» » КҮН КӨЗІНДЕГІ КӨКТЕМ

КҮН КӨЗІНДЕГІ КӨКТЕМ

Көктемнің алғашқы айы басталды. Естуімізше, Арқа жақта қалың қар әлі сіресіп жатыр, көбесі сөгілмеген. Біз жаққа көктем кешігіп келгенімен, оңтүстік өңірдегідей тым ерте де шықпайды. Тек түнгі ызғармен түскен жердің қырауы күндіз күннің көзі жылт еткенде еріп кетеді. Қазір дәл осындай мезгіл. Қазақтың «Түске дейін киіз, түстен кейін мейіз» дейтіні осы кез.
...Кеше ауылға бардым. Ауылда көктемнің лебін кәдімгідей сезінуге болады. Күн көзінен төгілген шуақпен араласа тамылжып тұрған саф ауасын көкірегіңді керіп бір жұтсаң, тынысың ашылып сала береді. Көктен саулаған көктемгі ауа танауыңды қытықтап, тұла-бойыңды балқытып, бір ерекше күйге бөлейді. Мұндай сәтте сен де тіршілікпен бірге жаңарып, жасарып, дүниеге қайта келгендей айналаңа мейірлене қарайсың. Шартарапқа шуағын таратқан жарық мына дүниеде ешқандай жауыздық, қараулық, қысастық атаулы болмағандай, болмайтындай. Көктемнің құдіреті де осында!..
Қора жақтан мұр­ныңа келген шөп пен мал қиы­ның кө­­ңірсіген иісі де жылы мез­гіл­дің жет­кенінен хабар бе­ре­ді.­ Биылғы қыс аса қатты бол­маған соң төрт түліктің де басы тү­гел көктемді көрді. Көрші қарт та үс­тіндегі қалың тонын жеңіл күпіге айырбастапты. Былайғы кездері қабағы түксиіп жүретін қарттың бүгін өңінде жылылық бар. Сақи көктемнің мейірімді шуағы оның да қабағындағы «қырауды» жібіткен секілді. Жасынан Қызылқұм ішінде өскен малсақ қарт бір тәуліктің жарымынан көбін қорасында өткізеді. Оларға жем-шөбін беріп баптағаннан бөлек, әрқайсысының маңдайынан сипап тұрып, өз тілінде сөйлеседі. Иә, расында «Мал баққанға бітеді». Ауылдың берекесін кіргізіп отырған да қорадағы осы көңірсіген қидың иісі. Ауыл халқы төрт түліктің тұяғын тең ұстамаса да, жылдың төрт мезгілінде сауын қылатын бірнеше мүйізді ірі қара мен алыстан келетін сыйлы қонақтың сыбағасы деп сақтап, он бес-жиырма бас қой ұстайды. Қазақтың сол баяғы жомарт мінезі мен қонақжай қалпы әлі ауыл адамдарының бойынан жоғала қоймаған. Мүмкін, ауылға айына емес, жыл айналғанда бір мәрте ғана баратын біздің: «Шіркін, ауыл деген берекелі бесік қой», – деп сағына еске алатынымыз да сондықтан болар.
Қыстың аяғын ала туған қозы-лақтар мен зеңгі бабаның талпақ танау төлдері секіріп ойнақ салған албардағы жиналып тұрған шөмеле шөптің де түбі көрініп тықырлап қалған. Бірақ, мал баққан шаруа оны енді уайым қылмайды, аз шыдаса, құм төсінен көк қылтиып, қорадағы көктемге әзер ілінген көтерем малдардың тойынатын күні де алыс емес. Қазірде ауылдағы әрбір үйдің ауыздары аққа тиген. Күрпілдетіп күбі пісіп, құрт қайнатып, ірімшік жасап, май шайқап отырған үйлер де аракідік кездеседі.
Жаздай жердің түгін тартып, қыстайғы несібесін теретін диқандар да кетпенін сайлап, көктемгі егіске әзірлік жасап жатыр. Иә, бұл шаруалардың ширақ қи­мыл­дап, қам қы­ла­тын шағы. Өйт­кені, күзде жинайтын өнімің осы көктемгі ниетің мен қимылыңа байланыс­ты. Алқабынан ақ маржан күріші ақтарылмаса да, өз шамаларына қарай ауыл сыртына бақша салатындар бар. Нарыққа шығармайды, отбасына жететін ырыздығын айырады. Сондықтан, олар осы бастан соқа-сайманын сайлап, көліктерін майлап, өздері межелеген өнімді алуға ниет қылып отыр.
Ауыл аспаны ашық, бір шөкім бұлт жоқ. Күн көзінен нұр саулап тұр. Ағаш-талдар бүршік жармаса да, тіршілік оянуға шақ қалған. Жер бауырының тоңы жіп­сіп, қар еріп кетті. Әсіресе, осы жылымық кезді құстар алдымен сезгендей. Қара талдың ар­са-арса сидам бұтақтарына ма­мық жүндерін қомпитып қонып ал­ған боз­тор­ғайлар күн көзінен көк­тем­нің кө­рін­генін дүниеге сүйін­ші­легендей жарыса ши­қыл­­дайды. Олардың да әсем сазды үн­дерінен айналаға жылы шуақ тарап, көңіл-күйің­дегі қуа­ныштың жыл­ты­лын еселей түседі. Иә, дү­ние жа­ңа­рып, тіршілік қай­тадан бас­тау алар мұн­дай шақта көңі­ліңе қа­нат бітіп көкке талпынады...

Қуат АДИС.
07 наурыз 2019 ж. 1 622 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 725

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031