» » Биіктік (Очерк)

Биіктік (Очерк)


Биіктік. Очеркімді осылай атауымның басты себебі – кейіпкерімнің замандастарының арасында еңбекке араласқан күннен бастап, зейнеткерлік өмір кешіп келе жатқан бүгінге дейінгі уақыт аралығында қай қырынан алып қарағанда да өзінің олардан өзгеше биіктігін әліге дейін сақтап келеді.
I.

Ол жәйлі маған дейін талай авторлар жазды да, жазыпта келеді. Өлең жолдары да арналды. Солардың бірі ретінде ақын ініміз Балғабай Имашев:
Сұлу Сырдың құндағы бауырында,
Ел жайлаған «Еңбектің» қауымында.
Сіз келгенде өмірге Сәмит аға,
Той болыпты «Ынтымақ» ауылында.
Несібесі өрледі жас баланың,
«Шағаннан» бастау алды бақ, талабың,
Қонекеңнің тәлімін алып өстің,
Ел-жұрттың таба біліп қас-қабағын.
Сабырлы, салиқалы, салмақтысың,
Сыр еліне қадірлі ардақтысың.
Адамдық қасиетің үлгі тұтар,
Жинапсыз бойыңызға бар жақсысын, – деп жырға қосқан еді.
Енді оның өнегелі еңбек жолын айтпастан бұрын, оқырман қауымға оның өмірбаянымен таныстырайын:
Сәмит Далдабаев 1938 жылы Жалағаш ауданы «Аққошқар» ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, 1978 жылы сырттай оқып Жоғарғы партия мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1961 жылы Тереңөзек ауданындағы «Терең­өзек» совхозында бас малдәрігері болып бастаған. Бұл қыз­метте 1964 жылға дейін болған.
1964-1965 жылдары аудандық малдәрігерлік станцияның бастығы, 1965-1970 жылдары Сырдария және Тереңөзек аудандық Советі атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары, 1970-1974 жылдары Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 1974 жылдың мау­­сым айынан бастап 1975 жылдың мамыр айына дейін Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші секретары, 1975 жылдың мамыр айынан 1979 жылдың желтоқсан айына дейін Сырдария аудандық Советі атқару Комитетінің председателі, 1980 жылдан 1983 жылға дейін Жаңақорған аудандық Советі атқару Комитетінің председателі, мұнан кейін 1989 жылға дейін Жаңақорған аудандық партия Комитетінің бірінші секретары болып қызметтер атқарған.
1989-1992 жылдары облыстық партия комитетінің секретары, облыстық Советінің кеңесшісі, облыстық Советі атқару Комитеті председателінің бірінші орынбасары қызметтерінде болған.
1992-1997 жылдары Жалағаш ауданының әкімі, 1997-2003 жылдары облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы болды.
Нәтижелі еңбегі үшін 1973 жылы Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер атанса, 1998 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстан республикасына еңбегі сіңген қызметкер» деген құрметті атағына ие болған.
Сонымен қатар ол 30 жыл үздіксіз Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандық Советтерінің депутаты және аудандық партия комитеттерінің пленум мүшесі болып сайланған.
20 жыл облыстық Советтің депутаты және облыстық партия комитетінің мүшесі болған.
Осы жылдар ішінде «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері мен Совет одағының екі медалімен, Қазақстан республикасының 4 мәрте ескерткіш медальдарымен, бас­қару органдарының бірнеше Құрмет грамоталарымен мара­пат­талған.
II.
Хош, сонымен Сәкең, Сәмит Далдабаев бүкіл саналы өмірін өзінің туып өскен Сыр өңірінің өркендеп өсуіне, эко­но­микасының қарқын алуына, халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайының жақсаруына арнаған, сол үшін заман талабына сай үнемі биіктен көріну бағытында еңбек еткен азамат екенін көреміз.
Көпшілік қауым оны абырой асқарындағы азамат дейді. Ол – халықтың берген бағасы. Мұндай баға алу жайдан-жай бола қоймайтындығы айтпаса да түсінікті. Осы жолда қаншама тер төгілді десеңізші?! Әрине, ол қарапайым тер емес еді.
