» » БЕКЗАТ БОЛМЫСТЫ АҚЫН

БЕКЗАТ БОЛМЫСТЫ АҚЫН

Алдыңғы толқын ағаларды айтпағанда, біздің буынның (соғыс жылы туғандардың) балалық шағының өзіндік ерекшелігі бар еді. Біздер көркем әдебиетті көп оқитынбыз. Жетіжылдық мектептің (кейін орта мектепке айналды) кітапханасы жұтаң, қазіргі кездегі жеке үйдің кітап қорына да жетпейді. Содан ауыл советтің кітапханасына барамыз, ондағылар баласынып бізді маңайлата бермейді. Не керек, ағаларымызды, көкелерімізді салып жүріп, бұл шектеушіліктен шыққандай боламыз. Олар ірі-ірі кітаптарды өз аттарына жаздырып алып бізге оқытады. Ондай үлкен дүниелерге өреміз жете ме, жетпей ме, онымен шаруамыз шамалы, қолға түскеніне қуанып, бірден бас қоямыз. Сол төртінші, бесінші сыныптың өзінде М.Әуезовтің «Абай», С.Мұқановтың «Ботакөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», М.Шолоховтың «Тынық дон» сияқты томдарын жата-жастана оқып шыққанымыз есімізде. Әрине, бұл біздің ерекше қабілеттігімізден немесе табиғи таланттылығымыздан болмаса керек, ондай тәуекелге бел будыратын рухани мұқтаждық секілді. Балаларға арналған әдеби шығармаларды ауылдық жерден атпен іздеп таба алмайсың. Қазіргідей теледидар, радио түгілі электр жарағының өзі жоқ. Қашанғы ойнай бересің, кешкілік жетілік шамның сығырайған сәулесін сабақтап, әлгіндей әйдік-әйдік кітаптарға үңілесің. Хат танымайтын үлкендер жағы ара-тұра әлдекімдерден сұрап әкелген «Мың бір түн», «Батырлар жыры» секілді қиссаларды оқыттырады. Ал осының бәрі бүгінгі жас ұрпақ үшін ертегідей көрінеріне күмәндануға болмайды.
Сол тұста Асекеңнің (Асқар Тоқмағам­бетовтың) өлеңдері, әсіресе сын-сықақтары, фельетондары газет-журналдарда жиі жарияланатын. Қатты елігіп, жаттап алып, ойын-сауық кештерінде тақпақтап, тақылдап тұрғанымыз. Жиналған жұрт қызықтап, қошеметтеп қол соғып жатса соған мәзбіз. Сондай-сондайлардың әсер-ықпалы да болған шығар, Асекеңнің өлеңдері мен сатиралық шығармаларын іздеп жүріп оқитын болған едік. Әдемі, айшықты ой, құнарлы тіл, теңдесі жоқ теңеулер мен ырғағы, ұйқасы жымдасқан жыр жолдары өзіне тарта беретін. Беріректе Асекеңе сәлем беріп, қолын алатындай жағдайға жеткендей шақта бұл іңкәрлік үдей түскендей еді. Есімі баршаға белгілі ақынды ардақ тұтқандықтан ба, әлде өлеңдеріне бой ұсынып, берілгендік пе, неге екені белгісіз, Асқар атты кісіні көрсем іш тартып, жұғысқым келіп тұратын.
Асқар Тоқмағамбетовпен аттас жас ақын Асқар Кіребаевпен таныс-біліс болғаныма біраз жылдардың бедері болса да, маған күні кешегідей көрінеді. 1967 жылы Сырдария мен Тереңөзек аудандары екіге бөлініп, сол жылдың шілде айынан бастап аудандық «Сырдария» газеті аудан орталығы Тасбөгеттен шыға бастаған болатын. Алғашқы кез аса қиындық келтірді, редакция – аудан орталығында, баспахана – облыс орталығында. Редакторымыз Сақтаған Есмаханов барынша төзімділік танытты. Ол қызметке кіл жастарын алды. Ақын Махмұтбай Әміреев екеумізге екі бөлімнің меңгерушілігін ұсынды. Күні-түні жұмыс істейміз, олай етпесек аптасына үш рет шығатын газетті толтыра алмаймыз. Газет оқырмандарынан хаттар сиректеу түседі, әрі сол күйінде пайдалану жарамсыз, кейбіреуін қайта жазып шығуға тура келеді. Сондай қарбалас күндердің бірінде редакциямызға қою қасты, қыр мұрынды әдеміше жас жігіт келіп, өлеңдерін ұсынды. Алғашқы өлеңінің өзінен-ақ оның қалыптасып қалған, жыр жасаудың қыр-сырын жап-жақсы игерген ақын екені айқын аңғарылды. Солардың ішінен мына бір шумақ ұмытылмай, есте қалыпты:
«Ерекше күйге толсын көгім бүгін,
Ей бұлбұл, көмейіңнен төгілдір үн.
Таңғы ауа тамағындай тазасың ғой,
Ей менің көгершін көз көгілдірім».
Жақсы жыр жолдарын қуана құптадық, төгіліп тұрған лирика екенін айттық. Жас ақын жайлана түсіп, өз жағдайынан хабардар етті. ҚазГУ-ге сырттай оқуға түскенін, мүмкін болса осы газетте қызмет еткісі барын жеткізді. Көп ойланғанымыз жоқ, оны редакторға алып бардық. Өзі де ақын басшымыз: – Тағы да бір ақынмен толығатын болдық қой, – деп жылы қабылдады. Әдетінше сөзін мақалдай, мәтелдей түсіп: – «Жақсы істің басына, жақсылар келер қасына» деген түбі тәуір газетші болып кетерсің, әзірше әдеби қызметкер етіп қабылдаймын, – деген еді. Сол жас ақын Асқар Кіребаев болатын.
