Жаңа министрлер халық пен президент алдында ант берді
Бүгін, 18 маусым күні, премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен президент сайлауынан кейінгі жаңа үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Аталған жиын барысына министр лауазымына алғаш тағайындалғандар көпшілік алдында ант берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Премьер-министр Асқар Мамин үкімет мүшелері сөзін аяқтаған соң, жаңа тағайындалған министрлерді ант беру үшін шақырды. Олар - экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, білім және ғылым министрі Асxат Аймағамбетов.
"Қазақстан Республикасының халқы мен президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін!" - деді министрлер.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Қазақстанда экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылғаны туралы, сондай-ақ, бірқатар министрдің сайланғаны туралы хабарлаған едік.
Stan.kz