» » АУЫЛ ХАЛҚЫ ҚАРАПАЙЫМ ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ ОТЫР

АУЫЛ ХАЛҚЫ ҚАРАПАЙЫМ ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ ОТЫР

Бұған дейін айтқанымыздай, газеттің 85 жылдығына орай елді мекендерді аралап, оқырмандармен кездескен болатынбыз. Несін жасырамыз, кездесу барысында “Газеттің бас редакторы алдымызға күнде келе бермейді. Біздің ауылда мынадай проблема бар. Соны аудандық басылымның бетінен көрсек дейміз” деп өздерін толғандырған мәселелерін де жеткізіп жатыр. Біз үшін әрбір оқырманның пікірі маңызды. Газеттің шығарушысы біз болғанымен егесі халық екенін ұмытпаған абзал. Сол себепті, біз ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша мақала беруді бастадық. Өткен санда “Жұртым жол жөнделсе дейді” деген тақырыппен Аламесек ауылындағы мәселені жазған болатынбыз. Бүгін көп ауыл тұрғынын толғандырып жүрген мемлекеттік қызметке кезек бергелі отырмыз.
Созбалақтамай мәселеге бірден көшейік. Қазір құжаттың керек болмайтын жері жоқ. Несие алсаңыз да, балаңызды балабақшаға не мектепке ор­на­ластырсаңыз да, жұмысқа тұрсаңыз да, тіпті, әлеуметтік көмек алсаңыз да тиісті құжатты өткізуіңіз қажет. Хош делік. Құжатсыз тағы болмайды. Бірақ, соны дайындау үшін ауыл халқы аудан орталығына сабылып жүргені. Бұл жерде арнайы органдардан алатын құжаттарды қозғамай-ақ қояйық. Дегенмен, қарапайым ғана халыққа қызмет көрсету орталығынан алатын мекен-жай анықтамасы үшін де Жалағаш пен ауылдың ортасын жол қылатындар баршылық. Біз мұны жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне ауыл тұрғындарының өздері айтып отыр.
Анықтама үшін аудан ор­та­лығына келетіндер тегін кө­лікпен қатынамайтыны бел­гілі. Ауылдың тұрмысын білетін жан ондағы тіршілікті де назар­да ұстайды. Өйткені, малын жай­ғап, өріске айдап келемін дегенше сағат кемінде 8.30-9.00-дың шамасы болады. Одан орталыққа келу үшін таза киім дайындап тағы жүресіз. Болдым, көлікке отыр­дым дегеннің өзін­де аудан орталығына оннан өте не он бірдің шамасында­ жетесіз. Келіп-кетуіңізге ке­мінде 400-500 теңге кетеді. Қайтар көлік бірден шыға қойса жақсы. Күтіп қалатын кездер де аз емес. Сөйтіп жүргенде түс болады. Сондай шақтарда асханаға кіріп түстеніп алу үшін тағы ақша жұмсауға тура келеді. Қарапайым ғана есеппен осының барлығына 1000 теңгеден астам қаржы кетеді екен. Ал, ауылдағы ағайын осы ақшаға бала-шағасына керекті затын алып берсе дейміз. Сол себепті, ең болмаса мекен-жай анықтамасын ауылдан алатын жағдай жасалуы керек.

Мақаланы жазу барысында аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ақмарал Өсероваға жолыққан болатынбыз. Ол да анықтама алу мақсатында кент тұрғындарымен бірге ауыл жұртының да келетінін жеткізді. Сондай-ақ, барлық ауылдағы әкімдік пен мектепке “Egov” электронды үкімет порталының қолжетімді екенін айтты.
– Қазір аудандағы барлық тұр­ғынға электронды кілт бе­ріл­ген. Сол арқылы “Egov”-қа кіріп қажетті құжатын алуға мүм­кіндігі бар. Ол барлық әкімдік пен мектепке орнатылған, – деді Ақмарал Жайшылыққызы.
Мына мақаланы оқыған оқырман “қазір дамыған заман емес пе, сол құжатты үйінде отырып-ақ алса болады ғой” деуі ықтимал. Солайына солай. Санды технологияға толық жол ашылған дәуірде біздің көтеріп отырған мәселеміз қисынсыз болуы да мүмкін. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты оның да екінші жағы бар. Барлық халықтың бірдей үйіне интернетті кіргізуге, тіпті, компьютер алуға жағдайы келе бермейді. Мәселенің мәнісі осында жатыр. Сол үшін газет бетінде ауыл әкімдеріне халыққа электронды үкімет арқылы қажетті құжатты алуға жағдай жасалса, әкімдіктегі мамандар көмегін берсе, сол мақсатқа арнайы уақытын бөлсе деген ұсыныс айтқымыз келіп отыр.
Бұл ойымыз жүзеге асқан жағдайда ауыл тұрғындары әкім­­діктегі қызметкерлерге рақ­ме­тін айтып, алғысын жау­дырар еді. Елдің алғысын ал­ғанның бо­лашағы жарқын екенін бәріміз білетін шығармыз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

26 ақпан 2019 ж. 503 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930