Ол еңбексүйгіштіктің білімдарлығын үнемі жетілдіріп отырудың, ұйымдастырушылық қабілетін өмір талабына сай арттырудың, өмір академиясын меңгерудің, ізденімпаздықтың, еңбек баспалдақтарынан шалыс баспай, сүрінбей өтудің жолындағы аса жауапкершілікпен еңбек майданындағы еңбектері еді.
Ол басшылық жұмысқа институтты бітірген бойдан араласты. Басқалардай жәй араласқан жоқ, адамдарды тану, елмен танысу, жақсы мен жаманды көру, басшылардан тәлім алу, көрген-білгендерін ойға түйу сияқты мәселелерді жадында сақтай білді. Сөйтіп өмір мектебінен үйренуден, зерделеуден қоғамға үлесін қосудан жалықпады, әр адам өмірге парызы мен қарызын арқалап келетіндігін әсте естен шығармады.
III.
Өткен күнге көз жіберсең талай оқиғалар еріксіз еске түседі екен. Мен өз басым он бір жылдай Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың қарауында қызметтес болғаным өз алдына бір тарих деуіме болады. Ол жәйлі «Қазантаев мектебі» атты естелік кітапты өмірге келтіргеніме оқырман қауым куә. Одан кейін де аудан басқарған біраз азаматтармен қызметтес болдым.
Солардың ішінде Сәкеңді, Сәмит Далдабаевты айрықша атауға тура келеді. Сәкең – «Қазантаев мектебінен» шыққан облысқа, айта берсек республикаға танымал басшылық қызметте, биік белестерден іркілмей өткен кадрлардың бірі.
Қандай дәрежеге көтеріліп, абыройға бөленсе де аспады да, таспады. Менмендік жасамады, өмірден көргені мен білгенін өмірдің өзіне жарата білді. Жақсыларға жақын жүрді. Әсіресе, ел басқарған алдыңғы буын ағалар Исатай Әбдікәримов, Тәкей Есетов, Зейнулла Жарқынбаев, Әбжәми Байшуақов, Ахметжан Жанпейісов, Гафур Мұхамеджанов, Еламан Жүнісбаев, Елеу Көшербаев сынды тұлғалардың жүріп өткен еңбек жолдарынан тәлім алады. Сол ел басқарған ел ағалары жәйлі олардың қалың көпшілікпен, жалпы халықпен өзара сыйласу мәдениеті, шуақты әзіл-қалжындары, байсалды әңгімелері, қызмет бабындағы әдептері, елге сіңірген адал еңбектері, қайраткерлік қызметтері әліге дейін ел арасында, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге ретінде айтылып келеді, – деп еске алады Сәкең. Сондай-ақ, өзінің де жүріп өткен еңбек жолының артында із қалдыруды есінен шығармады. Бұл да болса көрегенділіктің белгісі еді.
«Жауаптымын кешеге де, бүгінге,
Өткен өтті, кеткен кетті» демеймін.
Жауаптымын өзім сүрген өмірге,
Айтқан сөзін сыбағасыз өгейдің – деп ақын Әбділда айт­қан­дай.
Сәкеңде қай кезде де, қандай қызметте жүрсе де, алдына өзім сүрген өмірге жауаптымын деген мақсатты берік ұстаған азамат, қандай қызметте болғанда да аяғын шалыс баспаған, соның арқасында өз биігінен аласармаған азамат. Қай ауданда жұмыс жасаса да абырой биігінде болды. Елді сыйлады, ел оны сыйлады.
Соның бір жарқын көрінісі Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» болды. Иә, Құрметті азаматты бекерге берілмейтіні баршаға аян. Ендеше оның қысқаша тарихына шолу жасап көрейік.
Сәкең 1980-1989 жылдары әуелі Жаңақорған аудандық Советі атқару комитетінің председателі, сосын үзбестен алты жылдан астам аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып қызмет атқарды. Ауданды ол басқарған бұл кезең аудан шаруашылықтарының, әсіресе егін шаруашылығының шалқыған, еңбектің тайқазаны қайнаған, аудан халқының ең­бек туының биікке көтерілген жылдары болды.
Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі мерзім ішінде аудан күріш дақылынан өнім алуды, оны мемлекетке тапсыру жөніндегі халық шаруашылық жоспарларын орындауда қолда бар мүм­кіндіктерден әлдеқайда төмен жағдайда болып келген еді.
