Қазақстандықтардың несие қарызын өтеу қалай жүреді
Бүгін, 27 маусымда, ҚР үкіметінің баспасөз орталығында ҚР президентінің борыш жүктемесін азайту туралы жарлығын іске асыру бойынша баспасөз конференциясы өтті. ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов аталған жарлық қалай жүзеге асатынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Ол әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар түрлі себеппен қиын жағдайға тап болып, өз атына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отырғанын айтты. Бұл мәселе 500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етіп отыр.
Ол президент тиісті жарлыққа қол қойып, үкіметке және ұлттық банкке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылғанын айтты.
"Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы адамдарға мемлекет екінші деңгейдегі банктер мен шағын ұйымдардан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Одан бөлек олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс", - деді қаржы министрі.
Бұл дегеніміз несие алғандардың 55%-і, яғни 250 мың адам үшін негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді. Қалған несие алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді.
"2019 жылдың бірінші шілдесіндегі мәлімет бойынша банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азамат үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады. Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.
Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарызына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады", - деді ол.
Министр қаржы ұйымдарына табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға қарыз беруге тыйым салынатынын айтты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады", - деді ол.
Қаржы министрі ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқа секілді қосымша реттеу шараларын қабылдайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпбалалы аналар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған азаматтардың несие қарызын жабу туралы тапсырма бергенін хабарлаған едік.
Stan.kz