» » Кәсіпкерлік – ауылды түлетудің басты тетігі

Кәсіпкерлік – ауылды түлетудің басты тетігі

Оқырманмен арадағы байланысты нығайту мақсатында ауданға қарасты барлық елді мекенде кездесу өткізген болатынбыз. Сонда ауылдағы ағайын біршама мәселе көтеріп, өздерін толғандырып жүрген жайттарын ортаға салған еді. Бұған дейін де кездесулер барысында айтылған пікірлерді сараптап, газетке бірнеше мақала бастық. Ауыл әкімдерінің бірі жазылған жайға жауап­ жазса, екіншілері көтерілген мәселе бойынша жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. Біз үшін “Мен “Жалағаш жаршысын” оқимын” деген әрбір оқырманның пікірі маңызды. Өйткені, газеттің шығарушысы біз болғанымен егесі халық екенін ұмытуға болмайды. Сол себепті, оқырмандармен кездесу барысында айтылған пікірлерді жинақтап, арнайы мақала әзірлегенді жөн көрдік.
“Жылдың басында газетке барлық ауыл әкімінің есепті баяндамасын бастыңыздар. Олар жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін де берді. Мұндай жиындарға өзіміз де қатыстық. Жалпы, жасалып жатқан жұмыс жаман емес. Бірақ, қазіргі ауылдар нарықтан қалмай оның адамы да қаланың кісісімен бірдей жағдайда өмір сүруі қажет деп ойлаймын. Есепті жиында шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру керек деген мәселе көтерілді. Себебі, ауылдардағы жұмыссыздықты азайтудың ең тиімді жолы осы. Бұл – дұрыс пікір. Ауылға бұдан да басқа қажетті дүниелер жеткілікті. Моншадан бастап шаштараз, аяқ киім жөндейтін орын, тігін цехтары сынды елге қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар керек”. Жалпылама айтқанда, тұрғындар пікірі осыған саяды.
Нені жазып нені айтсақ та, қандай мәселені көтерсек те жұрттың көкейіндегісін дөп басып, оқырманның көңілінен шығу газет тілшісі үшін үлкен мұрат саналатыны тағы бар. Жазуын жазып алып «таяқтың екі ұшы болады, бірін бассаң екіншісі маңдайыңа тиедінің» кебін киіп жүргенің. Әйтпесе, жұмысың жазу болғандықтан жазып-жазып тастап, жазғаныңнан ләззат алғанға не жетсін, шіркін.
Бір кездері қазақ көсемі саналған Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың һәм көзі, һәм құлағы, һәм тілі» деген болатын. Ал, газет тілшісі үнемі елдің сөзін сөйлеп, жұрттың тілегін атқарушы билікке жеткізе білуі қажет. Сонда ғана төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдары халық пен биліктің арасында алтын көпір бола алады. Бізге бағыт берген ұстаздарымыз осылай дейтін. Демек, қолға қалам ұстағаннан кейін, оған адал болуымыз шарт. Осы ретте мақалаға арқау етіп отырған негізгі тақырыпқа оралайық.Ауылды дамыту үшін не істеу қажет?
Несін жасырамыз, кейбір ауылдарда аяқ судың өзі мәселе болып тұр бұл күнде. Әрине, жыл сайын ауылдарда бір-екі көше жөнделіп, тас төселіп жарықтандырылады. Тіпті, өткен жылы бірнеше ауылдық округке ауыз су барды. Бәрекелді делік, бірақ, ауыл десе бәріміздің ойымызға бірден айран мен сүт, құрт пен ірімшік оралады. Қазір, шынын айту керек, сүтін сауып, айранын ұйытып, құртын кептіріп жатқандар ауылдарда көп емес. Мұны ауылдағы ағайынның үйіне барғанда көріп жүрміз. Дәлел ме дәлел. Ауылдарды аралап, ел ішінде жүре қалсаң «әкім сенің арығыңды қазуға міндетті емес», «малың жоғалса әкім кінәлі емес» деп тағысын-тағы әкімді жақтаушылар шаң жуытпай «өз күніңді көрдің» кейпіне түсіріп, басшы деп көмек сұраушылардың бетін қайтарып тастайды. Бір ойланып қарағанға бұл айтылғандар дұрыс сияқты, бірақ, ауыл әкімдері кімдер? Олар сол елді мекендегі халықтың мұң-мұқтажымен айналысатын Президент пен Үкіметтің ең сенімді өкілі. Міне, осыны ұғынатын кез жетті. Бірақ, «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз әкім қорған емес» деген тағы бар. Мейлі қорған бола алмаса болмасын, алайда ұйымдастырсын, барлық істе жасампаздық танытсын, халықпен бірге жұртпен жұмыла жұмыс жасасын. Сол елдің басшысы сондағы жұрттың әкесі деген сөз. Ал, «өз балаларына қамқор бола білмеген әкенің барынан жоғы» деп халықтың өзі садаға кететінін