» » "ҚАСІРЕТ ҚҰРЫҒЫНЫҢ" ҚҰРБАНЫ

"ҚАСІРЕТ ҚҰРЫҒЫНЫҢ" ҚҰРБАНЫ

Кеңестік биліктің үстемдік құрып, қылышынан қан тамып тұрған тұсында қазақ халқының басына түскен қайғы-қасіреттің салмағы бүтін бір ұлтты жер бетінен жойып жіберуге шақ қалды. Қызыл үкіметті орнату үшін болған «Қазан төңкерісі», жаппай қырып-жою үшін қасақана ұйымдастырылған ашаршылық, сая­си қуғын-сүргін оның бергі жағындағы екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқына үлкен қасірет алып келді. Бұдан бөлек Кеңес дәуірінің әр кезеңдерінде болған ірілі-ұсақты тарихи оқиғалардың жалыны да бізді шарпымай өткен жоқ. Осылардың ішіндегі өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңындағы саяси қуғын-сүргін оқиғасы тарихымыздың аса ауыр кезеңі болды. Бодандықтың болат құрсауын бұзып шығамын деп ұлт ұранын көтеріп, азаттық аңсаған есіл ерлер оққа байланды, арыс­тар атылып кетті, сан мыңдаған ұлт зиялылары жазықсыз жапа шегіп, түрмеге жабылды, ұрпағы қудалау көріп, итжеккенге айдалды, еріксіз жер аударылды. Ең сорақысы, осы «Кеңес қоғамын ұлтшылдардан тазарту» науқаны қазақтың бетіне қалқып шыққан қаймақтарын қынадай қырып салды және бұл сұрқия саясатты өктемдік жүргізіп отырған Кеңес билігі өзіміздің ішімізден шыққан шолақ белсенділердің қолымен жүзеге асырды. Әрине, бұның барлығы тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірген ұлт қайраткерлеріне тойтарыс беру үшін жасалған еді...
Қасақана ұйымдастырылған зұлматтардың зобалаңынан КСРО-ның құрамындағы елдердің ішінде қазақ халқы көп зардап шекті. Бұл саяси астары бар "тазарту" науқандарында біз тек ұлттың қамын жеген қайраткерлеріміз бен зиялыларымызды жоғалтып қана қойған жоқпыз, сонымен бірге ұлттық рухымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан айырылдық, тілімізге, дінімізге, тарихымызға қиянат жасалды, демографиялық тұр­ғыдан зор шығынға ұшырадық.
Ерте туып, тар заманның маңдайына симай кеткен арыс­тарымыздың бірі, жерлесіміз, қоғам қайраткері Хамза Сарбасов еді.
Х.Сарбасов 1895 жылы Қышбөгет болысына қарасты Шымқорған қыстауында шаруа отбасында дүниеге келді. Бұл – қазіргі Жалағаш ауданы, Аламесек ауылдық округіне қарасты аймақ. Жасынан әке қабағын бағып, ананың көңіліне қарап өскен зерек бала 7 жасында яғни, 1904 жылы Аламесектегі орыс-түзем мектебінде 1909 жылға дейін арада бірнеше жыл үзіліспен орта білім алады. Малмен жан бағып отырған ата-ана балаларының білімін ары қарай жалғастырғанын іштей қалағанымен, Хамзаның одан әрі оқуға мүмкіндігі болмайды. Амалы жоқ, төрт-бес жыл әркімнің қол астында жұмыс істеуіне тура келеді. Ол өктем тап өкілдері – байлардың төменгі таптарға үстемдік етіп тұрған кезі еді. Кейбірі болмаса, қайырымсыз байлардың баланың басынан сипайтын шағы емес. Бірақ, жанбағу жолында бала Хамза қандай жұмыстан да аянып қалмай, қиыншылықтарға төтеп берді. Бұл күндердегі қиындықтар Хамзаны ширатпаса, жігерін жасыта алған жоқ. Оның болашаққа деген сенімін, арманын күйрете алмады. Жалшылықта жүрсе де Хамза оңаша қалғанда қиялмен өзінің келешегінің көкжиегін көз алдына елестететін және оның жарқын болатынына шүбәсіз сенді. Ақыры, ол арман іздеп алыс сапарға шығуға бел байлады. Сол алғаусыз арманы он бес жасар Хамзаны Ташкент қаласына әкелді. 1911-1916 жылдары сол үлкен шаһардағы мақта зауытында жұмысшы болып істеді. Міне, келешек қоғам қайраткерінің болаттай болмысы осы қалада қалыптасып, білімі толысты, көргені мен түйгені молая түсті, саяси сауаты артты.
1916-1918 жылдары ақ патшаның маусым жарлығы бойынша Ташкенттің 6-шы полк құрамында соғысқа қарсы жұмысқа алынып, майдандағы тылда 5-ші инженерлік құрылыс бөлімінде жұмыс істеді. Бұл екі жыл да Хамзаның саяси тұрғыдан есеюіне көп әсер етті. Брест бітімінен кейін елге оралған Хамза патша генералдары мен атамандары Дутов пен Колчактың контрреволюциясы басталды да, жиырма екі жастағы Хамза Сарбасов Қызыл армия қатарына қабылданды. Тыл жұмысында 1918 жылдың 18 ақпанына дейін Винелек губерниясындағы Батыс майданының қарамағында болып, қайтадан елге оралады. Сол жылы Ташкенттегі құрылысшылар ұйымы мекемесінен Қызыл армияға алынып, 1920 жылдың 14 сәуірінде майдан тараған соң әскерден босанды. Х.Сарбасовтың одан кейінгі өмірбаяны былайша тарқатылады.