Қалай дегенде де «Сабақты ине сәтімен» демекші ауданды Сәкең басқарған жылдар шаруашылықтың қай саласы болмасын ілгерілеу үстінде болды. Әсіресе, күріш егісі саласындағы жетістіктер мемлекеттік жоспарлар мен социалистік міндеттемелердің жыл сайын артығымен орындалуына қол жеткізді. Ауданның экономикасы мен мәдениеті арта түсті. Өнеркәсіп пен өндіріс, құрылыс салаларында да бірталай оң өзгеріс орын алды.
Сол үшін де Жаңақорған ауданының үлкенді-кішілі азаматтары Сәмит Далдабаевтың есімін ерекше ілтипатпен атайды.
Оған 2004 жылдың шілде айында Жаңақорған ауданына барғанда куә болдық. Мұндай әңгімені бұрын да есіткеніміз бар. Ауданның бір топ ақсақалы бар, қара сақалы бар өзіміздің жерлес, әрі көңіл жақын сыйлас ініміз Нұрлыбек Жолдасбаевтың осы ауданға әкім болып барғанын құттықтау және жаңа қызметіне тілектестік білдіру сапары мен барған бетіміз болатын. Ініміз біздерді үлкен құрметпен қарсы алып, ел ақсақалдарымен таныстырып, сыйлы дастарқан жайды. Ел қариялары айтқан әңгімелері мен тілектерін білдірген кез­де Сәмит Далдабаевты үнемі еске алып, оның атқарған қызметіне жаңақорғандықтардың дән риза екендіктерін ашық айтып, жаңа әкімге соның жолын беру жайлы тілек білдіріп отырды.
Енді әңгімеміздің анықтығын дәлелдейтін сол кездесудегі ақсақал ағаларымыздың Сәкең жәйлі айтқандарынан қысқаша ой үзінділерін келтірейік:
– Лауазымды қызметті өз дәрежесінде көтере білген қазақтың абзал ұлдарының бірі, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Махметжан Сапарбаев.
– Бойындағы бар қажыр-қайратын елі үшін сарп ете жұмсаған нар тұлға, – деді КСРО және Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбласам Әшірбеков.
– Өмір баспалдағының бәрінен өткен, іскерлік тәжіри­бе­сі­ мол азамат, – деді ауданның құрметті азаматы Шазында Қарақожаев.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген, өйткені тізгін тартып атқа мінгелі ол Сыр елінің көз алдында келеді, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып кетеді. Әсіресе, оның басшыға тән парасаттылығына дән риза боласың.
Адам баласы өмір сапарында алуан түрлі жандармен жолығады, сырласады, сыйласады, тіптен кейде жауласады да. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өмірге сүйініп те, күйініп те үлгереді.
Мұхтар Әуезов: «Мен адамдарды екі түрлі болады деп ойлаймын. Олардың бірі айналасына нұр сәуле шашып, ал екінші біреулері түн-түнек орнатып жүреді», – дейді екен.
Ал, жаңақорғандық ағайындар Сәмит Далдабаевты жаны жайсаң, өз заманының көрнекті өкілі, айналасына нұрын шашып жүретін асыл азамат, үлкен тұлға деп бағалайды. Бізде бұған қосыламыз.
IV.
Еліміз егемендік алғаннан кейін өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, ата-баба салт-дәстүрімізді өмірге қайта келтіру, өшірілген тарих беттерін қайтадан жаңғырту мәселелері қолға алына бастады. Бұл тұста да Сәкеңнің еткен еңбегі, жасаған қызметі айтып жүретіндей дәрежеде болды. Соның бір мысалы, мәселен 1992 жылы Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің Хас батыры Бұқарбай батырдың туғанына 180 жыл толды. Тойға дайындық қызу жүргізілді. Тойдың дайындық жұмысына бүкіл аудан болып жұмылды. Жалағаш поселкесінің басты көшелері асфальттанып, орталық алаң күрделі жөндеуден өтті. Той 1993 жылдың тамыз айында үш күнге созылды. Тойға облыс аудандарымен қатар, сонау Астана, Алматыдан да белгілі қонақтар шақырылған-ды. Солардың ішінде, халық ақыны Әбділда Тәжібаев пен академик Мұхамеджан Қаратаев және қазақтың белгілі өнер зерттеушісі Мардан Байділдаевтан жастар жағынан да атақ-даңқы жағынан да үлкендері жоқ еді.
