Рамазан айында арықтау, денсаулығын жақсарту үшін ораза ұстауға бола ма?
6 мамырда қасиетті Рамаза айы басталады. Осы күннен бастап мұсылмандар 30 күн ауыз бекітеді. Олардың дені құлшылықты Алланың разылығы үшін атқарғанымен, арықтау, денсаулығын жақсарту үшін ораза ұстайтындар да бар. Осы орайда Бас мүфти Серікбай қажы Ораз оразаны арықтау үшін ұстауға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігінің тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елордада өткен баспасөз конференциясында Бас мүфти ораза ұстаудың шарттарын түсіндірді. Ол ауыз бекітудегі басты мақсат Алланың разылығы болуы керектігін айтады.
«Денсаулыққа пайдасын ойлап, «бір ай ауыз бекітсем организмім тазарып, жақсы болады» деген оймен ауыз бекітуге болмайды. Ондай адамдар сауаптан құр қалады. Ауыз бекіту адам организміне белгілі бір деңгейде пайдасын тигізетін болар. Алайда арықтау, денсаулығын жақсарту үшін ораза ұстау – Аллаға құлшылық жасау емес. Адам жеке басының мәселесін ойлаған болады», - дейді Серікбай қажы Ораз.
Өз сөзінде ҚМДБ төрағасы қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен мұсылмандар Алланың ризалығы үшін құлшылық етуі керектігін айтты.
«Мұсылман адам Рамазан айында ниеті таза болып, кіршіксіз пейілмен құлшылық етсе, сонда ғана ағзасына оразаның пайдасы болады. Адам рухани тұрғыда байи түседі», - дейді ол.
Айта кетсек, биылғы жылғы Рамазан айы 30 күнге созылады. Ал қасиетті Қадыр түні 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнге сәйкес келеді. 5 маусымда Ораза айт басталады.
Ал пітір садақаның мөлшері 300 теңге болып бекітілді.
Stan.kz