» » Aуданда 9 адамды кене шақты

Aуданда 9 адамды кене шақты

Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Оразғали Аханов Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары жөніңде баспасөз конференциясын өткізді.
Аудан бойынша 2019 жылдың сәуір айына дейін 9 адам кене шағумен тіркеліп, 2018 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 3 есеге көбейген. Оның ішінде, Жалағаш кентінен – 6, Аққұм ауылынан – 2, Ақарық елді мекенінен – 1 адамды кене шаққан. Олардың ішінде ауруханаға жатқызылғаны жоқ.
– Ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен тіркелгендер жоқ. Кене шаққандар аудандық емханаға аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қаулы беріліп, 14 күнге медициналық бақылауға алынуда. 2019 жылы аудан бойынша қолайсыз болып табылатын 12 (Жалағаш кенті, Ақсу, М.Шәменов, Қаракеткен, Мәдениет, Мырзабай ахун, Бұқарбай батыр, Еңбек, Мақпалкөл, Жаңаталап, Жаңадария, Аққыр) елді мекендерінің аумағында сани­тарлық қорғаныс белдеулеріне көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды, – деді О.Аханов.
Конго-Қырым қанды қызбасы – ауруы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жататын өте қатерлі ауру. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы қарапайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын вирустардың сақталуы. Сол себепті, аурудың тіркелуі осы кенелердің көктем, жаз мезгілдерінде шығып, адамдар мен жан-жануарларды шағу белсенділігінің артатын кезеңімен байланысты. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады.
Бұл аурудың негізгі белгісі ретінде бұл жедел түрде басталатындығын атап өтуге болады. Маман­дар­дың сөзінше, науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, белі сырқырайды, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция (ине) салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.
Жер аяғы жібіп, күн күрт жылитын көктем айлары адам мен үй жануарлары үшін аса қауіпті саналатын кенелердің көбейетін кезі. Жауапты мамандар нақ осы кездерде сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.

– Табиғат аясына, саяжайға демалған сәттерде, яғни, дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту керек. Бұл шара кененің денеге кіруінен қорғайды. Жұмыстан кейін жабысқан кенелерді анықтау үшін күнделікті үстіңізді мұқият тексеріп шығыңыз. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отыра, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Егер сізді кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгініңіз. Сізді 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Аурудың бірінші белгілері дене қызуы көтерілуі пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Міне, осы айтылған қарапайым ережелерді күнделікті сақтаған жағдайда сіз аурудан таза боласыз, – дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Жалпы, сақтық ережелерін ескеріп, қауіпті жәндіктерден сақ болған жөн. Себебі, күн жылыды, кенелер қайта оянды. Бұл жәндіктердің белсенділік маусымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға байланыс­ты қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Сон­дық­тан, абай болған абзал.

Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.

09 сәуір 2019 ж. 1 232 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 788

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031