Аудан әкімі Сәмит Далдабаев мырза:
– Шәке, үш ағаңа өзіңіз қамқорлық жасайтын болыңыз, – деп тап­сырды.
Сонымен сол жылдың 20-21 тамыз күндері ардақты ағаларымыз біздің үйдің құрметті қонағы болды. Бұл екі күн ішінде ағаларымызға сәлем беруге келген ауыл азаматтарынан үйіміз бір сәт босаған емес.
Осындай бір сәттерде Әбекең Әбділда ағамыз:
– Ел деген осындай болады. Ата-бабадан қалған дәстүрдің пұшпағы ғой бұл, – деп Мұқаңа қарады, Мұхамеджан Қаратаев ағамызға, әңгімеге Мардан Байділдаев ағамыз араласты.
– Бұл сәлем беруге келген жігіттердің барлығы да Қонекеңнің кадірлері ғой Әбеке, – деді ол.
– Одан да Қазантаев мектебінің түлектері десеңізші, – деп Әбекең әңгімесін одан әрі жалғастыра түсті.
– Мұқа, – деді ол, осы ауданды Қонысбек деген ініміз он жыл басқарды, оған дейін мынау іргелес жатқан Тереңөзек ауданын он екі жыл басқарды. Қай ауданға барса да жарыстың алдын бермеді. Қазақстанның барлық облыстарында болып, талай аудандық партия комитеттерінің хатшыларымен кездескенім бар. Бірақ, Қонысбектей публицист хатшыны көрген емеспін, – деді.
Үнсіз отырған Мұқаң:
– Публицист дедің ғой, – деп ар жағын жетілдірмейсің бе, дегендей сыңай аңғартты.
Әбекең одан әрі:
– Ия, Мұқа, солай, ол өзі жазудың жолына түспеген, барлық күш-жігерін ел басқаруға жұмсаған. Ал, оның сөйлеген сөздерінен публистиканың иісі шығып тұратын. Қазір зей­нет­керлік демалыста. Қызылорда қаласында тұрады. Жол түссе ініме соғып денсаулық-жағдайын білсем бе деген ойым бар, - деп Қонекеңнің науқастанып жүргеніне дейін айтып, ол жөнінде бірталай жылы лебізін білдірді.
Сонымен бірге Әбділда ағамыз арасында бізге қызмет жасап жүрген аудан әкімі Сәмит Далдабаев пен облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов та Қонысбектің шәкірттері, «Қазантаев мектебінің» түлектері деп те қойды. Бұл менің өткен өмірімнің қымбат шақтарынан есте сақталған қимас сәттерінен қалған бір көрініс болатын.
Мінезге бай, сабырлы да, байсалды, танымы терең, көрегенділігі басым Сәкең қандай да болмасын күрделі мәселені шешуде қалың жұртпен ақылдасуды үнемі естен шығармайтын. Көппен бірге болсаң қателікке жол берілмейді дейтін.
1992 жылдың қыркүйек айында Жалағаш ауданы Алматы қаласында өткен Қарқара-92 жәрмеңкесіне қатысты. Бұл жәрмеңкеге ауданнан 30 тіркемелі автокөлікпен ауыл шаруашылық өнімдерінің түрлерін апарған-ды. Жәрмеңкеге аудан әкімі Сәмит Далдабаевтың өзі басқарып барған.
Ол кез кеңестік жүйенің сетінеп, нарықтық жүйеге көше бастаған қиын мезгілі еді. Соған қарамастан аудан басшысы орайын келтіріп, аудан өміріндегі түйінді мәселелерді рет-ретімен шешіп, аудан халқының ауызбірлігін танытып, бұл көрмеден аудан мерейін көтеріп қайтқан болатын.
