» » Сырғалар сыры

Сырғалар сыры

Сырға – қыз келіншектердің тағатын әсемдік бұйымдарының бірі, сыртқы келбетінің ажырамас бөлігі. Ол қыздардың әсем келбетінің қалыптасуына және оның табиғи толысып, жетілуіне ықпал етеді. Алтын мен күмістен сәуле шашып, дірілді қозғалысымен қыздың келбетін аша түсетін сырғалар әртүрлі етіп жасалады. Қазақ зергерлері жасайтын ай сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға сында әр өңірде оның басқа да түрлері көп. Жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын сырға, күміс сырға, лағыл сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, ақық сырға, иінді сырға, гауһар сырға, айшықты, тұмарлы, салпыншақ, жапырақты сырғалар, шұбыртпа сырға, адай сырға, айбалта сырға болып кете береді.
Сыр өңірінде кездесетін сырға түрлері таға тәріздес, ілмек түрінде жасалып, көзіне бағалы тастар орнатылады. Мұндай ай тәріздес сырғаны алтыннан және кейде күмістен жасаған. Сонымен қатар, оны немерелі болған әжелер таққан. Аты айтып тұрғандай ай сырға – сымнан нәзік те әшекейлі етіп жасаған сырға түрі, ал сояу сырға – сүйектен жасалған түрі. Сондай бір ай сырғаның түрі Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұр. Ол доға тәрізді иілген ілмектен және ай пішінді негізгі бөліктен тұрады. Сырғаның ортаңғы тұсында бес жұлдыз қиылған. Сырғаның үсті мен асты дөнес бедерлі ромб және домалақ пішінді гүл өрнектермен безендірілген. Ал, жоғары тұсына доға тәрізді иілген темір ілмегі бар топса дәнекерленген. Сырғаның шеттеріне ирелеңдеген геометриялық ою-өрнектер шекілген. Бұл сырға 1999 жылдың күзінде Жаңадария ауылы тұрғындарынан музейге сыйға алынған болатын. Бұйымның иесі мен зергердің аты-жөні белгісіз.
Қазақ әшекейлерінің мән-мағынасына тоқталсақ, онда этнографиялық бұйым­дар­дың қасиеттілік астарының бар екенін білеміз. Сонымен қатар, сырғаның ғұрыптық та мән-мағынасы бар, ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мағынаны білдіреді. Көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар деген ұғым қалыптасқан. Қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғалары күн, жұлдыз, ай пішіндес болып келеді. Сондай-ақ, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуінің сыры жатыр.
Қазақта ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын (құлақтың етегін сырғалық деп атайды) тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмауы үшін кейінірек кішірек күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген тілектен туындаса керек. Қыз балаға құлақ тесу міндетті болып саналады, мәні жағынан сүндеттеумен теңестірілген. Сондықтан да халық арасында «құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген сөз бар. Бұл жөнінде ел аузында мынадай аңыз-әпсана бар Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді.Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс: «Ей,Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал» дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді. Сол түні Бибісара анамыз түс көреді.Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады. «Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады» дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда, «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп, «антым бар еді. Енді не болады» деп сұрайды. «Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылғантын. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер» дейді Ыбырайым.
Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға алып келіп, Ажар анамыздың екі құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп қалған екен.
Этнографиялық деректер бойынша, көптеген түркі халықтарында қыздардың құлағын тесіп, сырға тағып қою өте ерте жастан басталады. Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен» деген ой түйген.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының зергерлік өнері өте ертеден, қазақ халқының құрамына кірген тайпалар мен халықтардың зергерлік өнерінен бастау алады. Ұлттық зергерлік әшекей бұйымның түрлерінің көрнекілігін олардың Орта Азия, Шығыс Түркістан, Еділ бойы және Сібір халықтарында кең таралғандығынан көруге болады. Осы халықтарды әшекей бұйымдарында ортақ белгілер мен элементтер, аталуында да ұқсастықтар көп кездеседі. Мұндай ұқсастықтар зергерлік өнердің тек ертеден бастау алатынын ғана көрсетіп қоймай, сондай-ақ, ерте замандардан үзілмей келе жатқан этникалық мәдени сабақтастықты да аңғартып отыр.

Т.Қозыбағаров,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
қызметкері.
14 сәуір 2019 ж. 2 228 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 726

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031