» » Ел сыйлаған азамат

Ел сыйлаған азамат

Абзал азамат Мақсұт Қалыбаев 1939 жылы Бұқарбай батыр аулының «Ақсай» топырағында дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумында мамандық алғаннан кейін ауданның су шаруашылығы саласында еңбек жолын бастады. Ауданның су шаруашылығы саласын ұзақ жылдар басқарып, өз кәсіптерінің майталманы атанған Ферепонт Григорьевич, Жанай Сақтағанов, Саруар Қалтаевтардан тәрбие алып, келешегіне үлкен жол ашқан Мақсұт, облысымызда суармалы жерлерді игеруге бет бұрыс болған, Бүкілодақтық Екпінді комсомол құрылысы атанаған Сырдария өзенінің сол жаға массивін игеру басталған күннен бастап, оның алғашқы қазығын қаққандардың бірі болды. Осы ірі су шаруашылығы құрылысында өмірінің ақырғы күніне дейін еңбек етті. Құрылысты жүргізу үшін құрылған алғашқы құрылыс учаскесіне жұмысқа ауысып, кейін ол жылжымалы механикаландырылған колонна болып құрылғанда оның өндірістік техникалық бөлімінінде аға инженер болып қызметке кірісті. Мұнан кейін учаске бастығы, бас инженері қызметтерін абройлы атқара білді. Осы аралықта ол білімін көтеру мақсатында Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын сырттай оқып, жоғары білімді инженер-гидротехник атанды.
Мақсұт күріш дақылының көлемі мен өнімділігінің артуына зор үлес қосты. Өткен ғасырдың 64-65 жылдарында аудан шаруашылықтары 5-6 мың гектар ғана күріш егетін болса, 80-жылдары барлық инженерлік жүйеге келтірілген егістік жердің көлемі 40 мың гектардан асып, тек қана күріш егісінің көлемі 17-18 мың гектарға жетті. Одан басқа да мыңдаған гектар жоңырышқа, жүгері т.б. дақылдар егілді. Аудан бойынша оның өнімі гектарына 25-30 центнерден 50-55 центнерге көтерілді. Бүгінгі күні сол 40 мың гектар егістік жердің әрбір атызында Мақсұттың ізі жатыр десек, артық айтқандық болмайды. Осындай қыруар жұмысты атқара жүріп, сол кездегі Арал теңізінің тартылуына қатты алаңдаушы еді. «Біз әлі бұның зардабын көретін боламыз. Судың да сұрауы бар деп тегін айтылмаған ғой. Сыр өзенінен кешіп өттік дегенге кім сенер. Бір заманда арнасына сыймай жатқан Сырдарияны қой-ешкі кешіп өткен соң не болсын» деп отыратын еді. Сөйтетін де өзі жаңадан күріштік жердің көлемін ұлғайтуға аттанып бара жататын. Олай болмауы мүмкін емес те еді. Өйткені ол заманның талабы бүгінгіден басқаша болатын.
Мың тоғыз жүз сексен үштің күзінде аудан шаруашылықтары мемлекетке 830 мың центнер күріш сатты. Бүкіл ел мадақталып, марапатталып, талай адамдардың есімдері аталып жатыр. Сондай бір мерекелік жиында, «Сонша өнім алып жатқаны кімнің арқасы екен. Біреуі ұялсайшы. Өздері жер тегістеп, өздері арық қазып алғандай» деп құрылысшылардың еленбей жатқанына ренішін білдіргені бар. Иә, ол кезде тек күрішке көңіл аударған заман еді ғой. Соларға қарап біздің Мақсұттың өкпелеуінің де реті бар-ау деп топшылайсың.
Десе де, кәсіптік мерекелерінде жоғарғы орындары Мақсұттың да еңбегін елеусіз қалдырғаны жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін төсіне тақты. Талай құрмет грамоталарымен, ақшалай, заттай сыйлықтарымен марапатталды. Ауданның қоғамдық, саяси өміріне де белсене араласты. Аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, штаттан тыс хатшылығына да сайланды. Аудандық партия комитетінің мүшелігіне, тексеру комиссиясының мүшелігіне әлденеше рет сайланды. Жергілікті Кеңеске депутат та болып, сайлаушылар аманатын орындау барысында талай өрелі істердің ұйтқысы болғаны да бар.
