» » Балалар лейкозы емделеді

Балалар лейкозы емделеді

Ата-анаға бауыр еті баласының енді көктеп ке­ле жатқанында дертке шалдығуын көр­ген­нен артық ауыртпалық жоқ шығар. 
Баласы қа­тер­лі ісікпен ауырып шарқ ұрған ата-ана ба­сын­дағы тауқыметті сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Іштен жеген уайым, әлдеқалай бола­ды деген үміт сәулесі, аурумен күрес, дәрі­гер жүзіне сұраулы көзбен қарау, күн­нен күнге кеміп бара жатқан бала­пан­­­ды көріп, Жаратқаннан шипа сұрап жа­лы­ну дей­сіз бе, жан-жүректі сыздатар бала ауруы­ның қиындығын тек басынан кешкендер аны­ғырақ ұғар. Әлемде жыл сайын 200 мың бала онколо­гия­лық ауруға шалдығып, тең жартысы көз жұ­мады екен. Қаншама қайғы, қаншама қа­сірет! Мысықтабандап, мысқалдап кіретін ауруды алғашқы кезеңінде анықтау қиын, дейді дәрігерлер. Көбіне дерт меңдеңкіреп, оннан бірінде ауру үшінші, ал сегіз пайыздайында төртінші кезеңінде ғана анықталып, емдеу де қиындап, дертті жеңіп шығу мүм­кін­дігі де азая түседі. Бірақ жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастал­ған­дай. «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында өткен «Мен – жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы бойынша қатерлі дертті жеңген балалар туралы түсірілген әлеуметтік ро­лик­тің таныст­ырылымында біраз жайтқа қа­нық болдық. Бастысы – бұл диагноз үкім емес, оны жеңіп шығуға болады деген тұжы­рым­ның орнығуы. – Алдымен осы роликке түсуге ата-аналардың келісімін алу да қиынға түсті, – дейді «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Альмира Әлиева. Бірі басынан өткен қиындығын қайта еске түсіргісі келмесе, бірі бұл өз отбасының қиындығы, оны елдің бәрі неге білуі тиіс дейді, енді бірі тіл-көз тиеді деп қашқақтады. Алайда өзге балалардың да дертті жеңгенін қалаймын деп құлшына келісімін бергендер табылды. Соның арқасында бірнеше ролик түсірілді. Мәселен, 6 жасар Ақерке – Тараз қаласының тұрғыны. Ол 9 ай бойына химия терапия алудың арқасында лейкозды жеңді. Өзі сондай ақылды, ерік-жігері мықты, өнерлі бала екен. Ата-анасы баласын дер кезінде әуелі Тараз дәрігерлеріне көрсетіп, олардың лейкоз болуы мүмкін деген күдігімен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберуі дұрыс шешім болды. Ақеркенің диагнозы дұрыс қойылып, ем басталады. Нәти­жесінде жеткіншек ауруды жеңіп қана қой­май, әлеуметтік маңызы бар роликке түсті. Ақерке ауырған балалардың жазылып шыққанын қалайды. Екінші кейіпкер лей­козды екі рет басынан өткерген жан. Алғашында 3 жасында ауырып жазылып шықса, кейін 9 жасында тағы қайталанып, ақы­рында дертті күндері жайсыз көрген түстей артта қалған 18 жастағы алматылық бозбала Абдолла Алин пауэрлифтинг спорты­нан чемпион атанған. Балалардың қатерлі науқасқа ұшырауы бойынша келтірілген көрсеткіштер ойландырады. Жылына орта есеппен алғанда 600-ге таяу бала ауыр дертке ұшырап, дәрігерлер көмегіне жүгінеді екен. Ал 2017 жылы 558 бала онкологиялық ауруларға шалдықса, оның 230-ы лейкоз, яғни ақ қан ауруы болыпты. Жоғарыда айтқандай, ауру белгілерін бірден тап басу қиын. Қан мен лимфа арқылы өзге органдарды да шырмап, сауығуды қиындататын ауруды неғұрлым те­зірек анықтауда ата-ананың сергектігі өте маңызды. Егер бала тамақ ішпей, жиі-жиі респираторлық ауруларға шалдыға бер­се, әлсірейтін болса, қол-аяғы ауыраты­нына шағымданып, денесінде кейде көгіс дақ көрінсе бірден дәрігерге қарату керек. Сонымен бірге бұл ауруды жеңуде нау­қастың жазылуға деген сенімі мен эмо­циналдық көңіл күйі өте маңызды. Дәрігер, науқас бала, ата-ананың үштік одағы мінсіз жұмыс атқарса ауру жеңіледі. Оны өмірдің өзі дәлелдеді. Еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігі мәселенің байыбына үңіле пациенттердің сенімін ұялатуға қажет қадамдарға қолдау көрсетуді ұйғарып, арнайы жол картасы шеңберінде «Мен – жеңімпазбын!» қайы­рым­дылық жобасына грант бөліп отыр. «Ден­саулыққа қатысты әрбір мәселе