Жастарға ой салған жиын
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында зиялы қауым өкілдерімен жастар арасында дөңгелек үстел өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, аудандық мәслихат депутаты К.Сүлейменов, денсаулық сақтау саласының ардагері Х.Каметов, Бұқарбай батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Нұрмағанбетов, аудандық тарихи өлкетану мұражайының директоры Қ.Құлмаханов, №123 мектеп-лицейінің мұғалімі Д.Ильясов, №246 орта мектеп мұғалімі А.Қосаева, аудандық тарихи өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Қ.Жапақов, №123 мектеп-лицейінің мұғалімі С.Қосжанова және аудан жастары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында тарихи сананың жаңғыруы, Ұлы даланы жүйелі қарастыруға қажетті негізгі ерекшеліктер, атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Алтын адам, аң стилі, ұлы Жібек Жолы Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны, ұлы даланың ежелгі өнері жөнінде айтылды.
Кездесуді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева ашып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы әрі жастарға арналған ұлттық бағдарламалардың жаңа бөлімі екеніне және тарихты қайта қарау, халықтың өткенін тұтас қабылдау арқылы қазақстандықтардың, ең алдымен, өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуға және қоғамның дамуына, рухани-адамгершілікке тәрбиелеуді талап ететін жастар арасында жаңа бейнесін қалыптастыратыны жөнінде айтып өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев Елбасының бағдарламалық мақаласы қоғамның, ғылыми ортаның, шығармашылық зиялы қауымның кең ауқымды талқылауына ие болғаны рас. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи сана-сезімді жаңғырту идеясын негіздеген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – тарих тағылымындағы ұлт тарихын зерделеудің маңызды беті болып қалатынын жеткізді. Қазақ халқының ежелде бесікті жайдан-жай құрмет тұтпағанын бесік баланың тазалығына, денесінің дұрыс дамып, жетілуіне, жайлы жатып, жабықпай тұруының кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұлттық сусынымыз шұбат пен қымыздың адам денсаулығы үшін маңыздылығына тоқталды.
Бұқарбай батыр ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Нұрмағанбетов өз сөзінде атқа міну мәдениеті жөнінде: «Ұлы даланың жеті қыры әлемдік өркениетті құру мен дамытуға септік еткен ұлттық мұра топтарын ұсынады. Жылқыны қолға үйрету және жылқы шаруашылығының кейінгі дамуы Ұлы даланың экономикалық және технологиялық дамуына серпін берді. Қазақ халқы жылқыны жеті қазынаның бірі санап, оны киелі деп есептеп жыл қайыруда жетінші орын берген. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деді ардагер.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты К.Сүлейменов: Біз бұрынғы жетістіктерімізге қарап, болашаққа қарай сенімді қадам басуымыз керек. Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық тарихымызды терең және объективті түрде тануға жаңа бағыт – бағдар болатыны анық. Осы мақаладағы ойды келесі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз деп білеміз. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «Тарихи Отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде өсіріліп әлемге таралған. Бүгінгі мақала ол қазақ елі тарихын ұлықтау емес, ол Еуразия кеңістігін мекендеген түрік тайпаларының әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетіп, тарихи сананы жаңғыру – деді халық қалаулысы.
«Өз еліңнің ұлттық дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарау кез келген тәрбиенің негізі болып табылады. Шыққан тегімізге зор мән беріп қарау арқылы ғана нағыз азаматтар тәрбиелеп, мықты мемлекет құра аламыз.
Жиынға қатысушылар мақалада айтылған әрбір сөйлемге, ой-орамдарға нақты тоқталып, біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесі, Ұлы даладағы ежелгі металлургияның қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастағаны жөнінде, Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» түркі әлемінің генезисі жайында тілге тиек етті.
Әрбір жасқа келелі ой салған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жастарға айтарлықтай әсер етті. Дөңгелек үстелге жиналған жастар тек тарихи құндылықтарды білумен шектелмей, оған тың көзқараспен қарап, тарихи сананы жаңғыртудың тәсілдерін ұсынумен де құнды екендігін тілге тиек етті. Жастар мақаладағы Елбасының парасатты пікірлері мен ұтымды көзқарастарына өз ойларын білдіріп, игі бастамаға атсалысу – әрқайсының қастерлі міндеті екендігін түсінді.
Н.ЖАНҰЛЫ.