Заман талабына сай су шаруашылығы құрылысының үш колоннасы қосылып, іріленді. Өмірінің соңғы жылында осы жылжымалы механикаландырылған колоннаға бас инженер болды. Аңқылдаған, ақжарқын мінезді Мақсұтымыз соңғы кезде жүдегендей ме қалай, топ-томпақ беті болбырап, көзі кіртиіп мазасы болмағандай сезілетін. Сыртқа сыр бермей, сырқатымен іштей жалғыз өзі алысып жүреді екен-ау асыл дос. Ол сырқатын да қызметін істей жүріп тапты. 1987-88 жылдың қысында мекемесіне тас тиелген бір состав вагон келді. Жаңақорғаннан жаңбыр жауып тұрғанда тиелген тас Жалағашқа жеткенше мұз болып қатып, оны түсіру жұмысы ұзаққа созылатын болды. Ол замандағы тәртіп бойынша вагонның жүгі түсірілмей тұрған әрбір сағатына айып пұл төленеді. Мекеме ретсіз айыппұл төлеп жатса оның басшылары жазаланады. Табиғатында тәртіпті сүйіп, құрметтейтін Мақсұт сол жұмыстың басында күні-түні өзі тұрамын деп жүргенде басынан суық тиіп науқасқа шалдықты.
1988 жылдың қазанында ауданда облыстық спартакиада өтетін болып белгіленді де, осы күнге жаңадан стадион салынып бітуі қажет еді. Қызмет бабына байланысты біздер стадион құрылысының басында болуымыз керек болды да, облыстық ауруханада 28 қазанда Мақсұтқа жасалатын болған операцияға қатыса алмадық. Операция сәтті шықты деген хабарға қуанып, шаралар өткесін 30 қазанда барып жағдайын білеміз деп отырғанда, сол күні Мақсұттың жағдайы ауыр болып жатыр, хабарсыз болмаңдар деген хабардан кейін, үш-төрт жігіт болып облыстық ауруханаға барсақ ауызда тұрған Мақсұттың балдары, туыстары іштен хабар күтіп тұр екен. Ішке барып хабар білейік деп бас дәрігердің кабинетіне қарай бет алып келе жатқанымызда, Сәкең, Мақсұттың ағасы Сақы Қалыбаев пен облыстық аурухананың бас дәрігері Тұрғанбай Маханов шықты. Көздерінде жас, дауыстарында діріл, сездіргісі келмегендей, әлде бір суық хабарды айтқысы келмегендей кібіртіктей бастады. Бізді көрген Сәкең шыдап тұра алмады. Бауырынан біржола айырылғанын енді жасыру мүмкін емес еді.
Қайран дос операциядан кейін екі сөткеге жетпей бақилық сапарға аттанып жүре беріпті. Дәл қырық тоғыз мүшелінде туған жерін, ақ сүт берген анасын, туысқандарын, сүйген жары Баршыны мен өсіп келе жатқан балаларын, дос-жолдастарын бір көруге зар болып мәңгілікке көз жұмыпты. Тағдырға не шара күліп барып, жылап қайттық.
«Мақсұт Қалыбаев қандай қызмет атқарса да өзінің іскерлігін, саяси сауаты мол, сергек, тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын коммунист еді. Енді ол арамызда жоқ. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталатын болады» деп аупартком арнайы көңіл айту жазып, қаралы хабар таратты. Бұндай қаралы хабар ол кезде елге еңбегі сіңген адамдардың да таңдаулысына берілетін еді. Мақсұтымыз сондай адам еді.
Алпысыншы жылдардың ортасында үйленген жары Баршын екеуі үбірлі-шүбірлі болды. Мақсұтынан қалған балаларын енді жеткізіп, қатарға қостым-ау дегенде артында қалған сүйген жары Баршыны да 12 жылдан кейін Мақсұтына кете барды.