Ауданды ол басқарған 1992-1997 жылдар нарықтық экономиканың өмірге енген, совхоздар тарап, шаруашылықтың өмірге жаңа түрлері келген, бірақ, әлі қалыптасып болмаған мезгілі тұғын. Сол сияқты көлік, өнеркәсіп орындары да таратылып, қайта құрыла бастаған, қоғамдық мал-мүлік жекешелендірілуге айналған кез еді. Оны адамдардың біреу­лері түсінсе, енді біреулері бұрынғы ойдан, түсініктен әлі арылып болмаған кездері еді. Осылардан-ақ ауданда жекешелендіру жұмысының барлық салалары бойынша жүзеге асырылуы оңайға соқпағандығы айтпаса да түсінікті.
Алайда уақыт, қоғам кідіруді қаламады, қалай болғанда да нарықтың негізгі заңы өмірге ену керек болды. Бір сөзбен айтқанда бұл бағыттағы кездескен барлық қиыншылықтарды іс жүзінде талдай, сараптай отырып, оны дұрыс жолға салуда, жекешелендіру жұмысын заң талаптарына сай іске асыруда аудан әкімі Сәмит Далдабаев барлық құзырлы орындардың жауапты кадрларымен ақылдаса, бірлесе отырып шешіп, ауданды қиын кезеңнен, жаңа нарықтық кезеңге көшіріп алып шыққанына ел, халық куә. Бұл өзі кімнің де болса естерінде ұзақ уақыт сақталатын жылдар болды.
Әліге дейін елдің есінде сақталған тағы бір жағдай Сырдария өзені тасыған сайын, М.Шәменов ауылын су алып кету қаупі төнетін. Дарияның оң жақ иініне су соға-соға ауылға жақындай түскен-ді. Бұл қиындықтан құтылудың жолын іздеген аудан басшысы мамандармен ақылдаса отырып, дарияның жоғарыда айтылған қауіпті тұсы аудан мекемелерінің техникаларының күшімен бөгеліп, дария тура ағатын арнайы арна қазылып, өзен арнасы М.Шәменов ауылынан екі шақырымдай жерге қа­шықтаған еді.
Сол уақыттың қиын-қыстау кезеңінде батыл шешім жасап, ерлікке татитын үлгі көрсетіп, дария иінін жаңа арнаға түсірген аудан басшысының бұл жұмысына риза болған ауыл адамдары жаңа арнаға «Сәмит арнасы» деген атақ берді. Бүгінде Сырдария өзені сол арнамен ағып жатыр, ауыл тұсы қауіпсіз. Мұндай жұмыстар аудан тарихында мәңгіге жазылып қалары анық. Ақындар тілімен айтқанда:
Еңбек қана еліңе сүйікті етер,
Еңбек етсең, кетпейсің күйіп бекер.
Еңбек қана есеңді түгендейді,
Еңбек қана еңсеңді биіктетер, – деген міне осы.
Сайып келгенде, осының бәрі ұйымдастырушылық қабілеті мол, алдын-ала болжай білетін, тереңнен тыныс алатын іскер басшы болғандығын көрсетеді.
Жалпы қарапайым халықпен араласуға, олардың мұң-мұқтажын біліп отыруға, мүмкіндігінше оларға қатысты мә­селелердің шешімін тапқанша назарда ұстауға Сәкең, аудан басшысы ретінде аса ыждағаттылықпен қарайтын.
Бойындағы барын еліне жұмсаған Сәкең аудан көлеміндегі жеке шаңырақтардың басында болып жатқан қуаныштары мен реніштерін де біліп отыратын. Оларды да қалт жібермей жұмыс арасында уақыт тауып барып, қуаныштары мен реніштеріне ортақтасып көңіл білдіретін. Мұндай қарапайым адамдармен араласу басшының халық арасындағы беделін көтермесе, төмендетпейтіні белгілі.
Әр адам басынан сан тарау өмір жолын өткізеді. Қай жолға түссе де Сәкең жолы болған азамат. Жалпы еңбек жолы, өмір жолы өзінің қиындығымен қызығымен мәнді емес пе?!
Қандай қызметте болса да уақытында лайықты бағасын алған Сәкең, зейнеткерлік өмірді де мәнді өткізіп келеді. Енді бір аттаса, сексеннің жалынан ұстағалы тұр. Лайым солай бола берсінші.

Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.


07 тамыз 2018 ж. 4 750 546

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 723

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031