» » “ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ” – МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

“ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ” – МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Үш жылды қатарынан жаппай кәсіпкерлікті қолдауға арнаған Сыр өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше ден қойылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13 процентке артты. Тіпті, өткен жылғы рейтинг нәтижесімен облысымыз “Шағын бизнесті жүргізуге қолайлы үздік аймақ” деп танылып, арнайы “Алтын сапа” сыйлығы берілген болатын.
Биыл да аймағымызды ары қарай дамыту үшін өркенді істердің өрелі жолы жалғасуда. Бұған бір ғана “қарапайым заттар экономикасына” ерекше мән беріліп, жұмыс жасап жатқандығын атап өтуге болады. Осы мәселеге байланысты жуырда аймақ басшысының төрағалығымен облыс әкімдігінде арнайы жиын да өтті. Онда «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында Үкімет қаулысы қабылданғаны айтылды. Аталған қаулы негізінде елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол қартасы әзірленген. Сол жиында облыс әкімі “қарапайым заттар экономикасының” басым бағыттары мен негізгі міндеттерін және жеңілдіктерін өңір кәсіпкерлеріне жеткізу қажеттігіне тоқталды.
– «Қарапайым заттар экономикасы» негізінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субъек­тілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту. Жеңілдетілген несие бойынша банктер кәсіп­керлерге 7 жылға 15 процентпен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 проценті «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Ал агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 проценті ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 процентпен өтейді. Ендігі міндет – осы жеңілдіктерді кәсіпкерлерге жеткізу – деді облыс басшысы.
«Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бағдарламасының іске асырылуына жәрдемдесу мақсатында кәсіпкерлер палатасы жанынан жобалық кеңсе құрылған. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтып өтті. Жобалық кеңсе құрамына кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқар­малары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енген.
“Қарапайым заттар экономикасы” не үшін қажет? Алдымен осыған тоқталайық. Бүгінде тұрмысқа қажетті бұйымдардың көпшілігі шетелден әкелінеді. Бұл сол қарапайым бұйымдарды алу үшін де халқымыз қыруар қаржыны шетелге беріп жатыр деген сөз. Өзімізден қаншама шикізат қоры шыққанымен, дайын өнімге айналдыру деңгейі төмен болып отыр. Тіпті, қойдан қырыққан жүннің өзін жіпке айналдырмайтын болдық. Мал терісін де өңдемейміз, мата да шығармаймыз. Баламыздың ойнайтын ойыншығына дейін шетелдікі. Бұл ретте мініп жүрген көлігіміз бен киіп жүрген киіміміз жайлы сөз қозғау артық секілді. Аталған бағдарлама осы мәселелерді шешуде аса қажет. Өйткені, импорттан келетін түрлі киім-кешек, азық-түлік, құрал-жабдық сынды заттарды өзімізде өндіру үшін “қарапайым заттар экономикасы” ерекше қолдау болмақ. Сонымен қатар “қарапайым заттар экономикасын” өңірлерде жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жаңа мамандардың еңбекке тартылуына ықпал жасауға болады.
Тағы бір айта кетерлігі, бағдарлама аясында 365 тауар өндіру түріне, оның ішінде, 118 азық-түлікке және халық тұтынатын 247 тауарға жеңілдетілген несие беріледі. Агроөнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және үй тауарлары өндірісі мен құрылыс материалдары саласы – жеңілдетілген несие алуға қолайлы жобалар болып саналады. Кәсіпкерлерді жергілікті жерде қаржылай қолдауға «Халық Банк», «Сбербанк», «АТФбанк», «ForteBank», «Цеснабанк», «Еurasion Bank» филиалдары қатысып, жеңілдетілген несиеге жетуге қолайлы жағдай жасайды. Несиелер инвестициялық мақсатқа, яғни жаңа өндіріс көзін ашып, дамытуға немесе жұмыс жасап тұрған кәсіпорынды кеңейтуге бағытталады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

21 мамыр 2019 ж. 1 316 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930