Атпал азамат жұрттың бәрін өзіндей көріп, әңгімесін ашық айтатын. Кісінің көңіліне кірбін туғызғысы жоқ, даладай дарқан көңіл әрқашан да айқара ашық тұратын. Дастарқанының басында жиі болатынбыз. Сондайда Баршынының қас-қабағына қарап, оның үнемі жайраңдап жүргенін қалайтын еді. Сыйластығы мол отбасының бірі болды. Аласапыран жұмыстың арасында демалу мүмкіндігі болған жағдайды бос жібермей достарымен бірге болуға тырысатын. Өлең айтатын да қасиеті бар еді. Өзіне тән әжептәуір баритон дауысымен классикалық әндер мен опералардан ария айтуға құмар болатын.
Мақсұт дүниеден өткенмен тірі жан тіршілігін жасайды дегендей ұрпақтары өмірден өз орындарын тауып, өсіп, өніп жатыр. Мақсұттың шаңырағы шайқалған жоқ. Шарабаны оның керегесін кеңейтіп, босағасын бекітіп, іргесін мықтап отыр. Үйленіп, үйлі-жайлы болып, келіншегі Дина екеуі Мақсұттың немерелері Асхатты, Арнұрды, Нұртайды тәрбиелеп, өсіріп келеді. Өзі көп жылдан бері аудан әкімдігінде жауапты қызмет атқарады.
Қызы Бақыт дәрігер, жолдасы Амандық заңгер, Қарағанды қаласында тұрады. Отбасында Мақсат, Алмат, Санжарын тәрбиелеп отыр. Мақсаты Прагада жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін, «Қазақмыс» корпорациясында қызмет істеп жүр. Келіні де Прагадан университет бітірген. Мақсат пен екеуі аталарының Алина, Мағжан атты шөберелерін тәрбиелеп өсіруде. Алматыдағы Қазақ заң академиясын аяқтап, «Мариот» халықаралық қонақүй желісінің сату және маркетинг бөлімінде жұмыс істейді. Санжары Астанада дарынды ұлдарға арналған «Білім инновация» лицейінің 9 сынып оқушысы.
Екінші қызы, Алмасы, жолдасы Мырзахан екеуі де мұғалім, Шымкентте тұрады. Әсия, Әлия, Шыңғысхан атты балалары бар. Үшеуі де университет тамадап мамандықтары бойынша әртүрлі салада еңбек етіп жатыр.
Майрасы Қызылордадағы Қорқыт атындағы мемлекеттік университетте әдіскер, жолдасы Нұрлыбек осы университеттің доценті, техника ғылымдарының кандидаты. Қыздары Ақнұр университетте оқып, бітіріп «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі республикалық ғылыми зерттеу институтының» Қызылорда филиалында қызмет істейді. Ардақ деген ұлдары 3 сынып оқушысы.
Жанары Қызылордада. Жолдасы Ерлан жеке кәсіпкер. Үлкендері Алтынбек Астанада Қазақ Өнер академиясының академиялық вокал бөлімінің студенті. Екінші баласы Әділбек Алматыдағы Қазақ инженерлік технология университетінде оқиды.Немерелері Адия 3 сынып оқушысы. Алпамысы 6 жаста.
Ғалымжан Қостанайда. Балалары: Әсет – 2 сынып оқушысы. Әсемнұр – 1 сыныпта оқиды. Әрсен – 3 жаста.
Ең кішісі Нұрлан Мақсұт қайтыс болғанда 8 жаста, 2 сыныпта оқитын. Қазір Астанада ҚР Ұлттық экономика министрлігінде Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары. Келіншегі Ұлбосын қазақ тілі және әдебиеті маманы, аудармашы. Қыздары Назерке 4 сынып оқушысы. Бекарыс деген ұлдары 4 жаста.
Хәкім Ұлықпан айтқандай осылай Мақсұт ұрпағымен мың жасай беретіні анық.
Жаны жайсаң, жомарт жүрек, абзал азамат, адал дос Мақсұтымыз өзінің бойына біткен асыл қасиеттерімен, ақ жарқын мінезімен, бауырмалдығымен, даладай дарқан, әр қашан ашық көңілімен достарының сүйіспеншілігіне бөленген азамат болатын. Мақсұт ұзақ жылдар өтсе де біздің жүрегімізде сол баяғы ақ жарқын, аңқылдаған, кісілігі мол, кішілігі өзіне ғана тән қалпында сақталып қалады. Оның рухы бізбен бірге жасай береді.

Садық Әлиев,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
14 сәуір 2019 ж. 884 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 726

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031