ЕҢ ҮЗДІК ОҚЫРМАН
Кітап – ғасырлар шежіресі. «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десек, талайдың көзін ашқан білім мен ғылымның қайнар бұлағы қашан да сұраусыз емес. Рухани дүниеңді байытатын, дүниетанымыңды кеңейтетін құдірет иесін іздеп келіп оқитындар аз емес.
Абай хәкім: «Адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады» деген еді. Расында, кітап өскелең ұрпақты білімнің тынық та мөлдір бұлағынан сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне негіз болатын құдірет, күш екені даусыз.
Жуырда аудандық кітапханада тағылымы терең, маңызды шара өтті. Бұлай дейтінім, кітапхана ұжымы рухани ордаға жиі бас сұғып, кітапты көп оқитын оқырманын саралап, ең үздік оқырман бенефисін анықтаған екен. Осының нәтижесінде ең үздік оқырман 255 кітап оқыған аудандық музей директоры Қожатай Құлмахан ағаймен кездесу ұйымдастырылды. Онда бірқатар ардагерлер, аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы, студенттер мен мектеп оқушылары және кітапхананың тұрақты оқырмандары басқосты. Шара барысында үздік оқырманмен еркін сұхбат ұйымдастырылды. Қожатай Құлмахан өзінің кітап оқудағы қыр-сырымен бөлісті.
– Мен кітап оқуды ұмытпасам бастауыш сыныптан бастадым. Қасым Қайсеновтің, Қабдеш Жұмаділовтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Әзілхан Нұршайыховтың және тағы басқа да мықты жазушылардың кітаптарын оқыдым. Әсіресе, Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы маған ұнайды. Менің мықты, танымал жазушылармен кездессем деген арманым болатын. Сәті түсіп, бір-екі жазушымен кездестім. Оның ішінде Қабдеш Жұмаділовпен кездесіп, еркін әңгімелесіп, тіпті, бір-бірімізге жақын болып кеттік. Қазір де телефонмен хабарласып, хал-жағдай білісіп тұрамыз.
Жалпы, кітап оқудың пайдасы көп. Жақсы кітап – жан азығы деген. Кітапты көп оқысаң рухани азық аласың, білмегеніңді білесің. Күн сайын жатар алдында 15 минут болсын кітап оқуға уақыт бөлген дұрыс. Болса да әлеуметтік желіде қаншама уақыттарыңыз кетіп жатыр, осының орнына кітап оқып, рухани дүниеңізді байытсаңыз құба-құп, – дейді аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы Қожатай ағай.
Жиын соңында кітапхана ұжымы ең үздік оқырман Қожатай Құлмаханға, белсенділік танытқан оқушыларға сый-сияпаттарын табыс етті.
Н.АЛМАС.