі компоненттен тұратын «қара сабынды» ертеректе ата-бабаларымыз кеңінен пайдаланған, оның шипалы әрі емдік қасиеті дәлелденген. Сондықтан, бұл сабынның адам денсаулығына пайдасы зор екеніне күмәніңіз болмасын», - дейді Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 3-курс студенті Айжан Мәлікова.
«Қара сабынды» жасап шығарған жастардың айтуынша, бұл өнім экологиялық таза әрі табиғи, құрамында химиялық заттар жоқ. Қарапайым құйрық май мен адыраспан өсімдігінің күлінен жасалған сабын псориаз, экзема сияқты тері ауруларына қарсы таптырмас құрал дейді жобаның авторлары.
«Қара сабын» адам денесіндегі қотыр, қышыма, безеу, бөртпе сияқты тері ауруларына бірден-бір ем. Бұл сабын басқа сабындар сияқты теріні құрғатпайды. Ол терінің қабынған жеріне тікелей әсер етеді», - дейді жобаның авторы, медицина университетінің 6-курс студенті Дәулет Ыбырай.
Қазіргі уақытта нарықта құрамында артық қоспасы жоқ, денеде аллергия туғызбайтын өнім табу қиын. Тіпті сабынды қолдан жасайтын өндірушілердің өзі ароматизаторлар мен бояулар қолданады. Ал «Қара сабында» ешқандай қоспа жоқ. Оның түсі қара, өзіне тән исі бар.
«Жалпы адыраспанның орнына сексеуіл, қарасора сияқты басқа да өсімдіктердің күлін пайдалануға болады, бастысы өсімдіктің құрамында сабынды көпіршітетін компонент болса болғаны. Бұл жобаны мектепте оқыған кезде жасап, облыстық ғылыми жобалар жарысына қатысқан болатынмын. Кейіннен жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, жобаны қайыра қолға алып, дамытуға бірнеше рет оқталған едім. Алайда, сәті түспеді. Ал биылғы жылы Айжан екеуміз «Enactus» атты команда құрып, жобаны аяқтауға бел шеше кірістік. Шындығында, жаныңдағы жаңа адамдар жобаға жаңа тыныс әкелгендей болды. Болашақта бастаған ісіміз табысты болар деген үміттеміз», - дейді Дәулет.
«Қара сабын» клиникалық тексерістен өткен. Сабынды жоба авторларымен қатар отбасы мүшелері де қолданып көріп, өнімнің адам денсаулығына пайдалы екені дәлелденген.
«Сабынды барлығымыз да тұрмыста пайдаланып көрдік. Мысалы, менің отбасымда жасөспірім шақтан өтіп келе жатқан қыз бала бар. Оның бет терісіне безеулер шығады. Сіңіліме сабынды қолданып көруге кеңес берген едім. Ол қара сабынның көмегі тигенін айтады. Дегенмен де оған сабынның иісі ұнамайды, себебі қой майының өзіне тән исі бар. Сондай-ақ, әкем де бұл сабынды пайдаланды. Ол тері қабынуы сырқатына шалдыққан еді. Сабын оның денесіндегі жараларды жазуға көмектесті», - дейді Айжан.
«Қара сабынның» бағасы қарапайым халық үшін қолжетімді. Оның 1 грамының құны 25 теңге.
«Энактус» командасында Дәулет екеуміз қолға алған жобамызды іске асыруға тырысып жатырмыз. Дәулет прожект-менеджері болса, мен маркетингке жауаптымын. Яғни, Дәулет өнімнің сапасына жауапты болса, мен оны әрі қарай нарықта сұранысқа ие болуы үшін жұмыс жасаймын. Биылғы «Жастар жылы» өз қабілетімізді, қолымыздан іс келетінін көрсетуге тырысамыз, бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Қазіргі уақытта сабынды көптеп өндіруге тырысып жатырмыз. Аздаған тұтынушыларымыз да бар. Дегенмен жобаға қолдау көрсететін кәсіпкерлердің көмегіне зәруміз», - дейді Айжан.
Жібек Мұқашева
Фото: автор
BAQ.KZ