1918-1920 жылдары Орынбор мен Ақтөбедегі ақтардың бүлікшілігін талқандап, Шығыс майданды жоюға қатысты. Каспий жағасында ақтармен, интервенттермен шайқасты. Ферғана майданында болып, ерлік істерімен көзге түсті. Даңқты революционер Фрунзе, Куйбышевтің ең жақын достарының бірі Колузаев үлкен әскери қайраткер еді. Колузаевтың отряды «Первый отдельный Ташкентский полк» деп аталғаны белгілі. Бүкіл Орта Азияға Кеңес өкіметін орнықтыруда бұл полктің атқарған әскери қызметі айрықша болды. Революцияның қас дұшпаны Осиповты қуып, талқандаған осы полк болатын. Хамза қайда жүрсе де «Қызыл партизан» атанып, революция жасауда зор белсенділік танытты. 1920 жылы сәуір айында азамат соғысы майданынан елге келді. Ерлігімен, белсенділігімен, патриоттығымен, талантымен, қабілетімен көзге түскен Хамза Ташкенттегі өлкелік педагогтік алты айлық қырғыздар (қазақтар) курсына жіберілді. Одан кейін сауатты басшылардан тағы да іріктеп, өлкелік маман кадр дайындау жұмысы қолға алынды. Бұл іріктеуде де Хамза Сарбасов қабілетті жас­тар қатарында танылып, тағы да мұсылмандардың өлкелік алты айлық фельдшерлік курсына жіберіледі. Алайда, бұл жерде оқып жүргенде денсаулығы сыр беріп, оқудан қол үзіп қалады. "Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға" бел буған Хамза арада көп уақыт өтпей Ташкенттегі 2 жылдық педагогикалық институтқа түсіп, оны 1923 жылы бітіріп шығады. Хамза Сарбасовтың одан кейінгі өмірі өз елінде, Қызылорда қаласында өтеді. 1927 жылдың қазанына дейін Абай атындағы мектепте оқу білімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Осы қызметті абыроймен атқара жүріп, 1926 жылы коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады. 1928 жылы Қызылордадағы жұмысшылыр факультетінде мұғалім, 1928 жылы Қазақстан Оқу министрлігі кәсіподағының нұсқаушысы, 1929-1930 жылдары Қызылорда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, кадрлардың жетіспеуіне байланысты балалар үйінің директорлығы қызметін қосып атқарады.
Ал, 1930 жылы Алматы қаласындағы педагогикалық техни­кумының мұғалімі, 1930-1931 жылдары Қарақалпақстанда облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. Ташкенттегі Тарих институтының экономика факультетінің курсын бітіріп, 1933 жылдың тамызынан 1934 жылға дейін Алматы музыка мектебінің директоры, 1934 жылдың қыркүйегінен Алматы педагогикалық институтының директоры. Ал, 1936 жылдың басынан оқу жылының аяғына дейін Қызылорда медициналық техникумының директоры қызметін атқарды. 1936-1938 жылдары Қызылордадағы жұмысшылар факультетінің директорлығына, кейіннен Қызылорда облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылды.
Бұл жылдар саяси қуғын-сүргіннің нағыз қайнап тұрған шағы еді. Ұлт қайраткерлеріне жағылған қара күйе мен жабылған жазықсыз жала оны да айналып өтпеді, "халық жауы" деген желеумен 1938 жылдың 31 мамыры күні абақтыға қамалып, артынша Магадан облысындағы әйгілі Колыма лагеріне айдалды...
"Халық жауы" атандыру үшін қаншама жала жабылға­нымен, Хамзаның партизандық билеті, бүлікші Осиповты қуғандардың бірі болғандығы жөніндегі құжаттар, қолбасшы Колузаевтың полкінің солдаттарымен түскен фотосуреті және басқа революциялық қызметін айғақтайтын құжаттар оны арашалап қалды. Сөйтіп Хамза Сарбасов 1942 жылы ақталып шығып, 1942-1946 жылдары Тереңөзек ауданында кеңшар директоры болып қызмет атқарды. 1947 жылғы маусымда туған жері Аламесекте дүние салды. Қазір Хамза Сарбасовтың үлкен қызы Зылиха Сарбасова Қызылорда қаласында, ұлдары Алмас, Түгел Аққұм ауылында тұрады.

Қ.АХЕТОВ.

01 маусым 2019 ж. 519 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930