» » Бағдаршам болған қыздарға

Бағдаршам болған қыздарға

Мына өмірде айналасына жақсылық жасауға ұмтылатын, әр ісін мейірімділікпен бастайтын жандар бар. Бүгін Жалағаштағы нәзікжандылардың көшбасшысы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Әсия Мәдиева жайлы сөз қозғамақпын. Күні ертең 70 жасқа толатын Әсия Сауранбайқызы – Жалағаш қыздарының бағдаршамы ғана емес, сондай-ақ ауданның құрметті азаматы.
Бір күні аудан орталығындағы шағын клубта жастарды, әсіресе, қыздарды жиналысқа шақырып жатыр деген хабар келді. Сонда осы Әсия апайдың «Қыздар, механизатор болайық» деген ұсынысы бірден қолдау тауып, іле іске қызу кірісіп, дайындықты бастап кеттік. Күндіз жұмыс, түстен кейін Жалағаштағы қазіргі агроколледж, сол кездегі СПТУ-да 25 қыз 6 ай оқып, емтихан тапсырып, қолымызға күректей куәлік алып шықтық. Сол кезде Қауыш Қазыбеков деген атақты тілші ағамыз жергілікті басылым бетіне «Қыздардың қаймағы» деп көлемді мақала жазғаны әлі есімде.
1974 жылдың күзінде қасымда мектепте бірге жұмыс істеген, Алматыдағы ЖенПИ-дің математика факультетін бітірген Нағима Жанасбаева деген құрбым екеуміз Ақарық аулында комбайнёр болып 1 ай жұмыс жасағанымыз күні кеше сияқты еді.
Осы әңгіменің өзегі, менің бүгінгі кейіпкерім – Әсия Мәдиева көпке үлгі, сөзі биязы, мінезі жұмсақ, білімді, қай қырынан алсаң да нағыз қазақ қызы деген атқа лайық жан.
Әсия Сауранбайқызы Жалағаш кентінде 1949 жылғы 1 мамыр күні дүние есігін ашқан. 1966 жылы №123 мектепті алтын медальмен, Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педа­гогикалық институтты 1970 жылы қызыл дипломмен бітіріп, сол жылы №123 мектепте мұғалім болды. 1971-86 жылдары аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы хатшы, аудандық пионерлер үйінде директор, мектепке дейінгі мекемелердің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1986-89 жылдары аудандық кеңес атқару комитетінде жауапты хатшы, ал 1989-2008 жылдары аудан әкімшілігінде, аудан әкімі аппа­ратында бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Әсия апайдың көп жылғы партия, кеңес, комсомол жұмыстарындағы еңбектері бағаланып, ВЛКСМ орталық комитетінің «Құрмет» грамотасымен, ҚР Президентінің алғыс хатымен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды.
2008 жылдан бастап зейнеткерлікке шықса да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, аудандық сайлау комиссиясының хатшысы, 2016 жылдан бастап «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі қызметтерін аса жауапкершілікпен атқарып келеді. Осы ретте ол кісінің жұмысының бір парасын айтқым келіп отыр. 2016 жылдың мамырында Әсия апайдың басқаруымен ауданда алғаш рет «Жыр болып шашылғандар» атты жыр кеші ұйымдастырылды. Киелі сахнада біреу біліп, біреу білмей жүрген, басы алтын, кеудесі күміс сырлы, тұла бойы өнерге толы, өлең деген мұхитқа тамшыдай үлес қосып жүрген Жалағаштың ақын қыздарын төрге шығарып, халыққа таныстырды. Алды сексенге жақындаған Айша апай, жетпістің желкеніндегі Қалжан апай, алпыстың төріндегі Роза мен Бақыт, елуді еңсерген Айкүміс ақын жырдан шашу шашып, өнегелі кештің ажарын аша түсті.
Әсия апай Өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен бірінші республикалық әйелдер слётінің делегаты болып, Қазақстандағы іскер, белсенді қыз-келіншектермен бірге болып қайтты. Бұл да болса ол кісінің аудандағы қыз-келіншектердің көшбасшысы екенін айғақтап тұр.

Роза Ерәлі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
30 сәуір 2019 ж. 730 0