ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ӘРБІР АДАМ ЖАУАПТЫ
Қылмыс қоғам үшін қауіпті. Қылмыстық заңда бөтеннің меншігіне қол сұғу үшін жауаптылық меншік қатынастарына, қол сұғу тәсілдеріне байланысты дараланып бөлінеді. Меншікке қарсы қылмыстардың ішіндегі ең көп тараған және қоғамға аса қауіптісі – ұрлық.
Заңсыз біреудің үй-жайына, бөлмесіне немесе басқа да қоймасына кіре отырып, ұрлық жасағаны үшін заңда ауырлататын жауаптылық көрсетілген. Осымен ол алаяқтықтан немесе қорқытып алушылықтан ажыратылады. Көбіне ұрлық жасалатын жерлерге: дүкендер, қоймалар, басқа да бағалы және құнды заттар сақталатын әртүрлі орындар, азаматтардың пәтерлерінен және аулаларынан, сондай-ақ, вокзалда, пойызда қол жүктерін, адамдардың көп жиналған жерлерде қалтадан ұрлық жасау жатады. Ұрлық затына ақша, әшекей бұйымдар, күрделі техникалық заттар: телевизор, компьютерлер, көлік құралдары, қымбат ыдыстар, қымбат коллекциялық заттар, көне жазулар, антиквариат және т.б жатқызуға болады.
Пәтер ұрлығына тоқталсақ, үй иелері жұмысқа, демалысқа кеткенде немесе демалыс күндерін саяжайда өткізетін кезде пәтер ұрлығы да көбейеді. Көпқабатты тұрғын үй подъездерінің, жертөлелердің, шатырға шығу есіктерін темір есіктермен ауыстыру керектігін түсіндірудеміз. Бүгінгі таңда пәтер тонаушылардың пәтерге ену тәсілдері де жыл санап заманауи сипат алып барады.
Үй иелері қандай да бір тауар сатушы ретінде келгендерден өте сақ болғаны жөн. Өйткені, олар үй иесінің көңілін аулай алмаса да, пәтердің жай-күйін бақылап, есікке қандай кілт түсетінін, үйде қандай бағалы бұйымдар бар екенін анықтайтын көрінеді. Сондықтан да, бір адамның үйге қайта-қайта келіп, қоңырау шалуының арты үлкен өкінішке ұрындыруы мүмкін. Себебі, қылмыскерлерге қайта-қайта қоңырау шалу ауадай қажет. Осы арқылы олар тұрғындардың қайсысы қай уақытта үйлерінде болмайтынын анықтайды. Сонымен қатар, тұрғын үй маңында, аулаларда, көшелерде және өзге де орындарда жарықтандыру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі де өте маңызды. Үйден ұзақ уақытқа кеткен жағдайда көршілерге анда-санда қарап отыруын өтінген жөн.
Автокөліктерден ұрлық жасауды атап өтсек, аудан көлемінде автокөліктердің аккумуляторларын, автомагнитафон, доңғалақтарын және осы тектес қосалқы бөлшектерін ұрлау тыйылмауда. Сол себепті, автокөлік иелеріне көлік есігін ашық қалдырмауды, қосымша дабыл сигналдарын орнатуын, түнгі мезгілде автокөліктерін қараусыз қалдырмауын және күзетілетін автотұрақтарына немесе үй аулаларына қою керектігін, сонда ғана сіз ұрлыққа жол бермей, өз иелігіңіздегі дүниенің қолды болуының алдын аласыз.
Ұрлықтың тағы бір тыйылмай тұрған түрі – мал ұрлығы. Мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналып отыр. Мал ұрлығымен күрес тынымсыз жүргізілуде. Мал ұрлығы қылмыстарының жаз, күз айларында малдардың далада жайылатын уақыттарында белең алатыны ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын арттырумен қоса, тәртіп сақшыларының жұмысына жауапкершілікті арттырады. Мал ұрлықтарына талдау жасағанда анықталғандай оның 80 пайызы иелерінің малдарын қараусыз жіберетіндері жайылымнан жоғалып, олар ұрлықпен айналысатын қылмыскерлерге оңай олжа болып отыр. Ауыл тұрғындарына өз меншігіндегі малдарын қараусыз қалдырмау, күтуге қосу, мал бағушылармен келісім-шартқа отыру жайында АПб ЖПҚб-ның учаскелік полиция инспекторлары түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір мал иелері өз малдарының қай жерде жүргенінен бейхабар бола отырып, «малым қолды болды» деп аудандық полиция бөліміне арызданып келеді.
Мал ұрлығымен күресуде жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз, ол – баршамызға ортақ мәселе. Қараусыз қалған мал барымташылардың оңай олжасы болып табылатынын халық әлі түсінбей келеді. Біреулер малдарын кезекке қоспай, бос жібереді. Енді біреулер малдарын ешбір қолхатсыз, келісім-шартсыз малшыларға сеніп тапсырады. Соның салдарынан бірінің малы далада арам өлсе, енді бірі қасқырға жем болады немесе қолды болады. Ал кейбірі, тіпті, малының жоғалғанынан да бейхабар. Малын бірнеше күн немесе бірнеше айдан соң іздеп, аудандық полиция бөліміне арызданады. Бұл іздеу жұмыстарына кедергі келтірері сөзсіз.
ҚР ІІМ-нің бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бағытында аудан көлеміндегі елді-мекендерде ірі қара малдарды падамен бағып ұйымдастырылса, бұл мал ұрлығын алдын алуда көп септігін тигізер еді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші мал амандығын ойлайтын болсақ, бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ғана барымтаға байлам жасап, тұсау саламыз. Малымыз барымташының қанжығасында кетпесін десек, оны таңбалап, бақташымен келісім-шарт жасасып, төрт түлікті қараусыз қалдырмаған абзал. Бір жағынан ұрлықпен табысқа кенелуді мақсат еткен азаматтар да оңай олжа жарға жығатынын ескергені дұрыс.
Ұ.Ахметова,
Жалағаш АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-
аналитикалық жұмыс тобының инспекторы.