ҚКХ партиясы атынан президент сайлауына кімнің түсетіні белгілі болды
Бүгін, 26 сәуір, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Park Inn» қонақ үйінде Қазақстан Коммунистік Халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Аталған съезд барысында 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына ҚКХП атынан кімнің үміткер екені анықталады.
Орталық комитеттің хатшысы Айқын Қоңыров аталған сайлауға ҚКХП атынан үміткер ұсыну аса маңызды екенін атап өтті.
«Құрметті достар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлаудың өтетінін мәлімдеді. Бұл қадамды бәрі күтті. Қазір бәрін билік транзиті алаңдатып отыр. Біз – экономикалық ойыншылардың біріміз. Ең бастысы – билік транзитінің ауысуы бейбіт өтіп жатыр», - деді Айқын Қоңыров.
Съезге келушілер мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековке толықтай сенім артатынын айтты. Сондай-ақ, ол осы күнге дейін бір рет сайлауға қатысқан-ды. 2011 жылы 3 сәуірде өткен ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында 1,36% дауыс жинады.
Жамбыл Әужанұлы - 1961 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Жантеке ауылында туған. Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітірген.
Еңбек жолын 1983 жылы Қорғалжын кеңшарында механик ретінде бастаған.
1983-1992 жылдар аралығында – Қазақстан ЛКЖО Қорғалжын аудандық комитетінде қызметте.
1992-2005 жылдар аралығында – Қорғалжын ауданы әкімі аппаратында әртүрлі қызметте.
2005-2011 жылдар аралығында – Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитетінің аппарат басшысы, хатшысы.
2012 жылғы 20 қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.
Отбасылы, төрт баласы бар.
Stan.kz