тағы естен шығармау керек. Мәселен, Елбасы да, қазіргі Президент те жалғыз өзім не істей аламын деп ешқашан айтқан емес. Себебі, елдегі бірінші басшы халықтың өзіне әкесіндей сенім артып отырғанын біледі. Бірақ, басқа деңгейдегі басшылар ше? Міне, мәселе қайда жатыр. Елім, жұртым деп жүріп сол елдің аузындағысын жырып әкетіп миллиардтаған байлықпен шетел асып жатқандардың талайын көрді бұқара халық. Алғашқыда «ойпырмай» деп жағасын ұстаса, қазір «а-а-а» дей салатын жағдайға жетті. Басқа не істейді, қайғырып қынжылғанмен олар келіп халықтың қазынасынан алып кеткендерін салмайды бәрібір. Сонда халықтың жағдайын кім ойлайды? Министрлер өздеріне тапсырылған ведомостволармен айналысады, Үкімет солардың жұмысын бақылайды, әскерилер елді қорғайды. Ал, халықтың жағдайын қасында күнде жүретін, сол мекенде тұратын әкімдер ойлайды. Елдің жағдайы жақсарсын, ауыл әкімдері жұртпен етене жұмыс жасасын деген ниетпен олар бұл қызметке сайлау арқылы тағайындалады. Бірақ, халық қалаулылары таңдаған азамат халықтың қалағанын орындай ала ма? Түйткіл осында. Әкім болардың алдында біріне-бірі айнымайтын бағдарламаларды әзірлейді.Тым болмаса сондағы жазылғанның 30 пайызы орындалса да ауылдар ілгері жылжып қалар еді.
Жоғарыда атап өткендей, “Ауылдарға не қажет?” сауалына қайта оралайық. Жалағаш кентінде біз білетін оннан аса шаштараз бар. Бірақ, ауылдарда бірлі-жарымында болмаса басқасында жоқ. Неге? Шаш алдыруға бола ауылдардан көптеген адамдар келіп жатады. Мейлі, ауылдардан салон ашылмай-ақ қойсын бірақ, бір-екі шаштараз ашуға болатын шығар. Соған бола ту аудан орталығына сандалудың қаншалықты қажеті бар? Мына қызықты қараңыз, жыртылған аяқ киімін тіктіріп қайта киетіндердің басым бөлігі ауыл азаматтары екен. Сонда сол ауылдардан сондай орын ашуға болмай ма? Тігін цехы да дәл солай. Мына сөзімізді оқып отырғандардың кейбірі “Олар не істейді?” деуі мүмкін. Алайда, ауылдағы ағайын киім қысқартпай ма? Шалбардың балағы ұзын болса, ақшаңды соған жеткізуге тырысып жатасың. Ауылда тігін цехы жұмыс жасаса, үйден ақша алып барып сол жердегі тігін цехына баруға болар еді. Басқасын айтпағанда, үлкен апаларымыз әлі күнге шейін өздеріне лайықтап көйлек тіктіріп киеді. Қазіргі келіндер де жыл сайын перде ауыстырғыш болып кетті. Бұл да тігін цехына қатысты жұмыс. Рас па рас. Демек, ауылға шаштараз, аяқ киім тігетін орын, тігін цехтары керек пе, керек. Тойларға қажетті сән үлгісін жасап, қалыңдықтардың киімі тігілмесе де, қарапайым жұрттың қажеттілігіне жарап жатса қанекей.
Қазір қаладағы той да, ауылдағы той да барлығы бірдей мейрамханаларда өтетін болды. Ал, ауылда сол елдімекеннің қажетіне жарайтын шағын да болса той-томалақ өткізетін мейрамхана ашылып жатса жұрттың құптайтыны анық. Той өткізуге арналған мейрамхана тек Еңбек ауылында ғана бар. Ауылдағы қалталы азаматтардың құлағына алтын сырға деп қоялық мұны. Содан кейін тізбектей берсең шыға береді, айта берсең таусылмайды. Дегенмен, ауылдарда фотостудио, машиналарға техникалық қызмет көрсететін бекет, көлік жуу орны жоқ екен ғой. Ауылдағы адам суретке түспей ме? Олардың машинасы бұзылмай ма? «Айтпасаң саған серт, жазбасам маған серт» дегендей оқырманның көңілінен шығып, көкейіндігісін дөп басып, өз жазғаныңа өзің масаттанып, елдің рахметін алып жатқан жақсы, әрине. Бірақ, жаманатты болуда аяқ астынан. Алайда, біз жұрттың жоғын түгелдеп, басшылардың назарына ұсынуды жалғастыра береміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» атты жобалары арқылы ауылдарды дамыту туралы тапсырма берген болатын. Мұны да назарда ұстау қажет.
Біз айтқан тізіммен ауылға қажеттінің бітпесі анық. Ауыл әкімдері ел мұраты үшін жұмыс жасап, ауылдағы жұмыссыздықты жойып, Президент пен Үкіметтің бағдарын жүзеге асыруға атсалысса, еліміз байып, жеріміз гүлденері сөзсіз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

20 сәуір 2019 ж. 717 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930