тек диагноз қою мен емдеумен шектел­мей­ді. Аурудың алдын алуға, онымен күреске қоғам көзқарасының дұрыс болуы да ма­ңызды. Бұл ретте үкіметтік емес ұйым­дар­­дың белсенділігінің рөлі ерекше. Дертті жеңу­де науқастың психо-эмоциналды жай-күйінің қандай әсері барлығын дәрігерлер жақсы білеміз. Қазақстан Үкіметі лейкозбен ауыратын балаларды бұрынғыдай шетел асырмай, елімізде сүйек кемігін транс­плантациялаудың мүмкіндігін жасады. Бұл өте ауқымды жұмыс болғанымен, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Енді алдағы бір-екі жылдың аясында қажеттілікті толық өтейтіндей дәрігерлердің де, барлық медицина қызметкерлерінің де даярлығы болатынына нық сенім бар. Осы Ұлттық ғылыми орталықта алғашында Алматыдағы орталыққа түскен салмақты жеңілдету үшін бір бөлімше ашылса, қазір оның саны үшеуге жетті. Көптеген жас та, дарынды дәрігер қатары қалыптасып үлгірді», дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Министр айтса айтқандай, дәл сол күні орта­лықта сүйек кемігін трансплан­та­ция­лау­дың 55-ші операциясы жүзеге асырылды. 55-ші ата-ана шетелге бармай, өз елінде мем­лекет көмегімен қымбат операцияны те­гін жасатты. Баласының ертеңіне деген үміті пайда болды. Дертті жеңуде үмітпен қатар дәрігерлердің се­бепкер болуымен ғажайыптар да болып жатады. Остеосаркоманың соңғы дәрежесіне келіп, метастаза өкпесіне жетіп, елдің бәрінің үміті үзілердей шаққа таянғанында науқас баланың әкесі күні-түні намазға жығылып, сәтін салғанда айығып кеткендер де бар. Қазір ол Тараз университетінде оқып жүр. Сон­дықтан баланың өмірден күдерін үзбей, дерт­пен күресуінде маңайындағы барлық жақын­дарының атқарар рөлі мықты. Жеңімпаз балалар түскен роликтерді кө­руге көпшілікпен бірге осы орталықта емделіп жатқан балалар да келіпті. Бастарына тарт­қан орамалдары, қуаң жүздері, аялы көз­деріндегі үмітті оты көңілді толқытады екен. Қоғамның ізгіленуі әрбір адам жасаған кішкентай бір қадамнан басталады. Альмира бастаған ұйым жоғарыдағыдай ролик түсіріп, ауру балаларға үміт отын жағуға көмектессе, «Асыл бала» қоғамдық ұйымынан Гүлнәр Құнарбаева еріктілерді жинап, балалардың онкобөлімшесіне тегін жөндеу жұмысын жүр­гізіпті. Қабырғаларына балаларға лайық­талған түрлі суреттер салынған бөлімше дәлізі кірсе шыққысыз, көңілге ерекше күй сыйлады. Үш апта бойына тегін жұмыс атқару үшін балаларды сүйетін жүрек керек, дейді Гүлнәр. Ұлттық орталықтан ауыр дертті ауыз­дық­тай білген қайсар балалардың ерлігін, дәрігерлердің жанкешті еңбегін көрдік. Алғаш диагнозды естігенде есеңгірегендей күй­де болдық. Бірақ бізге дәрігерлермен қа­тар орталықтағы психологтар көмек көр­сет­ті. Жеңіске жету үшін мықты болуымыз керектігін түсіндірді. Егер сіздер мүжілсеңіз балаңыз дертпен күресе алмайды деген соң тас-түйін болуға тура келді. Қазір ем жақсы жүруде, баламыз жөндеуден өткен сынып бөлмесінде сабаққа да қатысып жүр, дейді есімін айтпауды өтінген ата-ана. Бір ойлап қарағанда балалардың түрлі онко­ауруларға ұшырауы жиілегендей көрінеді. Осы сауалды маманға қойғанда: Қазір диагноз қойылып, ауруды анықтау деңгейі жоғарылады десек дұрыс болады. Бұрын дертті баланың диагнозы анық­тал­май, қатерлі ісіктен көз жұмғанын ата-анасы, тіпті дәрігер де білмей қалатын еді. Қазір диагностика әлдеқайда жақсарды. Осыдан 20 жыл бұрын лейкоз үкім сияқты естілетін, ал қазір неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым тез жазылатын ауру деді. Балалардың дертпен күрестегі жобасына Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Ана мен бала ғылыми орталығы, «UMC» корпоративтік қоры, «KazDesign Production» продюссерлік компаниялары, «Еларна» киноканалы, «Questoria» агенттігі қолдау білдірді. Ізгі шаралар жалғасын тауып, балалар дертінен айыға берсін деген тілекпен сыртқа аяңдадық.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
13 ақпан 2018 ж. 1 139 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930