Асқардың қадамы құтты болды, көп ұзамай-ақ оның ізін ала қатарымызға жас ақын-жазушылар Айжарық Сәдібеков, Ибрагим Исаев, Өріс Яшкурова, фото­суретші Болат Омарәлиев келіп қосылды. Ой дәурен-ай десеңізші, күліп-ойнап жүріп жұмыс істейміз, шабандау шаршау жоқ, шалт қимылдаймыз. Арасында іс-сапарға шығып ауыл аралап, желденіп, желпініп жазып қайтамыз. Басшылардың басқа былайғымыз бойдақпыз, жұмыста да, басқа уақыттарда да жұбымыз жазыла бермейді. О жақ, бұ жағы оншақты адамнан аспайтын шағын ұжымның ауызбіршілігі мықты, арада алып қашпа сөз, өсек-аяң жүрмейді. Мерекелерді бір үйдің баласындай ақ дастарқан басында атап өту қалыптасқан, ондайда ақ тілектер айтылып, ән шырқалып, күй тартылады, өлең оқылады. Сондай-сондайларда Асқардың басқаларымыздан иығын асыратыны бар. Жазба ақындар болғанымызбен жыр айтуға жоқпыз. Асқардың айдынының асып, атының озатыны да осы тұс. Қарлығыңқырап шығатын қоңыр дауысын қоңыр домбырасының үніне қосқанда, көзі нұрланып, жүзі шырайланып шабытты бір күй кешеді. Әсіресе, Сәрсенбай жыраудың мақамына салып, бәсең үнін неше құбылтып, үзілтіп толғағанда тыңдаушының құмары қанғандай әсер етуші еді. Ол жұрт алдына шығып жырлаған жан емес, алайда осындай оңашалау отырыстардың сәнін келтіретін.
Енді Асқардың қоғамдық қызметі мен шығармашылығы жайлы айтар болсақ, еңбек жолын аудандық «Сырдария» газетінен бастаған ол облыстық «Сыр бойы» газетінде тілші, меншікті тілші, Жалағаш аудандық «Жаңадария», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының директоры қызметтерін атқарды. Соңғы жұмысы «Қазақпараттың» облыстағы аймақтық тілшісі болды. Осылайша әр кезде әр алуан жұмыстың басы-қасында бола жүріп, Асекең жыр жазудан қол үзіп көрген емес. Ол шабыттың ақыны еді. Көңілі толып, жүрегі тулап, кемеліне келгендей болған кезде көктемгі жауындай төгіп өтетін. Жыр жазуда өзіндік мәнерін қалыптастырған оның өлеңдері салғаннан өзіне тартып, жып-жылы, жұп-жұмсақ сәуірдің самалындай жаныңды жайландырады. Туымы, тұрпаты бөлек Асқардың өлеңдерін анадайдан авторын айтпай-ақ танитынбыз. Ақын жырлары бірнеше топтама жинақтарға енді. Ал «Сыршыл көңіл», «Алғашқы бәйге», «Іңкәрдария», «Жаңадария» атты өлең кітаптарын әдеби орта да, оқырмандар да жақсы қабылдады.
Асқар өзін драматургия жанрында да сынап көріп еді, оның алғашқы адымы сәтті болды. Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы тылдағылардың тағдырын арқау еткен «Махаббат пен ғадауат» пьесасы көрермендердің көңілінен шықты. Пьесаны Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрының ұжымы үлкен сахналардың өзінде ұялмай қоятындай дәрежеде алқалы жұрттың алдына алып шықты. Асқардың арманы көп еді: – Ендігі өмірімде поэзия мен драматургияны қос қанатымдай қатар ұстап, қатар қанат қақтырып, толымды туындылар, шіркін ! – деп тәтті қиялға берілетін. Өкініштісі, ол сол арманына жете алмады, жер ортадан ауа бастағанда айдау жолдау шығып, ана дүниеге асығыс аттанды. Абат қала Алматыда, асқар Алатаудың аясында миына қан құйылып, қайран ақын дүниеден өтті.
Сонымен газеттік материалымызды­ қорытындылап, шүкіршілікке келер бол­сақ, Асқардың өзі кеткенмен артында сөзі қалды, жары Күлжахан, балалары Шыңғыс, Серік, Алмас қалды. Енді жаратушы соларға өмір берсін, ақын әкенің жасай алмаған жасын, көре алмаған қызығын берсін деген тілектеміз.
Өмір деген осы, жайраңдап келген жаңа бір жазды Асқар Кіребаев ақынсыз қарсы алғалы отырмыз.

Әскербек Рахымбекұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Редакциядан: Газеттің 85 жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері “Жалағаш жаршысында” еңбек еткен қаламгерлер мен олардың өмір жолдары жайлы мақалалар жарық көріп келеді. Бүгін жазушы-журналист “Сыр медиа” ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Әскербек Рахымбекұлының ақын Асқар Кіребаев туралы осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған мақаласын ұсынып отыр­мыз.

­­
09 маусым 2019 ж. 680 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930