Арыс қаласындағы жарылыс: Қылмыстық іс қозғалды
Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Арыс қаласындағы жарылыс дерегі бойынша ҚР ҚК 462-бабының 1-бөлігіне сәйкес (қару, сондай-ақ басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу) қылмыстық іс тіркелді.
Арыс қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауға, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін күзетуге тартылды. Жалпы, жеке құрамның 463 қызметкері мен Ішкі істер министрлігі бөліністерінің 53 техникасы Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсетуде.
Мұның ішінде 193 қызметкер және 23 техника азаматтық қорғау органдарына тиесілі. Сондай-ақ 270 қызметкер мен 30 техника полиция бөліністерінен тартылды.
Арыс қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін ҚР Ұлтық ұланының әскери бөлімінен 500 жауынгер жолданды.
Барлық жағдай ішкі істер органдарының қадағалауында.
«Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат тексерілуде. Оқиға орнынан көшірілгендердің орналасқан жерлерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр», - дейді министрліктегілер.
Ішкі істер министрлігі тұрғындарды үрейге бой алдырмауға шақырады. Сонымен қатар ресми ақпараттарға ғана сүйену қажеттігін ескертеді.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде «Қауырт желі» ашылды, онда кез келген ақпаратты тәулік бойы алуға болады. Қауырт желі нөмірі: 8 (7252) 44-94-72.
Еске сала кетсек, бүгін, 24 маусымда, сағат 9:20-да Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Тұрғындарды көшіру үшін қалаға 40 автобус тартылды. Түркістан облысы, Шымкент қаласы әкімдігі мен ТЖК тиісті шараларды атқарып жатқанын мәлімдеді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланады.
Stan.kz