ТАРИХТЫ ТЕРЕҢІРЕК ТАНЫСАҚ...
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық руханиятымыз бен ежелгі салт-дәстүрлерімізге ерекше тоқталып, қазақ халқының кешегі күнін сөз етті. Ал, «Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі» деп, ежелгі кәсіп түріне тоқталуы да бекер емес.
Осы ретте біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы» тақырыбында шет мемлекеттегі студенттермен ғылыми онлайн-конференция өткізуді жоспарлауда. Мұндағы мақсат – шетелдік жастарды Қазақстан жеріндегі алғашқы кеніштердің пайда болуынан хабардар етіп, металл өндіру тарихының жаңа кезеңімен таныстыру.
Сан мыңдаған металл кендеріне бай қазақ жері – металл өндірудің алғашқы пайда болған мекені. Көне замандардан бері Қазақстанның орталық, солтүстік-шығыс аймақтары соның дәлелі. Ең алғаш елімізде қола, жез, мыс, мырыш, темір, алтын мен күміс секілді металл түрлері алына бастады. Осы арқылы Қазақстанда шикізат көзі қалыптасты. Ал, біздің байтақ даламыздың Кенді Алтай және Орталық Қазақстан, оңтүстіктегі Қаратау сілемдері көптеген кен орындары шоғырланған мекендер.
Фатима Қозыбақова,
тарих ғылымдарының кандидаты.
Ақтолқын Әділбек,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті.